Сирия келіссөзі: алғашқы жиын айыптаусыз өтпеді

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
9941

Келіссөзде Дамаск пен қарулы оппозиция өкілдері екі бөлмеде отырды.

Сирия келіссөзі: алғашқы жиын айыптаусыз өтпеді

Rixos мейманханасының кеңсесінде өтіп жатқан жиында ресми Дамаск пен Сирияның қарулы оппозициясы бірін-бірі айыптаумен болды.

Сирия үкіметі мен оппозициясы арасындағы келіссөз алдын-ала болжанғандай сағат 13.00-де емес, 45 минутқа кешігіп, Астана уақытымен 13:45-те басталды. Сирия мәселесін реттеуге арналған кездесуді Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ашып, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан алғысөз оқыды. Мемлекет басшысы республикамыз "сириялық босқындардың азабын жеңілтеу үшін" 700 мың доллардан астам қаражат және азық-түлік түрінде 500 тонна гуманитарлық көмек бөлгенін баса айтты.

"Қазақстан Сириядағы жағдайды шешудің жалғыз дұрыс жолы – өзара сенім мен түсіністікке негізделген келіссөз жүргізу деп есептейді", – деп жазылған Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық кездесуге қатысушыларға арналған жолдауында.

Тараптар арасындағы келіссөз Сирия мәселесі бойынша БҰҰ-ның арнайы елшісі Стаффан де Мистура, Ресей және Түркия сияқты бітімгер тараптардың қатысуымен өтті. Дамаск пен қарулы оппозиция өкілдері екі бөлмеде отырды.

Астана процесінің бірінші күнінде тараптар бір-біріне айып тағып үлгерді. Сирия үкіметі делегациясының басшысы – БҰҰ-дағы Сирияның тұрақты өкілі Башар әл-Джафари журналистерге оппозиция тарапы "келіссөзді болдырмауға тырысып жатыр" деп мәлімдеді.

"Ол әрекет жоспары әлі әзірленбегенін айтты, сондай-ақ оппозиция осы жиынды болдырмай тастау үшін әрекет жасап отыр деп айып тақты. Ол Сирия үкіметі олардың үлгісін қайталамайтынын және келіссөздің сәтті аяқталуын қалайтынын мәлімдеді. Ол оппозиция биязылық танытпағанын айтты", – дейді abctv.kz-ке NHK World жапон телерадиохабар корпорациясының шолушысы Мостафа Фатхи.

Одан кейін журналистермен брифингке "Оңтүстік майдан" тобының өкілі Иссам Эльрейс шықты. Ол Сирия оппозициясы Астанадағы келіссөзден атысты тоқтату туралы нақты келісімді күтетінін айтты.

"Осы нақты келісімге қол жеткізбей, одан әрі жылжудың мәні жоқ", – дейді ол.

Біраз уақыттан кейін мәжілістен тысқары журналистермен әңгіме барысында Иссам Эльрейс Сирия президенті Башар Асадты ДАИШ лаңкестік тобының өз елінде болуына мүдделі деп айыптады.

"Башар Асадтың ойы былай: елде Асадтың билігі ғана жүреді немесе террористер билейді, басқа балама жоқ. Асад ресурстың жеткіліксіздігін түсініп отыр, сондықтан ол шетелдің көмегіне арқа сүйеуге мәжбүр. Башар Асад билік басында қалу үшін басқа елдерді оған жақтасып, күресуге шақырды. Сириялықтар Асадтың жағында күресіп жатқан жоқ, ол бұны мойындады. Ол мұны бірнеше рет сөйлеген сөзінде айтты", – дейді Иссам Эльрейс.

Бірінші күнгі келіссөз тоғыз сағатқа созылды. 24 қаңтарда келіссөз жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу