Сирия Премьер-Министрі Мұхаммед Ғази Джалали бүгін таңертең мәлімдеме жасап, үкіметтің оппозицияға "қол созып", оған жаңа өтпелі үкімет құрылғанша қызметін тапсыруға дайын екенін мәлімдеді. Мұны Associated Press агенттігі хабарлап отыр.
Ал, Reuters ақпаратына жүгінсек, армия қолбасшылығы президент Башар Асадтың 24-жылдық авторитарлық билігі аяқталғанын жариялаған.
Бұған қоса Асад жексенбі күні ұшаққа мініп, Дамаскіден белгісіз бағытқа кетті. Бұл мәліметті де армияның екі жоғары лауазымды офицеріне сілтеме жасап Reuters таратты. Ал, көтерілісшілер ел астанасына әскердің қарсылығынсыз кіргендерін айтып отыр.
Куәгерлердің сөзінше, мыңдаған адам көлікпен және жаяу жүріп, Дамаскінің басты алаңына жиналып, қол бұлғап, "Бостандық" деп ұрандатып жатыр.
"Біз Сирия халқымен бірге тұтқындарымызды шынжырдан босатып, Седная түрмесінде әділетсіздік дәуірінің аяқталғанын жариялаймыз", – деді көтерілісшілер.
Осы тұста айта кетсек, Седная – Сирия үкіметі мыңдаған адамды қамаған үлкен әскери абақты. Дегенмен, бүгін таңертең екі тұрғын Дамаскінің орталығында атыстың жаңғырығы естілгенін айтты. Бірақ оның неден болғаны әзірге белгісіз.
Бұның алдында бірнеше сағат бұрын көтерілісшілер бір күндік шайқастан кейін басты қала – Хомсты толық бақылауға алғанын хабарлап, Асадтың 24 жылдық билігін қыл үстіне қойды.
Армия орталықтағы Хомстан әкетілгеннен кейін мыңдаған адам көшелерге шығып, би билеп, "Асад кетті, Хомс азат етілді!", "Жасасын Сирия!" деп ұрандатқан.
Көтерілісшілер бұл мереке кезінде аспанға оқ атқан. Ал, жастар Сирия президентінің портреттерін жаппай құлатып, жойып жатыр.
Хомстың құлауы көтерілісшілерге Сирияның стратегиялық орталығын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Дамаск пен Асадтың алавиттік сектасының тірегі саналатын аймақ арасында байланыс үзіліп отыр. Бұған қоса, Ресейдің теңіз және әуе базасы мен мемлекет астанасы арасында да жол жабылды, яғни, көтерілісшілердің бақылауына өтті.
Көтерілісшілердің негізгі жетекшісі, "Хаят Тахрир әл-Шамның" қолбасшысы Әбу Мұхаммед әл-Голани Хомстың алынуын тарихи сәт деп атап, өз жасақтарын "қол көтеріп, берілгендерге" зиян тигізбеуге шақырды.
Сенбінің кешінде Дамаскінің көптеген аудандарының тұрғындары Асадқа қарсы наразылық акциясына шықты. Ал, қауіпсіздік күштері оларды басуға әрекеттенбеген.
Сирия көтерілісшілерінің тағы бір қолбасшысы Хасан Әбдул Ғани жексенбі күні таңертең мәлімдеме жасап, Дамаск маңындағы елді мекендерді "толығымен азат ету" операциясы жалғасып жатқанын хабарлады.
АСАД РЕЖИМІНЕ ҚАУІП
Хомстың құлауы және астанаға қауіп төнуі Асад әулетінің Сириядағы 54-жылдық билігі мен оның негізгі аймақтық қолдаушысы Иранның ықпалына тікелей экзистенциалды қауіп төндіріп тұр.
Сириядағы оқиғалардың тез өрбуі араб астаналарын таңғалдырып, аймақтық тұрақсыздықты тіпті күшейтеді деген алаңдаушылыққа себеп болып отыр.
Катар, Сауд Арабиясы, Иордания, Мысыр, Ирак, Иран, Түркия және Ресей ортақ мәлімдеме жасап, бұл дағдарысты қауіпті жағдай деп атап, тараптарды саяси шешімге шақырды.
Бірақ Сириядағы ахуал сағат сайын өзгеріп жатыр. Ал, аталған елдердің қандай да бір нақты қадамдар туралы келіскені туралы ешқандай ақпарат жоқ.
2011 жылы Асад билігіне қарсы көтерілістен басталған Сириядағы азаматтық соғысқа сыртқы державалар араласып, жиһадшыл содырларға бүкіл әлем бойынша шабуылдар жоспарлауға қолайлы жағдай туындап, миллиондаған босқын көрші мемлекеттерге қашуға мәжбүр болды.
"Хаят Тахрир аш-Шам" – ең күшті көтерілісшілер тобы. Және де ол АҚШ пен басқалар террористік ұйым деп санайтын Сириядағы "әл-Қаиданың" бұрынғы бөлімшесі болған. Көптеген сириялықтар оның енді қатал исламшыл билік орнату мүмкіндігінен қауіптеніп отыр.
Дегенмен бір апта бұрын көтерілісшілер қолына өткен Алепподан репрессиялар туралы хабар түсен жоқ.
Ливанның Иранға арқа сүйеген "Хезболла" тобы Сирияның Ливанмен шекаралас Құсайр қаласынан көтерілісшілер осы шаһарды басып алғанға дейін шығарылған. Бұны Сирия армиясының дереккөздері жексенбі күні хабарлады.
АСАДТЫ ҚОЛДАУДАҒЫ ОДАҚТАСТАР РӨЛІ
Асад көтерілісшілерді бағындыру үшін ұзақ уақыт бойы одақтастарына сүйенді. Ресейдің әскери ұшақтары бомбалау операцияларын жүргізсе, Иран Сирия әскерін күшейту үшін және көтерілісшілердің бекіністеріне шабуыл жасау мақсатында соғысқа өз одақтастарын, соның ішінде "Хезболла" мен Ирак жасақтарын тартты.
Бірақ Ресей 2022 жылдан бері Украинадағы соғыспен әлек. Ал, "Хезболла" Израильмен соғыста орасан шығынға ұшырап, Иранның Асадты қолдау қабілетін айтарлықтай шектеді.
АҚШ-тың жаңадан сайланған Президенті Дональд Трамп болса, Вашингтонның Сириядағы қақтығыстарға араласпауы және ондағы жағдайдың өз бетінше дамуына мүмкіндік берілуі керек деп мәлімдеген.