Сириялықтарды татуластыру мәселесі немен аяқталды?

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
10863

Сирия үкіметі оппозициямен келісімге келуіне бір апта бар.

Сириялықтарды татуластыру мәселесі немен аяқталды? Фото: Мария Матвиенко

Астана кездесуі Сирия үкіметі мен оппозициясы арасында ортақ құжатқа қол қоюмен аяқталған жоқ. Ресми Дамаск өкілдері қарсыластарынан жаңа ұсыныс алды, оны талқылап бір шешімге келу үшін бір апта уақыт берілді. Түркия, Ресей және Иран атысты тоқтату тәртібін қадағалау жөнінде жоспар құрып, ДАИШ-пен бірлесіп күресеміз деп міндеттенді. АҚШ келіссөзге жауап қатса да, оған қатыспады десек болады.

Түркия, Ресей және Иранның ұстанымы

Түркия, Ресей және Иран сирия мәселесін реттеуге бағытталған Астанада өткен келіссөз қорытындысына қатысты ортақ мәлімдеме жасады. Құжаттың мәтініне сәйкес, елдер атысты тоқтату тәртібін қадағалайтын үшжақты механизм жасайды. Оның мерзімі және өзге егжей-тегжейлі ақпарат соңғы баспасөз мәслихатында ақыры айтылмады. Үш ел "БҰҰ қауіпсіздік кеңесі кепіл болатын Сирия Араб республикасының көп этникалы, көп конфессиялы мемлекет" ретінде егемендігі мен тұтастығын мойындайтынын растады. Олардың ойынша Сириядағы азаматтық соғыс пен саяси дағдарыстың әскери шешімі болуы мүмкін емес және мәселе "тек саяси процесс" арқылы ғана шешілуі мүмкін.

"Атысты тоқтату тәртібінің сақталуына кепілдік беру үшін үшжақты механизм жасау, кез келген арандату әрекетінің көзін құрту және атысты тоқтатудың барлық шартын анықтау шешімі қабылданды. ДАИШ және "Әл-Нусраға" қарсы күресті жалғастыру және оларды қарулы оппозиция топтарынан бөлу ниетімізді қайтадан растаймыз", – деп жазылған ортақ мәлімдемеде.

Астана процесіне кепілдік берген елдер Сирияның қарулы оппозициясының Женевада өтетін бұдан кейінгі келіссөзге келуге келісімін жанама түрде растады. Алайда Асад билігінің қарсыластары 8 ақпанға жоспарланған кездесуге қандай құрамда келетіні әзірге беймәлім.

"Біз қарулы оппозиция тобының 2017 жылдың 8 ақпанында Женевада өтетін келіссөзінің келесі кезеңіне қатысу ниетін қолдаймыз", – деп жазылған құжатта.

Ресми Дамасктың ұстанымы

Сирия Араб Республикасы делегациясының басшысы, БҰҰ-дағы Сирияның тұрақты өкілі Башар әл-Джафари Түркия, Ресей және Иранның атысты тоқтату тәртібін қадағалау міндетін өз мойнына алуын мақұлдап, оң пікір білдірді.

Сонымен бірге Башар әл-Джафари үкіметі Вади Барада даласын бақылауды қалпына келтіру үшін әскери қимылдарды жалғастыруы мүмкін екенін айтты. Еске сала кетейік, 2016 жылдың желтоқсан айының соңында көтерілісшілер ауызсуды дизель жанармайымен ластағаннан кейін билік қаладағы су құбырынан таза су алуды тоқтатты. Дамаскқа су келетін әл-Фиджа қайнар көзі көтерілісшілер бақылайтын Вади Барада даласында, астананың солтүстік-батыс аймағындағы Ливан шекарасына жақын жердегі таулы аймақта орналасқан. Осылайша Башар әл-Джафари Дамасктағы ауыз суға байланысты болған жағдайды сөз етті.

"Суды халыққа қысым көрсету үшін қару ретінде пайдаланып отырған террористік топ "Джабхат ан-Нусра" деп аталады. Ол – террористік топ. Олар келесі кездесуге қатыспақ. Мәселе су көзін босатып, жеті млн адамға су беру туралы болып отыр. Бұл халық сусыз отырғанына, міне, 41 күн болды", – дейді Башар әл-Джафари қорытынды баспасөз мәслихатында.

ВВС журналисі үкіметтік делегация басшысына мәселені нақтылау үшін мынадай сұрақ қойды: "Мәселені бейбіт жолмен шешудің түбіне жететініне қарамастан соғыс әрекеттері жалғаса бере ме?"

"Ланкестер әрекетін тоқтатпайынша, Дамаскқа су бермейінше, әскер өз әрекетін жалғастырады", – деп жауап қатты Башар әл-Джафари.

Сонымен бірге ол ресми Дамаск бұдан әрі де оппозициямен келіссөз жүргізуге дайын екенін растады.

"Біз елімізді, халқымызды құтқару үшін барлық әрекетке барамыз. Біз оны белгілі бір шектеулерге, арнайы ережелерге және белгілі бір кездесулерге сәйкес жасаймыз", – деп нақтылады үкімет өкілі.

Сирия қарулы оппозициясының ұстанымы

Оппозиция БҰҰ арқылы Сирия үкіметіне атысты тоқтату туралы ұсынысын жолдады және жауабын бір аптадан кейін күтеді. Бұл туралы журналистерге келіссөз аяқталғаннан кейін "Оңтүстік майдан" тобының өкілі Иссам Эльрейс мәлімдеді. Сондай-ақ ол Астана алаңында қайта кездесу жоспарда жоқ екенін нақтылады.

Сирия оппозициясы сирияаралық мәселені реттеуге Ресейдің қатысуының арқасында Сирия жерінде атыс қимылдарын тоқтатуға үміттенеді. Мұндай пікірді Астана процесінің қорытындысында оппозиция делегациясының басшысы Мұхаммед Аллюш білдірді, деп хабарлайды "Интерфакс".

"Біз Ресейдің атыс әрекеттерінде тікелей рөл атқаратын тараптан, Иран және Сирияға ықпал ете алатын кепілгер елге ауысуын қолдаймыз. Бұл мәселені шешуге жағымды әсер етеді", – деп баса айтты оппозиция басшысы.

Еске сала кетсек, Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция арасындағы келіссөз Астанада 23 және 24 қаңтарда өтті. Астана процесі барысында оппозиция атысты тоқтату туралы келісімнің қабылдануын талап етті. Екі тарап аясында Ресей, Түркия, Иран, сондай-ақ БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы елшісі Стаффан де Мистура бітістіруші болды.

Дамаск пен қарулы оппозиция өкілдері әртүрлі бөлмеде отырды. Саяси шолушы Мохамед Машаркха оппозиция мен үкімет тікелей келіссөз жүргізбегенін растады.

"Олар тек ашылу салтанатында ғана бір-біріне қарама-қарсы отырды", – дейді ол.

Еске сала кетейік, бұл жолғы келіссөздің басты мақсаты – 2016 жылдың 29 желтоқсанында қол жеткізілген Сирия жерінде атысты тоқтату туралы келісімді бекіту еді. Астанада өткен екі күндік келіссөз көрсеткендей, Түркия, Ресей және Иран өз ниетін бекітті, ал басты қарсылас тараптар – Сирия үкіметі мен оппозициясы – ақыры ортақ шешімге келе алмады.

Бірінші күнгі жиын шиеленіскен еді. Rixos мейманханасының кеңсесінде өтіп жатқан жиында ресми Дамаск пен Сирияның қарулы оппозициясы бірін-бірі айыптаумен болды. Сирия үкіметі делегациясының басшысы – БҰҰ-дағы Сирияның тұрақты өкілі Башар әл-Джафари журналистерге оппозиция тарапы "келіссөзді болдырмауға тырысып жатыр" деп мәлімдеді. Біраз уақыттан кейін мәжілістен тысқары журналистермен әңгіме барысында Иссам Эльрейс Сирия президенті Башар Асадты ДАИШ лаңкестік тобының өз елінде болуына мүдделі деп айыптады. Шиеленіскен жағдайға қарамастан келіссөз екі күнге созылды. 24 қаңтарда Астана уақытымен шамамен сағат 17:00-де келіссөз аяқталды.

Келіссөз мүшелері:

Ресей делегациясының басшысы – РФ президентінің Сириядағы арнайы өкілі Александр Лаврентьев.

Сирия үкіметі делегациясының басшысы – БҰҰ-дағы Сирияның тұрақты өкілі Башар Әл Джафари.

АҚШ – Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол.

Түркия делегациясының басшысы – сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал.

Иран делегациясының басшысы – сыртқы істер министрінің орынбасары Садек Хусейн Джабири Ансари.

Сирияның қарулы оппозициясы – 15 топ.

Сирия оппозициясы делегациясының кеңесшісі – Яхья әл-Ариди.

БҰҰ – Сирия мәселесі бойынша БҰҰ-ның арнайы елшісі Стаффан де Мистура.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу