Сиырды Ресейден әкелсе 150 мың, ал АҚШ-тан жеткізсе 225 мың теңге төлейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7413

Павлодар облысында жыл соңына дейін төрт тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. 

Сиырды Ресейден әкелсе 150 мың, ал АҚШ-тан жеткізсе 225 мың теңге төлейді

Бүгінде Павлодар облысында ірі және орташа деңгейдегі 28 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Онда жалпы саны 10 мыңға жуық ірі қара бар. Жыл соңына дейін тағы 4 ферма іске қосылмақ.

"Аймақ шаруалары етті және сүтті бағыттағы ірі қараның басын көбейту үшін 2017-2019 жылдар аралығында 5 млрд теңгеге жуық субсидияға қол жеткізді. Үстіміздегі жылдың 7 айының көрсеткіші бойынша 1,3 млрд теңге көлемінде қолдау қаржысы үлестірілген. Нәтижесінде биыл асыл тұқымды мал басы 3,3 пайызға көбейді", – дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Айдос Жақыпов.

Басқарма өкілінің айтуынша, өткен жылы 2,2 мың бас ірі қараға арналған 4 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған. Ал биыл сүт өндіретін 5 ферма ашу жоспарланыпты.

"Тереңкөл ауданындағы ірі кәсіпорын жұмысын бастады. Жергілікті "Астық ПВ" ЖШС Чехия елінен 691 бас симментал тұқымды сиырларын алып келіп, тауарлы-сүт фермасын ашты. Сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында жыл соңына дейін жалпы саны 2100 бас ірі қараға арналған тағы 4 тауарлы-сүт фермасын іске қосу жоспарланған. Бұл ретте, "Луганск" өндірістік кооперативі, "Жаңа қала" ЖШС, "Ертіс" шаруа қожалығы, "Галицкое" серіктестігі 400-ден 600 басқа дейінгі ферманың құрылысын аяқтауда", – деді Айдос Жақыпов бізге берген сұхбатында.

"Галицкое" ЖШС-ның басшысы Александр Касицынның хабарлауынша, кәсіпорын алдағы желтоқсан айында іске қосылмақ.

"Тауарлы-сүт фермамыз 1 мың бас ірі қараға арналған. Қазіргі кезде Чехия елінен симментал тұқымды 218 сиыр сатып әкелдік. Жыл соңына дейін тағы 190 бас асыл тұқымды сиыр сатып алмақшымыз. Қалған 592 бас аналық мал өз иелігімізде бар. Нысан толығымен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда", – дейді Александр Касицын.

Ресми деректерге сүйенсек, облыста сүтті бағыттағы ірі қара өсіретін 18 шаруашылық жұмыс істеуде. Олардың иелігінде 16 688 бас асыл тұқымды сиыр бар.

"Биыл аналық ірі қараның тұқымдық-өнімділік сапасын арттыру мақсатында шетелден 3 994 сиыр жеткізілді. Оның ішінде 1 199 бас сүтті бағыттағы голштин-фриз тұқымды сиырлар", – дейді басқарманың бас маманы.

Сондай-ақ, облыста 99 сүт дайындау бөлімдері жұмыс істейді. Оларда жалпы мөлшері 214 мың тонна сүтке шақталған 126 арнайы салқындатқыш жабдықтар орнатылған. Ал сүт өңдеу бағытында 18 кәсіпорын бар. Өткен жылы 250 мың тонна шикізат өңделген.

Айдос Жақыповтың айтуынша, қазіргі кезде сүт өңдеу кәсіпорындары сүттің литрін қосымша құн салығынсыз есептегенде 117 теңгеден қабылдауда.

Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында бірнеше бағытта субсидия қарастырылған. Соның ішінде асыл тұқымды аналық мал сатып алған шаруалар мемлекет тарапынан қолдау қаражатына қол жеткізе алады. Бұл ретте, Қазақстан немесе ТМД елдерінен сатып алынған асыл тұқымды сиырлардың әр басына 150 мың теңге көлемінде субсидия тағайындалады. Егер ірі қара АҚШ, Австралия, Канада немесе Еуропа елдерінен тасымалданса, онда әр сиыр үшін 225 мың теңге субсидия төленеді.

Тағы бір маңызды бағыт, қуаттылығы 400 бас ірі қарадан асатын тауарлы-сүт фермалары үшін инвестициялық субсидия қарастырылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу