Премьер-министр Олжас Бектенов коммуналдық сектордағы инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны бәсең өңірлер бар екенін айтты. Олардың қатарында Алматы облысы да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінгі Үкімет отырысында "Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы қаралды.
"Ұлттық жоба республикалық бюджет қаражатынсыз жүзеге асырылып жатқанына баса назар аударамын. Сондықтан онда көзделген ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржы көздерін белсенді пайдалану қажет. Жалпы алғанда, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында оң серпін қалыптасып отыр. Олардың қатарында Атырау, Жетісу, Қарағанды және Павлодар облыстарын атап өтуге болады. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны бәсең өңірлер де бар. Алматы облысын тыңдайық. Марат Елеусізұлы, өңірде әлі күнге дейін жобалар бойынша келісімшарттар жасалмаған", – деді Үкімет басшысы.
Алматы облысы әкімінің мәліметінше, Ұлттық жоба аясында жалпы құны 62,9 млрд теңге құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде жалпы құны 4 млрд теңге болатын төрт жоба жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Қалғанын "АЖК" акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Электрмен жабдықтау бағыты бойынша жалпы құны 58,9 млрд теңге болатын алты жоба іске асырылмақ.
"Жергілікті атқарушы орган тарапынан төрт жобаны іске асыру қарастырылған. Жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 2 млрд теңге болатын екі жоба көзделген. Мердігерлермен келісімшарттар жасалды, яғни жоспардың 50%-ы орындалды. Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар қараша айының соңына дейін аяқталады. Сумен жабдықтау және су бұру саласында жалпы құны 2 млрд теңгеге екі жобаны іске асырылады. Аталған жобалар бойынша конкурстық рәсімдер биылғы 5 маусымда басталған. Алайда прокуратура ұсынысы негізінде конкурстардың қорытындыларының күші жойылды. Осыған байланысты біз жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарттық. Сонымен қатар Қаржы министрлігінің хаттамасында бұл екі жоба қаржыландырылуы тоқтатылуға жататын басым емес жобалардың қатарына енгізілген. Соған қарамастан конкурс қайта жарияланып, қорытындысы 25 тамызға дейін шығады деп күтілуде", – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сөзінше, 2027 жылы 23 млрд теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
"Бүгінде ЭКСЖ платформасында операторлармен келісу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Жалпы барлық келісімшарттар жақын арада жасалып, жұмыстар жоспарға сәйкес аяқталатын болады", – деді Марат Сұлтанғазиев.
"Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі. Жұмысты тездетіңіздер", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.