Сізге қамқор, қорған болып жүрген кісілерге тексеріс басталады

2738

Қазақстан күш құрылымдарын ықтимал нашақорлардан, экстремистерден, лудомандардан және тыңшылардан тазалауға ниетті.

Сізге қамқор, қорған болып жүрген кісілерге тексеріс басталады Фото: canva

Қазақстан халқының қорғанында тұрған тәртіп сақшылары саналатын күш құрылымдары қызметкерлерінің енді "жалғандық детекторының" сынағынан өтуі міндетті болады.

Құқық қорғау органдары мен басқа мемлекеттік құрылымдар қызметкерлерінің полиграфологиялық зерттеуден өтуінің қағидалары өзгерді.

Жаңа нормалар ел Үкіметінің 2025 жылғы 30 мамырдағы №388-ші қаулысымен бекітілді. Бірақ құжат тек келесі сенбіде, 2025 жылғы 14 маусымда күшіне енеді.

Құжат "Заң мен Тәртіпке" жауапты бірқатар органдардың өкілдеріне ел арасында "жалғандық детекторы" аталып кеткен полиграф құрылғысын пайдалана отырып, сұрау салу процедураларының ережелерін жаңартты.

Жаңа қағидаларға сәйкес, полиграфта міндетті тексеруден келесі қызметкерлер өткізіледі:

  • құқық қорғау органдарында,
  • азаматтық қорғау органдарында,
  • мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде істейтін азаматтар.
  • Сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетіндер де тексерілуі мүмкін.

Ал, "Құқық қорғау қызметі туралы" заңына сәйкес, Қазақстанда құқық қорғау органдарына – прокуратура, ішкі істер органдары, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (Антикор) және экономикалық тергеу қызметі жатады.

Олардан "жалғандық детекторынан" келесі жағдайда өту талап етіледі:

  • аттестаттау, жоспардан тыс аттестаттау немесе конкурс қорытындысында жоғары тұрған басшылық лауазымдарға жоғарыласа,
  • Қазақстан Президентінің шешімімен жарияланған кезектен тыс аттестаттау шеңберінде полиграфты қолдану көзделген болса;
  • Меморгандар басшыларының шешімімен аттестаттау өткізу туралы шешім қабылданса, онда қызметкерлер тексеріске ілігеді.

Бұл тексерудегі мақсат – қызметкердің қызмет бабына теріс әсер ететін, қызметкер ретіндегі арына дақ түсіретін тәуекелдерді әшкерелеу.

Қызметкерлер алдын ала дайындалмауы үшін полиграфологиялық зерттеуде нақты қандай сұрақ қойылатыны жарияланбайды. Оны тексерілуші тек "жалғандық" детекторының аса-мүсейін тағынып, жауап беруге дайын болғанда ғана біледі.

Дегенмен, Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған Үкімет қаулысы ол сұрақтардың нобайын емексітті. Мысалы, сарапшылардың болжамынша, тісқаққан, тәжірибелі полиграф маманы қызметкерді: "Сіз нашақорсыз ба?", "Сіз салафитсіз бе?", "Сіз пара алғыңыз келе ме?", "Сіз онлайн казинода немесе букмекерлік кеңседе бәс тігесіз бе?", "Сіз өзіңізді өлтіріп тастағыңыз келмей ме?" дегенге ұқсас сауалдармен мазалауы ғажап емес.

Себебі, жаңарған қағидаларда полиграфтағы тексеру арқылы бұдан былай Қазақстанның құқық қорғау органдарына, азаматтық қорғау органдарына, мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне қызметке тұратын, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетін азаматтардың келесідей құпия-сырлары анықталуға тиістігі көрсетілген: 

  • құқыққа қайшы ниеті, соның ішінде тыйым салынған қоғамдық бірлестіктердің, қылмыстық және террористік ұйымдардың және басқалардың мүддесіне орай жұмыс істеуі,
  • шпиондық жасауы, яғни, "бұған дейін бөгде адамдарға құпия немесе қызметтік ақпарат беруі",
  • қос азаматтығының бар-жоқтығы,
  • құмар ойындармен, бәс тігумен әуестенуі,
  • нашақорлығы, маскүнемдігі, яғни, "бір рет қабылдағанда адамның психикалық және тәндік функцияларына, мінез-құлқына әсер ететін, ал, ұзақ тұтынғанда психикалық және тәндік тәуелділік туғызатын синтетикалық немесе табиғи жолмен алынған психикаға белсенді әсер ететін заттарды – алкогольді, есірткіні, психотроптық заттарды, сол тектестерді, басқа да есеңгірететін заттарды тұтынуы",
  • аталған үш органда қызметін толыққанды өткеруге кедергі келтіретін жасырын ауруының бар-жоқтығы,
  • суицидке, өз-өзіне қол жұмсауға бейімдігі,
  • алаяқтыққа бейімділігі, "сауалнамалық деректерді, кірісі, мүлкі туралы мәліметтерді, жалған құжаттарды пайдаланғанын жасыруы",
  • сыбайлас жемқорлық бұзушылықтар жасағаны,
  • тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауаптылыққа тартылу фактілері,
  • Украинадағы, Сириядағы, басқа да соғыстарға заңсыз қатысуы, тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен қатынас жасауы,
  • шенеунік не басқа да қызметкер бола жүріп, коммерциялық құрылымдарға қатысуы;
  • бұған дейін лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы анықталуға тиіс.

Жаңа өзгерістерге сай, полиграфологиялық зерттеудің нәтижелері туралы маманның қорытындысы 3 жыл бойы күшінде болады және қызметкердің жеке ісінде, досьесінде тұрады.

Тиісінше, осы мерзім ішінде әлденені бүлдіріп қоймаса, аталған құзырлы органдардың қызметкерлерінен "жалғандық детекторынан" қайтадан өту талап етілмеуі мүмкін. Бірақ қайтара өту-өтпеуді тағы да жоғарыдағы бастықтар шешеді. 

Айтпақшы, жаңа қағидалар бойынша нақты бір қызметкерге зерттеу жүргізу барысында, органның бірінші басшысы маманға оған басқа да қосымша сұрақтарды қоюға тапсырма бере алады. Мысалы, қомақты айғақзат жоғалса, "оны сен алдың ба?" деген сияқты.

Бұл тексерістен мына полицейлер, төтеншеліктер, прокурорлар, антикоршылар уақытша босатылады:

  • тексеру қарсаңында жүрек-қантамыры не тыныс алу қызметінің бұзылуына байланысты сырқаты күрт ушыққан (зерттелетін адам тиісті медициналық қортынды ұсынады) қызметкер,
  • зерттелетін адам алкогольге немесе есірткіге масаң күйде келсе немесе одан интоксикацияның қалдық көріністері анықталса,
  • жүкті болса, тестілеуге жіберілмейді

Полиграфологиялық зерттеу барысында алынған ақпарат қайда пайдаланылады? Жаңа қағида бойынша қызметкердің ойына, дүниетанымына, парасатына, ниеттеріне, мақсаттарына қатысты кең ауқымды, егжей-тегжейлі сол деректерді:

  • кадр қызметі,
  • аттестаттау комиссиясы,
  • конкурстық комиссиясы,
  • құқық қорғау органдарына кадр даярлайтын училище, колледж, институт пен университеттердің қабылдау комиссиялары,
  • өзіндік қауіпсіздік қызметтері қызметке және оқуға қабылдау, аттестаттаудан, конкурстан өткізу және қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы мәселені шешкен кезде пайдаланады.

Жаңа нормалар және "жалғандық детекторында" тексеру қорытындылары әлгінде айтылған күш құрылымдарында, ТЖ-да жаппай кадрлық тазалауға серпін беруі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу