"СҚ- Фармация" халықты дәрі-дәрмекпен қалай қамтып отыр?

5133

42 450 қорғаныш киімі мен 320 мың медициналық маска таратылды.  

"СҚ- Фармация" халықты дәрі-дәрмекпен қалай қамтып отыр?

Бірыңғай дистрибьютор 1 385 түрлі атаулы дәрі-дәрмек жеткізу бойынша құны 259 млрд теңгенің шартын рәсімдеді. "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп осылай деді.  

"Медициналық ұйымдарға 86 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілді. Оның ішінде емханаларға 47 млрд теңгенің медициналық препараты табысталды. 27 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі науқастарға қолма-қол, тегін таратылды", – деді ол. 

Берік Шәріптің сөзінше, стационарлар үшін 39 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі мен медициналық бұйым жөнелтілді.  

"Орта есеппен ел бойынша ай сайынғы қажеттілік 8-9 млрд теңгені құрайды. Қоймалардағы дәрілік препараттардың қоры 30 млрд теңгеден асады. Өңірлерде дәрілік заттардың шамамен жарты жылдық қоры бар. Қазір медициналық мекемелерге COVID-19 дертін емдеу үшін вирусқа қарсы лопинавир, ритинавир, гидроксихлорохин сияқты дәрі-дәрмек пен антибиотик жеткізіліп жатыр", – деді басқарма төрағасы.

Сөз арасында ол шекараның жабық болуы дәрі-дәрмектің жеткізілуіне кедергі келтіріп жатқанын айтты. 

"Үндістан сәуір айында шекарасын жапты. Салдарынан осы айдың басынан бастап  қиындық туды. Дәл қазір мәселе қордағы дәрі-дәрмек арқылы шешіліп жатыр", – деді спикер. 

Берік Шәріп әлеуметтік желілердегі жекеменшік дәріханалардағы дәрі тапшылығы туралы жазбаларға қатысты пікір білдірді. 

"Біз бірыңғай дистрибьютер ретінде жекеменшік дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізбейміз. Дәрі-дәрмекпен мемлекеттік медициналық мекемелерді ғана қамтимыз. Оның ішінде амбулаторияларға сұраныстағы эутирокс препаратын тегін таратамыз. Жекеменшік дәріханалардағы дәрі тапшылығы жекеменшік дистрибьютердің қызметіне байланысты туындап отыр. Біз бұл мәселені жекеменшік дистрибьютерлермен бірлесіп шешуге тырысамыз", – деді Берік Шәріп.

Ол төтенше жағдайға байланысты еліміздегі бірқатар емхананың жұмысы тоқтап тұрғанын тілге тиек етіп, медицина қызметкерлері сақтық шараларын сақтай отырып, науқастарға дәрі-дәрмекті өздері апарып беріп жатқанын жеткізді. 

"СҚ-Фармация" ЖШС АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия және Біріккен Араб  әмірліктерінен гуманитарлық көмек қабылдаған екен. Бұл туралы Берік Шәріп: "Гуманитарлық көмек дене қызуын өлшейтін термометр, перометр сияқты құралдар, медициналық маска, бір рет қолданылатын қорғаныш киімдері түрінде ұсынылды. 42 450 дана бір рет қолданылатын қорғаныш киімдері медициналық мекемелерге жеткіздік. 320 мың медициналық маска мемлекеттік мекемелерге таратылды",– деді. 

Қанат Махамбет


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу