"СК-Фармация" ісіндегі куәгердің жауабы: Індет күшейгенде шешімдер тез қабылданып жатты

1339

Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотында онлайн режимде "СК-Фармация" компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісі қаралып жатыр. Бүгінгі отырыста куәгерлерден жауап алынды. 

"СК-Фармация" ісіндегі куәгердің жауабы: Індет күшейгенде шешімдер тез қабылданып жатты

Сотта куәгерлердің бірі ретінде "СК-Фармация" компаниясында басқарушы директор болған Алма Жолдасбекова жауап берді. Прокурор Дастан Көпербаев мемлекеттік сатып алу барысында "Іңкәр" ЖШС қалай жеңіп, тасымалдаушы ретінде айқындалғанын сұрастырды.

"Алдымен әлеуетті тасымалдаушылардың бәрін тыңдадық. "СК-Фармацияның" сол компаниялармен келіссөз жүргізген қызметкерлерінің бәрі де шешімдерін ортаға салды. Әркім өз ойын айтты. Қатысушылардың бәрінің пайым-пікірі қорытындылағаннан кейін бәрі де бір ауыздан шешім қабылдады. Яғни "Іңкәр" ЖШС – келісімшартқа отыруға болатын тасымалдаушы ретінде танылды", - деді онлайн режимде сотқа қатысқан Алма Жолдасбекова.

Бұл шешім дауыс беру арқылы анықталды ма? Прокурордың бұл сұрағына куәгер дауыс беру ұйымдастырылмағанын, алайда құзыретті қызметкерлердің бәрінің пікірі ескерілгенін мәлім етті. 

Сонымен қатар прокурор "СК-Фармация" мен "Іңкәр" ЖШС арасында келісімшарттың қалай жасалғанын білмек болды.

"Іс материалдарын зерттей отырып анықталғанындай, Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 23 наурызы мен 4 сәуірінде ресми түрде 1 млн 83 данаға, ал басқа органдар (күш құрылымдары) 453 мың 793 данаға тапсырыс береді. Яғни қорғаныс костюмдарының жалпы сұранысы шамамен 1,5 млн данадан асады. Осыған қарамастан "СК-Фармация" 2 млн дана қорғаныс костюмын жеткізу туралы келісімшарт жасасады. Мұны қалай түсіндіресіз?" - деп сұрады прокурор куәгерден.

Алма Жолдасбекова өз жауабында әу баста "СК-Фармация" компаниясына жұмыс барысында тіпті 2 млн данадан да көп қорғаныс костюмын алып қою тапсырылғанын алға тартты. Бұл мәселелер жұмыс тәртібімен қабылданған.

""СК-Фармация" тарапынан ресми түрде сауалхат керектігі талап етілген кезде ол хаттың кейін жолданатыны айтылды. Алайда бізге электронды түрде жеткізілген хатта – сіз айтқандай, қорғаныс костюмының азырақ керектігі (яғни жалпы 1,5 млн – авт) жазылды. Яғни бұл ретте менің айтарым: тапсырмалар беріліп жатты, барлық шаруаны шұғыл шешу керек болды. Ел ішінде инфекция таралып жатқан кез болатын. Пандемия, карантин... Ал шешімді жедел қабылдау керек еді. Бізге сол мөлшерді (яғни 2 млн дана керектігі туралы хат) жолдаймыз дегенмен, ақыры жолдамады", - дейді куәгер.

Алма Жолдасбекова бұл жөнінде Берік Шәріпке ескерткенін айтады. Алайда ол "2 млн дана қорғаныс костюмы керек" деп жауап берді дейді куәгер.

Сот онлайн режимде түстен кейін жалғасады. Түскі үзілістен кейін Алма Жолдасбекова куәгер ретінде тағы да қос тараптың сұрағына жауап береді.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу