Скабелка "Барыстан" неге кетті?

2218

Шуми Бабаев Белорусиялық бапкер Андрей Скабелканың "Барыс" хоккей клубынан кеткені жайлы мәлімдеді.

Скабелка "Барыстан" неге кетті?

Гагарин Кубогінің ойындарын мерзімінен бұрын аяқтаған соң Қазақстан құрамасы мен "Барыс" хоккей клубының бапкері белорусиялық Андрей Скабелканың келісім-шартының уақыты одан әрі де ұзартылуы мүмкін еді. Коронавирус пандемиясына байланысты жаттықтырушы өз еліне кеткен болатын. Бапкер мен клуб арасындағы келісім-шарт мерзімі 30-сәуір күні аяқталатындықтан, оны ұзарту туралы келіссөздер қашықтықтан жүргізілді. Скабелка қатарынан екі жыл команданы Гагарин Кубогінің ширек финалына шығарды. Ал биылғы маусымда "Барыстың" ҚХЛ-ның жартылай финалына дейін шығуы мүмкін еді. Елордалық хоккей клубының басшылығы бапкердің одан әрі командамен жұмыс жасауды жалғастырғанын қалаған болатын.

Бұл жолы Скабелкаға алдыңғы келісім-шартпен салыстырғанда материалдық тұрғыдан тиімді ұсыныс жасалды. Алайда, белорусиялық бапкер өзінің құрамадағы қосымша қызметтерінен босатуды талап етті.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Скабелка Қазақстан құрамасын Әлем біріншілігінің элитасына шығарды. Ал биылғы жылы тіпті олимпиаданың іріктеу турнирінің шешуші кезеңіне де шыға алмады. Осыдан кейін бас бапкерге елордалық командадан орнын босатуды талап еткен еді. Ал, "Барыс" Скабелканың бапкерлігін одан әрі жалғастырған қалады. Сонымен, екі тарап бір келісімге келе алмады. Бұл туралы "Барыс" дүйсенбі күні өзінің ресми сайтында хабарлаған еді. Дәл сол күні Скабелканың агенті Шуми Бабаев ресейлік "Чемпионат.com" сайтына берген сұхбатында орын алған жағдайға байланысты клуб тарапынан да, бапкер тарапынан да дұрыс шешім болды деп айтқан болатын. "Біздің қойған талаптарымызды басшылық орындаудан бас тартты. Сондықтан "Барыс" келіссөз жүргізудің мәні қалмады деп есептейді және бұл тұрғыдан олардың айтқаны дұрыс, - деді Бабаев. Скабелканың жаңа жұмыс орнына келер болсақ, біз ешкіммен де келіссөздер жүргізген жоқпыз. "Барысқа" қатысты мәселелердің қалай аяқталатынын күттік", - деп қоса кетті Скабелканың агенті.

Келісім-шарттағы ең басты талап екі команданы, яғни клуб пен құраманы қатар алып жүру болатын. Ал бұл талапқа белорусиялық бапкер келіскен жоқ. Шуми Бабаевтың айтуы бойынша жақын күндері олар басқа командалармен келіссөздер жүргізетін болады. Ал, сарапшылардың пайымдауынша Андрей Скабелка бапкерлікті ярославтық "Локомотивте" жалғастыруы мүмкін. Ресейлік БАҚ өкілдерінің айтуына қарағанда бас бапкермен бірге канадалық Эдди Паскуале мен финляндиялық қорғаушы Атте Охтамаа да кетуі бек мүмкін. Себебі олардың да "Барыспен" жасаған келісім-шарттары 30-сәуір күні аяқталады.  

Енді қазақстандық хоккей клубына бапкер іздеуге тура келеді. Қазіргі таңда карантинге байланысты бұл мәселе біраз қиындық туғызары анық. Сондықтан жаңа бапкер отандық маман немесе бұрын Қазақстанда жұмыс істеген және елімізде жұмыс жасаудың ерекшеліктерімен таныс шетелдік жаттықтырушылардың бірі болуы мүмкін.

Ермұхамед Мәулен

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу