Скабелка "Локомотив" бапкері болып тағайындалды

2087

Ярославтық "Локомотив" хоккей клубының ресми сайты "Барыс" хоккей клубының бұрынғы бапкері Андрей Скабелкамен 3 жылға келісім-шарт жасағаны жайлы хабарлады.

Скабелка "Локомотив" бапкері болып тағайындалды

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасын былтыр Әлем чемпионатының элиталық дивизионына, сондай-ақ елордалық "Барыс" хоккей клубын қатарынан екі маусым Құрлықтық Хоккей Лигасының плей-офф кезеңдеріне дейін шығарған белоруссиялық маманның "Локомотивке" кететіні туралы сыбыс пайда болғалы да біраз уақыт өтті. ""Локомотив" хоккей клубы Андрей Скабелканың бас бапкерлікке тағайындалғанын хабарлайды. Маман мен клуб арасындағы келісім-шарт 3 жылға жасалды. Бапкерлердің толық құрамын кейінірек хабарлаймыз. Біздің клубта Андрей Скабелканы қайта көргенімізге қуаныштымыз", - деп хабарлады "Локомотив" ХК-ның ресми сайты.

Естеріңізге сала кетсек, Скабелка "Торпедо" хоккей клубында 1995-1998 жылдар арлығында шабуылшы болған. Ярославтық командамен бірге ол Ресей біріншілігінде 1997 жылы алтын медальға, 1998 жылы қола жүлдеге ие болған. Андрей Скабелка бапкерлік мансабын 2007 жылы новокузнецкінің "Металлург" командасынан басталды. Қазіргі таңдағы Скабелканың бапкер ретінде жеткен ең жоғарғы жетістігі 2015-жылы көктемде Құрлықтық Хоккей Лигасында новосібірдің "Сібір" командасы қола жүлде иеленуі. Белорусиялық маман биыл "Барыс" командасын біраз жетістікке жеткізер еді. Алайда ҚХЛ ширек финалына жолдама алған елордалық клуб "Сібірге" қарсы кездесуді коронавирус пандемиясына байланысты өткізе алмады.

Скабелканың "Барыстан" кетуінің басты себебі, оның клуб пен құрамаға бапкерлікті қатар алып жүруден бас тартуы. Сонымен қатар биыл хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы 2022-жылы өтетін Олимпиада ойындарының іріктеу турнирінің 3-кезеңінде қарсыластарынан жеңіліп қалды. Нур-Султанда өткен кездесуде еліміздің құрамасын польшалықтар 2:3 есебімен ұтты. Осы жеңілістен соң Скабелка клубқа көбірек көңіл бөле бастады. Нәтижесінде, "Барыс" Гагарин Кубогінің ширек финалына дейін жетті. Қазақстандық команда басшылығы белоруссиялық бапкерді қалдыруға тырысқанымен, екі тарап ортақ бір шешімге келе алмады. Енді "Барыс" жаңа бапкерді күтуде. Ал ярославтық клубқа Скабелкамен бірге "Барыстың" екі хоккейшісі - қақпашы Эдвард Паскуале мен қорғаушы Андре Охтамаа да кетті. Сонымен қатар елордалық клуб пен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы, ҚХЛ-да қазақстандық команда сапында 12 маусым өнер көрсеткен шабуылшы Роман Старченконың да кетуі мүмкін деген ақпарат пайда болған. Бірақ, 1-мамыр күні "Барыс" ХК шабуылшымен тағы да екі жылға келісім-шарт жасалғаны туралы ресми түрде хабарлады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу