Соңғы бірнеше жылда қоғамда скам туралы көбірек айтыла бастады. Ағылшын тілінен аударғанда scam сөзі "афера" немесе "алаяқтық" дегенді білдіреді. Негізінде, скам – бұл тез пайда табу мен байып кетуді мақсат ететін алаяқтық инвестициялық жоба, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі fingramota.kz-ке сілтеме жасап.
Инвесторлар арасында уәде етілген дивидендтер мен пайыздарды төлеуді тоқтататын, сондай-ақ өзінің мәміле шарттарын бұзатын жобалар скам деп аталады.
Негізінен скам жобалары қаржылық пирамида болып табылады.
"Яғни, жаңа клиенттердің есебінен бұрын келгендерге пайыздар төленеді, оларды осылай тарта отырып, өздерінің адалдығына сендіреді. Адам пайда тапқаннан кейін оның сақтығы мен ұтымды ойлау қабілеті төмендейді", – деп хабарлады халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған басылым.
Кез келген скамның мақсаты – сенім білдірген жәбірленушіден алданып қалғанын болжағанға дейін мүмкіндігінше тезірек ақша жинау. Схемалар әр түрлі болуы мүмкін – мұнда бәрі заманауи технологиялардағы алаяқтардың тапқырлығы мен шеберлігіне байланысты.
Әлемде скамның көптеген түрі бар, бірақ ең көп тарағандары мыналар:
- электрондық пошта бойынша және әлеуметтік желілердегі спам, бұл жағдайда өте тиімді акциялар туралы хабарландырулар болады;
- интернет-дүкендер арқылы жұмыс істейтін жалған сайттар. Мысалы, Amazon немесе Wildberries;
- ірі және табысты компаниялардың хаттары ретінде көрінетін фишингтік хаттар;
- жалған тауарлардың жарнамасы. Мысалы, "Миллионер сияқты ойла" а-ля марафоны;
- криптовалюталар – бұл сала алаяқтарға арналған қойма, өйткені мемлекеттер оны қалай реттеуге болатынын әлі ойлап тапқан жоқ және мүдделі адамдарға кез келген нәрсені айтуға болады. Мысалы, оларды ондаған есе өсетін жаңа биткоинге инвестиция салуға көндіру;
- активтерді басқару – алаяқтар өздерін табысты брокерлер ретінде көрсетіп, ең тиімді және болашағы бар жобаларға ақша салуға уәде береді;
- төлем сервистері – алаяқтар түрлі платформаларды жасайды, олардың айтуынша, онда электронды валютаны сақтау тиімді, ал шын мәнінде олар қажетті соманы тергеннен кейін жоғалып кетеді;
- болашағы бар стартапты іске қосу – алаяқтар сенімді азаматтарды болашақ мега-сәтті жобаға инвестиция салуға болатынын, бірақ оған инвесторлар қажет деп сендіреді.
Скам-алаяқтарды анықтаудың бірнеше жолы бар.
Агрессивті жарнама мен мезі ететін қоңыраулар – скамерлер қысқа мерзімде барынша қомақты қаражат тартуды мақсат ететіндіктен, олар тікелей әрекет етуден қорықпайды.
"Сізге керемет жағдайларды уәде етуі, сондай-ақ қартайған шағыңызда жалғыз әрі кедей болып қалатыныңызды айтып қорқытуы мүмкін, сонымен бірге сізге жалған хабарлар жібереді, осының барлығы қазіргі жағдайға талдау жасап үлгермеуіңіз үшін жасалады", – деп жазылған хабарламада.
Қомақты пайдаға уәде беру – сіз үшін стандартты немесе әдеттегі кірістен бірнеше есе артық болатын кірісті уәде етсе, абай болу керек.
Салымшылардың сұрақтарын ескермеу де осының бір белгісі. Жауапты компаниялар әрқашан клиенттермен байланысқа шығады, өйткені фирманың кірісі ғана емес, іскерлік беделі де соған байланысты болады.
Cкам-алаяқтардан қорғану үшін кез келген басқа алаяқтардан қорғанудың ережелері мен ұсынымдары қолданылады. Оларды атап көрсетейік:
- әрдайым брокердің лицензиясын тексеріңіз;
- сізге ұсыныстар жасайтын барлық фирма, компания мен инвесторлардың пікірлерімен танысып біліңіз;
- нарықтық мүмкіндіктерді назарға алыңыз және қомақты табысқа ұмтылмаңыз;
- жарнама мен әдемі уәделерге сенбеңіз;
- өзіңіз танымайтын адамнан келген күмәнді электрондық хаттарды ашпаңыз;
- инвестициялау құралдарын дербес түрде немесе өзіңіз сенетін адамдардың көмегімен зерделеңіз;
- жинаған қаражатыңызды біркелкі етіп бөліңіз және оларды бір брокерге сеніп тапсырмаңыз;
- скамға қарсы сервистерді пайдаланыңыз – оларды сенімді сайттар арқылы интернеттен оңай табуға болады.