"Skittles үшін атылған қара нәсілді баланы қолдау мақсатында ереуілге шықтым"

5635

АҚШ-тағы ереуілшілер полиция жүйесін өзгертуді талап етуде. 

"Skittles үшін атылған қара нәсілді баланы қолдау мақсатында ереуілге шықтым"

Миннеаполис штатындағы жағдай бұл елдегі бірнеше мәселенің әлі күнге дейін шешілмеген аңғартып отыр. Ақ нәсілді полиция қызметкерлерінің бассыздығы мен нәсілшілдік яғни жергілікті афроамерикалықтарды кемсіту халықтың наразылығын одан сайын өршіте түсті. Бейбіт шерудің арты ереуілге ұласып кетті. Өткен аптада, 25 мамырда Миннеаполис штатында полицейлер Джордж Флойд есімді афроамерикалықты абайсызда өлтіріп алған болатын. Нақтырақ айтқанда, жалған ақшамен темекі сатып алмақ болған Флойдты тәртіп сақшылары тұтқындап, оны жерге жатқызып, төрт полицейдің бірі оны аяғымен басып тұрады. Афроамерикалық дем ала алмай жатқанын айтып, босатуын сұрайды, бірақ оған ешкім құлақ аспады. Артынан оның қаза тапқаны белгілі болған соң ереуіл АҚШ-ты ғана емес, Лондон, Берлин сияқты ірі қалаларды шарпыды. Ереуілшілердің басты ұраны - #Blacklivesmatter, яғни қазақшаға аударғанда қара нәсілділердің өмірі маңызды дегенді білдіреді.

1 мамырдағы осыған қатысты соңғы мәліметтер:
- Миннеаполис штатының прокуроры афроамерикалықты тұншықтырып мерт еткен Дерек Шовин есімді офицерге адам өлтіру қылмысының үшінші деңгейі туралы айып тағылды. Штат заңы бойынша, ол 25 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
- Ақ үйдің қасында болған ереуіл кезінде Дональд Трамп резиденцияның бункерінде жасырынды деген ақпарат жарияланды.
- АҚШ-тың 40 қаласында коменданттық сағат енгізілді. Ұлттық Гвардияның 5000 сарбазы 15 штат пен Вашингтон қаласындағы баскөтерулерді басу операциясына жұмылдырылған.
- Полиция 1669 адамды қамауға алды. 
- Детройттағы ереуіл кезінде 19 жастағы ер адамды тәртіп сақшылары жер жастандырған.
- Оклендте екі офицер оққа ұшып, біреуі қаза тапты.
- Нью-Йорк мэрінің қызы ереуілге қатысқаны үшін тұтқындалды.

Ереуілшілер не деп жатыр...

АҚШ-тың мемлекеттік CNN телеарнасы өзінің сайтында наразылық шарасына қатысқандардың жан айқайларын тізіп жазды.

Бірқатары полиция жүйесін өзгертуді талап етсе, енді біреулері тәртіп сақшыларының қара нәсілді тұрғындарға қатысты әдетке айналған тәртіпсіздіктерін бүкпесіз айтып берді.

"Өзгеріс болу керек, офицерлер қызметке кірісерде жақсылап дайындықтан өткізілуге тиіс", — дейді Атлантада полицейлер қолына түскен ереуілші. 

"Бұл жағдай ескі жараны аузын ашып, оны одан сайын қоздырумен парапар. Полицейлер біздің ауданға келіп, бізді қорлайды, қорқытады. Балаларымызды өлтіреді. Ондай әрекетке түрткі болатындай ешнәрсе істемедік қой", — дейді Гвен Карр.

"Мен қара нәсілді аға-әпкелерімді көшеде ашық түрде атып өлтіре салатын полицейлерге қарсылығымды білдіру үшін көшеге шықтым. Тәртіп сақшылары, керісінше, оларды қорғауы керек қой. Босану кезінде қайтыс болған қара нәсілді әйелдердің саны ақ нәсілді әйелдерге қарағанда көбірек. Сол үшін де ереуілге қатыстым. Қара нәсілді ер адамдар басқаларына қарағанда көбірек тұтқындалып сотталады. Соларды қолдау үшін бас көтердім. Сондай-ақ Skittles тәттісі үшін атып тасталған қара нәсілді балалар үшін ереуілге шықтым", — деді Орегондық Челси Питерсон.

"Біз бірнеше губернатор мен мэрден афроамерикалықтарды өлтірулеріңді тоқтатпасаңдар, қала өртке оранады деп ескерткен едік", — деді Миннеаполистегі афроамерикалықтарды қорғау ұйымының президенті Лесли Рэдмонд.

Қытайдың мысқылы. 

Вашингтон мен Бейжің арасындағы тартыстың өршіп тұрғаны белгілі. Әлі аяқталмаған сауда соғысы, коронавирусқа қатысты өзара қайшылықтар кесірінен қос алпауыт арасындағы қарым-қатынас ушығып барады. Бұл жолы Қытай қазіргі баскөтеруді Құрама Штаттардың өзіне қарсы ақпараттық қару ретінде қолдап отыр. Ақ үй әкімшілігі Гонконгтағы ереуілдерді қолдап, арнайы әкімшілік аймақты Қытайдың ықпалына бермеудің қамын жасап жүргені анық еді. Енді Бейжің Вашингтонды екіжүзді саясат жүргізуде деп отыр.

"АҚШ саясаткерлері басқа мемлекеттердегі ереуілдерге "өте әдемі көрініс" деген баға беріп, өзге елдерде аласапыран орнағанын қалайды. Бірақ өздерінің елінде әлеуметтің азшылық топтары құқықтарын талап етсе, олар күшпен жаншып басуға дайын. Мұндай екіжүзділік өте жиіркенішті", — дейді мемлекеттік CCTV арнасының тілшісі.

Ал Global Times редакторы мысқылдап: "Мен спикер Пелоси мен мемлекеттік хатшы Помпеодан Вашингтон Гонконгтағы ереуілдерді қолдағандай, Бейжің де АҚШ-тағы шеруді қолдау керек пе деп сқрағым келеді", — деді.

Ереуілдерді Ресей ұйымдастырды деген де айтылды...

Ақ үйдің бұрынғы қожайыны Барак Обаманың экс-кеңесшісі Сьюзан Райс елдегі тәртіпсіздіктер ресейлік әдістеменің көмегімен жүзеге асырылды деген болжамымен бөлісті. CNN арнасына берген сұхбатында ол : "Теңсіздікке қарсылығын білдіруге шыққан бейбіт шерушілер бар. Сондай-ақ осы ереуілді басқа бағытқа бұрып жібергісі келетін экстремистер де жетерлік. Мен тек өз тәжірибеме сүйенемін. Бұл ереуіл ресейлік әдістеменің көмегімен тұтанып отыр",  деді.
 
Енді Францияда полицейлерді суретке түсіруге болмайды

АҚШ-тағы ереуілдің түрткі болған-болмағаны белгісіз Францияның ұлттық Ассамблеясына жаңа заң жобасы енгізілді. Құжат күшіне енсе, бұл елде енді полицейлер мен құқық қорғау күштерінің өзге өкілдерін фотоға немесе видеоға түсіруге тыйым салынады.

Бұл ақпаратты Ресейдің RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян өзінің Телеграмдағы парақшасында жариялады. Заң жобасында полицейлердің күш қолданып жатқаны, яғни шерушілерді таратып, тұтқындап, не құжаттарды тексеріп жатқаны таспаланған материалдарды қолдануға тыйым салу жағына көбірек көңіл бөлінген екен. Бұл шектеу бұқаралық ақпарат құралдарына ғана емес, әлеуметтік желілерге де қатысты болмақ. Мұндай материалдар жарияланса, 15 мың еуро көлемінде айыппұл салынады немесе заң бұзушы бір жылға сотталады.

Ереуілді Сорос қаржыландырды ма? 

Антисемиттік көзқарастағылар, "Теория заговора" немесе "Қастандық теориясына" сенетіндер Құрама Штаттардағы шеруді миллиардер Джордж Сорос  ұйымдастырды деуде. Яғни Сорос Антифа деп аталатын фашизмге қарсы қозғалысқа қаражат бөліп, елдегі тұрақтылықты сәл де болса шайқалтып отырған көрінеді. Бұл тек болжам, пікір ғана. Мәлімет расталмады. Трамп болса, тәртіпсіздіктер тым солшыл радикалдардың ықпалынан болып отыр дегенді айтып, 1 маусымда Антифаны террористік ұйым деп таныды.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу