ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі "қызметін асыра пайдалану" және "ұрлау мақсатынсыз автокөлікті иелену" бабымен айыпталды "Қылмыстық кодекстің 361 және 200-баптары). Ол халықаралық іздеудегі олигарх Анатолий Балушкиннің компаниясы "Азия-Автоға" байланысты істі тергеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақпаратқа қарағанда, тергеуші 12 млн теңгеден астам қаражат алған және SKODA KODIAG автокөлігін ұрлау мақсатынсыз пайдаланған. Ол осы көлікпен Алматыда жүрген жерінде ұсталған.
Айыпталушы кінәні мойындаған. Ол экономикалық тергеу қызметінің арнайы капитаны атағынан айырылды және үш жарым жылға бас бостандығы шектелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 2021 жылдың тамызында Қазақстан билігі "Бипэк Авто – Азия Авто" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкинге іздеу жарияланғанын хабарлаған. Қазақстан соты оны қамауға алу жөнінде сырттай санкция берген. Балушкин мен оның командасы сот шешіміне қарсы бірнеше рет шағым түсірген.
2020 жылы Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған компаниялар тобымен келісімшартын үзген. Қазақстан үкіметі 10 жылға жеңілдікпен алған 174 миллиард теңгені (қазіргі бағаммен 371 миллион доллар) мемлекетке қайтарып беруді талап еткен. Индустрия министрлігі "компания автомобиль құрастыру жөніндегі міндеттемесін орындамады" деп мәлімдеген.
Таунар Қайратұлы