Словакия құрамасы мықты қорғанады

1629

1993 жылы Чехословакия мемлекеті ыдырағаннан кейін Словакия өз алдына бөлек мемлекет болып шықты. Бұл елдің футбол федерациясы да сол кезден бастап жеке дара ұйым ретінде ФИФА және УЕФА мүшесі атанды. 

Словакия құрамасы мықты қорғанады

Словакия футболы ықылымнан мықты еді. Бұл елде туып-өскен футболшылар Еуропа футболын талай мойындатты. Чехословакия құрамасының сапында өнер көрсеткендердің басым бөлігі словактар еді. Әсіресе қорғаныс шебінде олардың қарасы көп болатын. Қазір де бұл команданың негізгі күші қорғаныста. Мысалы көзіқарақты жанкүйер Милан Шриньярдың кім екенін жақсы біледі. Алып денелі қорғаушы "Интер" Милан клубының намысын қорғап жүр. Ол Италия "А" сериясының чемпионы және неше түрлі кубоктардың жеңімпазы. Шкриньярға көз тастап, қызығушылық танытып жүрген алпауыт клубтардың да қарасы аз емес. 2017 жылы Ян Дюрица ұлттық құрамадағы мансабын аяқтаған тұста Милан негізгі қорғаушыға айналды. Ол әріптесі Мартин Шкртелмен тізе қосып өнер көрсетті. Орталық қорғаушы Словакия құрамасы сапында 3 гол салып, қырықтан астам ойынға қатысты. 

Шкриньярдан бөлек Словакия құрамасының қорғанысында Петер Пекарик бар. Бұл ойыншының неміс Бундеслигасында доп теуіп жүргеніне біршама уақыт болды. "Герта" командасының қорғаушысы қапталдағы ойынымен көзге түсті. Осыған дейін ол Түркия чемпионатында ойнады. "Кайсериспор" командасында 27 ойынға қатысып өзінің деңгейі жоғары футболшы екенін байқатты. 2012 жылдан бері Пекарик берлиндік клуб намысын қорғап келеді. 

Алайда словакиялық қорғаушы Германия чемпионы деген атақты "Вольфсбург" сапында жүргенде жеңді. Словакия ұлттық құрамасы үшін ол өте бағалы футболшы. 2021 жылы Болгария құрамасына қарсы өткен ойында ол ұлттық құрама үшін 100-матчын ойнады. 2010 жылы Пекарик Словакия құрамасымен Әлем чемпионатына да барғанын айта кетейік. 

Сонымен қатар Мартин Вальент деген қорғаушыны да естен шығармаймыз. Бұл футболшының тынысы енді ашылып келеді. Испанияның "Мальорка" командасында ойнайтын Вальент биыл Ла-лигада 37 матчқа қатысты. Демек ол тек бір матқа ғана шықпаған. Оның да себебі бар, Мартин маусым барысында 4 сары қағаз алып, дисквалификацияға ұшырады. Әйтпесе жарақатсыз түгел 38 матчқа қатысып шықса болатындай еді. Десе де, оның командасы соңғы турларда тамаша нәтиже көрсетіп, Примерадағы орнын сақтап қалды. Демек, Словакия ұлттық құрамасының қорғаушысы келесі жылы да Испания біріншілігінде атой салады деген сөз. 

Әлбетте Словакия құрамасының қорғанысы тек қақпашы мен қорғаушылардан ғана тұрмайды. Ортада ойнайтын артқы жартылай қорғаушылардың өзі үлкен рөл атқарады. Мысалы, Юрай Куцка Англия чемпионатындағы "Уотфордтың" намысын қорғайды. Ол өте тәжірибиелі жартылай қорғаушы. Онымен қатар Станислав Лоботка туралы айтсақ та болады. "Наполи" ойыншысы ортадағы іс-қимылдарды бір кісідей реттеп тастайды. 

Кезінде "Зенит" сапында ойнаған Роберт Макты қазақстандық жанкүйерлер жақсы таниды деген ойдамыз. Ол көбінесе шабуылға икемді ойыншы ретінде қарастырылады. Роберт қазір Венгрияның "Ференцварош" клубында тер төгіп жүр. Тәжірибиесі толысқан футболшы еурокубоктердің талай дәмін татқан. Сондықтан да, мұндай ойыншы ұлттық құрамаға әрқашан қажет. Айтпақшы Словакия ұлттық құрамасында "Қайраттың" бас бапкері болған Владимир Вайсстың ұлы Владимир Вайсс өнер көрсететінін айта кетейік.

Ермұхамед Мәулен 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу