"Слово пацана": Қазақ жастары ресейлік "гопниктерге" еліктеп жүрген жоқ па?

3470

Қазақстан ресейлік "Слово пацана. Кровь на асфальте" фильмінің көрсетілімін бұғаттау мәселесін зерделеп жатыр.

"Слово пацана": Қазақ жастары ресейлік "гопниктерге" еліктеп жүрген жоқ па? Фото: Бейнежазбадан

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін баспасөз конференциясын өткізген екі министр хабарлады.  

"Өздеріңіз білесіздер, шынында да аталған телехикая айналасында өте көп ақпарат таралуда. Ресейдің өзінде де бірнеше ресми мәлімдеме жасалды. Біз бүгінде бұл мәселені зерделеп жатырмыз. Қандай да бір алдын ала байламдар жасағымыз келмейді. Біздің министрлік бірнеше сарапшыны жұмылдырды. Ақпарат министрлігінің мамандары да қосылды. Мәселе зерттеліп жатыр. Қажет деп табылса, қандай да бір шешімдер қабылдануы мүмкін. Әзірге Қазақстанда бұған қатысты әлдебір үлкен дүрбелең-ажиотажды байқап отырған жоқпыз", – деді Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жастардың, әсіресе, оқушылардың арасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы екенін мәлімдеді. Яғни, ресейлік сериалды қолдамайды, қорғамайды. Себебі, ол қалпымен қантөгістен тұрады.

"Оқу-ағарту министрлігі де, менің жеке өзім де кез келген зорлық-зомбылыққа қарсымыз. Қылмысқа мүлдем төзімділік танытпауға тиіспіз. Сөз болып отырған мәселеге келсем, белгілі бір зерделеу жүргізілуде. Білуімше, тіпті өндіруші ел де оған тыйым салу мәселесін қарастыруда. Мектепте, бүкіл елде ешқандай зорлық-зомбылыққа, тиісінше, соны уағыздайтын туындыларға орын болмауға тиіс. Әріптес министр дұрыс айтты: бұл мәселені эксперттер мұқият қарап, дұрыс шешім қабылдануы қажет", – деді министр Ғани Бейсембаев.

Журналистің: "Телехикаяны көрдіңіздер ме?" деген нақтылаушы сұрағына білім мен ғылымға жауапты қос министр оны қарауға уақыты да, құлқы да жоқтығын жеткізді.  

Сериалдың сюжеті бойынша оқиғалар өткен ғасырдың 80-ші жылдары Татарстанның астанасы Қазан қаласында өрбиді. Осының өзінен кейбір адам әлдебір кемсітушілікті, шовинизимді, түркі тілдес халықтарды жабайы, варвар, қанішер қылып көрсетуге тырысушылықты байқады.

Интеллигенттер отбасында тәрбиеленгеніне қарамастан, басты кейіпкердің бірі 14 жасар Андрей жасөспірімдердің "Универсам" бандасының белсенді мүшесіне айналады. Киносыншылар туындының ортанқолдығын, көркемдік маңызы жоқтығын, сюжеттік желісі қарабайыр, қарадүрсін, таяз екенін айтады.

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы, жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселесімен белсенді айналысып жүрген қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл биліктің тыйым салуда кешігіп қалғанын қаперге салды.

"Бұл сериалсымақтың премьерасы биылғы 9 қарашада болды ғой, содан бері бір айға жуық уақыт өтті. Үкіметтегі жігіттер болса, әлі күнге "зерделеп жатыр". Бұл да "хронический" бюрократияның белгісі. Енді Үкімет жыл соңында не келер жылы кешігіп тыйым салса, онда ресейлік телехикаяның промоушенына, киномаркетингіне үлес қосқан болып шығады. Өйткені ортанқол сериал мықты маркетингке иек артып отыр. Бастапқы кезеңде, онлайн-кинотеатрларда тұсаукесері өтіп жатқанда, маркетологтары туындысымақты алдымен жеңілтек, құлақтан кіріп, санаға тұнатын саундтрегі арқылы танымал етті. Жастар сол ән арқылы фильмді көруге қызықты. Бұған қоса, телеграм-арналарда, әлеуметтік желіде жасырын жарнама орналастырды, қаптаған блогер мақтауын келістірді. Алайда қызығушылықтың қызуы түсе бастады. Екінші кезеңде телеөнімге деген ықыласты тыйым салу арқылы көтеруі мүмкін: "билік тыйым салған бұл не сериал?" деп жаңа көрермендердің ықыласы ауады", – деді Бақытбек Смағұл.

Салдарынан, тыйым салуды қарастырып жатқан Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және басқа да елдердің билігі қызығушылық көрігін қайта қыздыруға ықпал етуі де ғажап емес.

Б.Смағұлдың пікірінше, бұғаттау керек, бірақ бір ғана тыйым салумен іс бітпейді. Жасөспірімдер де, ересектер де интернеттегі онлайн кинотеатрлардан тегін тауып көре береді. Тыйым шаралары мықты тәрбиемен қатар жүруге тиіс. Мектептерде зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, психологтар оқушылармен сөйлесіп, осы және басқа кинолар, зорлық-зомбылық туралы не ойлайтынын біліп, егер бұзақылықты қолдаса, жағымсыз кейіпкерлерді үлгі-өнеге тұтса, қарсы дәйектемелер келтіріп, айнытуға тырысуы, дұрыс жолды көрсетуі керек.

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы бұл жұмыспен қоғамдық негізде айналысып жүрген көрінеді. Бірақ мемлекет тарапынан тұрақты қолдау болуы, жұмыс жүйелі жолға қойылуы қажет.

Педагог Гүлжауһар Қойгелдіқызы да интернет ғасырында жалғыз тыйым ештеңені шешпейтініне сенімді: шаралар кешенді, жан-жақты болғаны жөн.

"2000-шы жылдардың басында ресейлік "Бригада" криминалды телесериалы көрсетіле бастағанда, жасөспірімдер, жастар соның ықпалына түсіп қалды, қанішер кейіпкерлерге қатты еліктеді. Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс артты. Әсіресе, еліміздің оңтүстігінде оқушылар атысып, пышақтасып, бірін бірі қырып сала жаздады. Қазір заман басқа, қоғам басқа. Меніңше, "Жігіт сөзі" телехикаясының қуаты мен ықпалы тым әсіреленген. Бүгінде кез келген жасөспірім YouTube, Телеграм арқылы одан да қорқынышты, әрі өмірде болған оқиғаларға онлайн режимде дерлік куә болады. Ресейдің Украинада, Израилдің Газада, содырлардың Африкада жасап жатқан қанды қырғыны кез келген телесериалды шаң қаптырып кетеді. Біз тәрбиені күшейтуіміз керек. Мемлекет оған жете көңіл бөліп отырмағаны, жас ұрпаққа тәрбие жағы ақсап жатқаны шындық", – деді педагог.   

Осының алдында Алматы облысының Қарасай ауданы полициясының бастығы Елзат Қанатұлы "Слово пацана. Кровь на асфальте" сериалын "криминалды романтиканың пропагандасы" деп бағалады.

"Сериал криминалды романтиканы жасөспірімдер, оқушылар ортасында насихаттайды. Ол қантөгістің, зорлық-зомбылықтың, ішімдік ішудің, былапыт сөйлеудің, заң бұзудың сценаларына толы. Сюжет бойынша басты назар – оқушыларға бағытталған. Тиісінше, фильмнің басты нысаналы аудиториясы жасөспірімдер болса керек.  Сондықтан "18+" мәжбүрлі таңбасы да мәнсіз: оны көріп, балалар тыйым салынғанға тіпті тартыла түседі. Қарасай ауданының полиция басқармасы ата-аналарды және педагогтерді балалардың назарын бақылауда ұстауға, фильмнің басты, биік моралі – жаман бандиттердің тағдыры да ауыр болып, жаман аяқталатынын балаларға түсіндіруге шақырады", – деді ол.

Полицей бұл киносымақтың ықпалымен көптеген бозбала соның кейіпкерлерінің мінез-құлқын көшіруге тырысуы мүмкін екенін ескертті. Салдарынан, олар жаман жолға түсіп, тағдыр тәлкегіне ұшырауы ықтимал. Ендеше мұндай кеселге қоғам болып, бірлесе қарсы тұрған жөн. Төбелестер, алкоголь, группировкалар "мықты" еместігін ұғындырған жөн. Мұнда ешқандай романтика, әсемдік, қаһармандық жоқ. Тек төгілген қан, тартқан азап пен тауқымет, баласынан айрылған ата-аналардың зары ғана бар.

Әр ұлт пен мемлекет өзінің болашағы болып табылатын жас ұрпақ үшін жауапты. Әзірге билік тарапынан ондай жауапкершіліктің байқалып отырғаны шамалы.

Балалардың банда құрып, тонаумен, ақша бопсалап, заңсыз табыс табумен, зорлық-зомбылықпен әуестенуін бейнелеген "Слово пацана" сериалы Татарстанның балалар омбудсмені Ирина Волынецтің төбе шашын тік тұрғызыпты. Бірақ ол да біздің билік сияқты қолын мерзімінен кеш сілтеп, енді ғана оған тыйым салуды ұсынып отыр. Роскомнадзор киноөнімнің дәстүрлі құндылықтарға қаншалықты қайшы екенін тексеретін болды.

Волынецтің пайымдауынша, сериал азаматтарға идеологиялық және психологиялық тұрғыдан ықпал етеді, "халықты күйретуге қабілетті, жат идеялар мен құндылықтар жүйесін қоғамға таңады, эгоизмді, бетімен, бассыз кетушілікті, тентектік пен сойқандықты, имансыздықты, патриотизм мен Отанға қызмет ету мұраттарын жоққа шығарушылықты уағыздайды". Оның мәліметінше, Ресейде осы сериалсымақты тамашалағаннан кейін жасөспірімдер топтар құрып, қылмыс жасай бастапты.

Алайда "Вечерняя Казань" басылымына сұхбатында балалар омбудсмені тыйым салу әзір болмайтынын мойындады: сериалға тыйым салу үшін ол толығымен түсіріліп бітуге тиіс екен. Әзірше алғашқы сериялары ғана көрерменге жол тартты. Барлық сериялары эфирге шыққаннан кейін бейінді сарапшылар оған толыққанды бағасын бере алатын көрінеді.

"Сериал түсірілімі басталғанда-ақ, қауіптеніп едік, оның түсірілімін тоқтатуға бағытталған қуатты наразылық керек еді. Бірақ онда дау айтуға болатын фактура қолымызда болмады. Бүгінде ол эфирге шығып кетті. Салдарынан эксперттер сериал финалына жеткенде ғана өз бағаларын бере алады. Қазірдің өзінде көрсетіп жатқаны масқара әрі зиянды", — деп өкіне бармағын шайнады балалар омбудсмені.

Картинаның Қазақстанға әсері туралы ресми мәліметтер жоқ. Ал Татарстанның құқық қорғау органдарының дерегінше, сериал көрсетіле бастағалы, Татарстанның Сарман ауданының жасөспірімдері Тelegram-арналар құрып, оны бұрынғы ғасырдың соңында болған қазандық атақты ұйымдасқан қылмыстық топтардың атымен атаған. Жасөскіндер Қазанда өзара төбелесіп, қаланың аудандарын ықпал аймақтарына бөліп алуға тырысуда. Әлеуметтік желі арқылы бір-біріне шайқас орнын ("стрелка") белгілейді. Жаға жыртысу түсірілген видеоларын мессенджерлерде жариялайды.

Жалпы алғанда, пікір білдірген азаматтар сериал айналасындағы шуды бекер санайды және оның жарнамаға қызмет ететініне назар аудартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу