Смайылов Үкіметінің қулығы Қазақстанның сыртқы борышын күрт кемітпек

16483

Сарапшылар мұны көз алдаушы фокусқа теңеп отыр. 

Смайылов Үкіметінің қулығы Қазақстанның сыртқы борышын күрт кемітпек

Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы 2022 жылғы 1 қаңтарда 165,1 млрд долларға жетті. Бұл қазіргі бағамға (1 доллар = 475 теңге) шаққанда, 78 трлн теңгеден асады.

"Қазақстанның сыртқы қарызы 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 165,1 млрд долларды құрап, +0,5 млрд долларға ғана өсті. Алайда сыртқы қарыздың құрылымы осы кезеңде қатты нашарлады. Тез өтелуге тиіс қысқа мерзімді қарыз тым көп – 2,9 миллиард доллар көлемінде тартылды. Ал ұзақ мерзімді борыштың 0,3 млрд доллары өтелді, 0,7 млрд доллары – есептен шығарылды. Мемлекеттік және квазимемсектордың сыртқы қарызы бірден 5 млрд долларға немесе 14%-ға артты. Валюталық нарықты тұрақтандыру және экономиканы қолдау шараларын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық банктің алтын-валюталық резервтерді сатып, айтарлықтай азайтуы сыртқы борыштың орнықтылық көрсеткіштерінің нашарлауына соқтырды", – делінген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының шолуында.

Сарапшылар егер жағдай осылай нашарлай берсе, тіпті дефолт жақындап қалуы мүмкін екенін ескертеді.

"2022 жылғы 12 айда өтелуге тиісті сыртқы қарыз орасан зор 11,7 млрд долларға немесе 47%-ға артып, жалпы сомасы 36,6 миллиард долларға жетті. Салдарынан, 2014 жылдан бері алғаш рет оның көлемі елдің алтын-валюталық резервінен асып түсті. Сәйкесінше, Гринспен-Гвидотти критерийі 2022 жылғы 1 қаңтарда 94%-ға жетті. Бұл нені білдіреді? Қаржыландырудың сыртқы көздері болмаса, елдің резервтік активтері биыл сыртқы қарызды төлеуге толық жетпей қалуы мүмкін", – деп түсіндірді қауымдастық сарапшылары.

Ал қандай да бір мемлекет өз қарызын өтей алмай қалса, ол дефолтқа ұшырайтыны белгілі.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының шолуы 2021 жылдың қорытындыларын талдайды. Дегенмен Ресейдің Украинадағы соғысы, көршінің қара алтын құбырын жауып тастай беруі ахуалды тіптен нашарлатуы ықтимал екен.

"Қазақстанның сыртқы қарызының көрсеткіштеріне жүргізілген егжей-тегжейлі талдау жасырын қауіп-қатерлер барын көрсетті. Ол сын-тегеуріндер қазіргі геосаяси ахуал жағдайында мемлекеттік қаржының орнықтылығына және ұлтық валютаның тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін", – деп санайды ҚҚҚ сарапшылары.

Осыған байланысты Үкімет дабыл көтеріп, сыртқы қарызды қысқартуға бағытталған пәрменді қимылға, тегеурінді шараларға кірісуге тиіс еді.

Оның орнына Қаржы министрлігі сыртқы қарыз арасынан мемлекеттiк борышты бөліп қарастыру керек деген ескі жырына басты. Жамаубаев ведомствосының дерегінше, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыш 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 22 трлн 962,7 млрд теңгені немесе 50 млрд 115 млн долларды құрады.

78 трлн сыртқы қарыздың осыдан басқасы – қазақстандық жеке компаниялардың, банктердің шетел алдындағы қарызы. Оны өтеуге мемлекет міндетті емес дегенге келтірді. Сонымен бірге бұл санатта квазимемлекеттік сектордың алапат қарызы да бар. Оның басым бөлігі мемлекеттің кепілгерлігімен алынған. Мысалы, Астана ЛРТ-ның 1,5 млрд доллар қарызы бюджеттен өтелуде.

Дегенмен мемлекеттің өзінің 50 миллиардтан астам доллар қарызға батқаны – масқара жағдай. Бұл цифр да үрей тудырып, төбе шашты тік тұрғызады. Халықты шошыта бермеуді ойлады ма, Ұлттық экономика министрлігі көзбояу тірлікке барғалы тұр. Ол енді мемқарызды күрт азайту үшін одан Ұлттық банкің қаптаған қарыздарын алып тастауды ұсынды. Еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровтың командасы мұндай құйтұрқы схеманы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының арасына қосып жіберді.

Экономика министрлігінің түсіндіруінше, мемлекеттік борыштың құрылымына – Үкіметтің борышы, жергілікті әкімдіктердің және Ұлттық банктің борышы кіреді. Үкімет енді ҰБ-ның тоқтаусыз өскен борышын статистикаға қоспауды ұсынып отыр.

Мұны қалай түсіндіреді?

"Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың қарыз алу мақсаты түсінікті. Олар сонымен бюджет шығыстарын қаржыландырады. Ал Ұлттық банктің борышы – қысқа мерзімді ноталардан құралады. Ол борыш банк жүйесінің өтімділігін-ликвидтілігін реттеуге арналған ақша-кредит саясатының құралы болып табылады және бюджет шығыстарын қаржыландыру үшін пайдаланылмайды. Осыған байланысты мемборыш статистикасын жетілдіру және оны халықаралық әдіснамаға сәйкес келтіру аясында Ұлттық банк борышын мемлекеттік борыш құрылымынан алып тастау ұсынылады", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Сарапшылар мұның жай көзбояушылық, жауырды жаба тоқу екенін айтады. Экономика ғылымдарының докторы Игорь Белскихтің мәліметінше, бұл мемлекеттік қаржының үгіле бастаған ұстынына күрделі жөндеу емес, бояп, косметикалық жөндеу жүргізумен тең.

"Шетелдік тәжірибеге келсек, дамыған елдерде орталық банктердің қарызы да мемлекеттік борыш статистикасына кіреді. Мысалы, АҚШ public debt және intragovernmental holdings debt аталатын қос бөліктен тұратын мемборышына өзге елдерден, шетелдік және ішкі инвесторлардан, тіпті өзінің штаттарының билік органдарынан, ұлттық агенттіктерінен, зеинетақы және әлеуметтік қорлардан алған қарыздарын да қосады. Яғни АҚШ алапат борышы барын жасырмайды. Егер Қазақстан Үкіметі де Ұлттық қордан трансферт емес, қарыз түрінде алса, мемборышы қатты өсер еді. Ұлттық банк те қысқа мерзімді ноталар шығару арқылы мемлекет үшін қарыз тартады. Ендеше ол да сөзсіз, мемлекеттік борыш саналады", – деді сарапшы.

Жалпы Қуантыров сарапшыларының дәйектемесі сын көтермейді. 

"ҰБ мен Үкіметтің және ЖАО-ның борыштық міндеттемелерінің функционалдық айырмашылықтары әртүрлі, сондықтан ҰБ борышын мемлекеттік борышқа қоспаған жөн", – дейді Экономика министрлігі.

Мысалы, министрліктердің міндеттемелері де өзгешеленеді, өзара функционалдық айырмашылыққа толы, бірақ оның бәрі Үкіметтің құрамына кіреді ғой.  

Жаңа заң жобасында мемборышты азайтудың тағы бір тәсілі ұсынылған. Қуантыров командасы "өзін-өзі ақтамайтын" жобаларға мемлекеттік кепілдікті беруге тыйым салуды ұсынады.

"Мемлекеттік кепілдіктер беруге қойылатын талаптар жетілдіріледі. Мемлекеттік кепілдікпен алынған қарыздардың ішінде ең көп тәуекелдерге "өзін-өзі ақтамайтын жобалар" ие. Мемкепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындамау жағдайларын барынша азайту үшін "өзін-өзі ақтамайтын" жобаларды іске асыруға қарыз алу кезінде мемлекеттік кепілдік беруден бас тарту орынды болып табылады", – деген түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Сарапшылар бұл жерде асығыс қадам жасамай, жеті рет өлшеп, бер рет кесіп, анық басу керектігін ескертеді. Себебі министрлік "өзін-өзі ақтамайтын жобалар" деп күстәналап отырғандардың арасында мемлекеттік мүдде тұрғысынан стратегиялық маңызды, халық үшін аса қажет жобалар жетерлік. Мысалы, солтүстік Арал теңізін құтқарып қалуға арналған Көкарал бөгетін салуға шетелден қарыз тартылды. Бұл жоба – коммерциялық емес, негізінен әлеуметтік бағытталған. Демек Экономика министрлігі 2005 жылы осындай ұсыныспен шыққанда, Аралдағы бөгет секілді аса маңызды нысан салынбай қалуы мүмкін бе еді.

Бұдан бөлек, халықаралық несие қаражатқа салынып жүрген су арналары, дренаж жүйелері, өзен түбін тазарту және тереңдету, инженерлік-коммуникациялық жүйелер тарту сияқты жобалар да өзін-өзі ақтамайды, бірақ олар жапсарлас-жанама салалардың дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне мультипликативтік әсер етеді.   

Қуантыровтар қалаған екен деп, оның бәрін мемкепілдіктен айырса, не болады? Халық Жаңа Қазақстан олигархтарға емес, әлеуметке, халыққа бағдарланған мемлекет болады деп күтіп отыр. Егер мемлекет банктерді қорландыру, алып зауыт-кәсіпорындар ашу, ірі ойын-сауық сауда орталықтарын салу секілді тек өзін-өзі ақтайтын коммерциялық жобалардың халықаралық несиесіне ғана мемкепілдік ұсынса, одан тек олигархтар ұтуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу