Қосымшаның мобильді жүктемесі де бар. Ұйымның жұмысын жетілдіріп, саладағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін жасалып отырған инновациялық өнім салалық кәсіподақ ұйымдарының барлығына таратылуы үшін қанатқақты жоба ретінде сынақтан өтуге тиіс.
"Yntymaq" салалық кәсіподағының төрағасы Қайрат Жанабековтің айтуынша, әзірге бұл сервистің қызметіне 50 мыңға жуық адам тіркелген.
"Бұған дейін кәсіподақ мүшелеріне пластикалық карта түріндегі электронды билет берілген болатын. "Smart Kasipodaq Yntymaq" қосымшасынан берілетін QR-код соның орнын алмастыра алады. Осы кодты көрсету арқылы кәсіподақ ұйымдарымен серіктестік орнатқан дүкендер мен қызмет көрсету нысандарының жеңілдігін пайдалануға болады. Мәселен, "Технодом" дүкендер желісі "Smart Kasipodaq Yntymaq" қосымшасын қолданушыларға 25 пайыздық жеңілдік береді. Қосымшада "Салалық парақ", "Жаңалық парағы", "Заңгерлік көмек", "Менің кәсіподағым" айдарлары бар. Осы айдарларға кіру арқылы 24 сағат бойы үздіксіз кеңестер мен көмек алуға болады. Ол үшін заңгерлер тобы жасақталған", – дейді Қайрат Жанабеков.
Аталмыш қосымшаны пайдалану үшін смартфонға жүктемені орнатып, жұмыс істейтін орныңыз бен өзіңіз тіркелген бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы деректерді толтыру қажет. Қосымшаны жүктеп, пайдалану кәсіподақ мүшелері үшін тегін болмақ. Ал бастауыш ұйымдар тіркелген әрбір мүше үшін айына 500 теңге төлейді.
"Мұның кәсіподақ мүшелеріне ешқандай шығыны жоқ. Ал бастауыш ұйымдар жарналық қордан айына 500 теңге төлеп отырады. Елімізде 2 миллионнан астам адам кәсіподақ федерациясында тіркелген. Әзірге қанатқақты жоба болғандықтан, тек "Yntymaq" салалық кәсіподағына тіркелген 50 мың адам ғана еніп отыр. Болашақта қосымшаны қолданушылардың саны артатынына сенімдіміз" , – дейді кәсіподақ өкілі.
Ал Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тожанов қосыманың ең әуелі қарапайым еңбеккерлермен "кері байланыс" орнату үшін жасалып отырғанын айтты.
"Қарапайым жұмысшы қағазбастылыққа жолықпай, тікелей бізге шыға алуы керек. Яғни бұл жоба ашықтық үшін жасалып отыр. "Халықтық кәсіподақ" дегенді жиі айтып жүрміз ғой. Бұл соған тікелей апаратын тура жол болмақ", – деді федерация төрағасы.
Есімжан Нақтыбайұлы