Сметов жеңе алмаған жапондық балуан үлкен спортқа оралады

352

Балуан биыл Париж олимпиадасынан тыс қалған. 

Сметов жеңе алмаған жапондық балуан үлкен спортқа оралады Фото: metaratings.kz

Дзюдодан Токио Олимпиадасының чемпионы, жапониялық Наохиса Такато бозкілемге қайта оралатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Балуан биыл Париж Олимпиадасында спортшылардың өнерін татамидің шетінде отырып тамашалады. Алайда Такато осыдан кейін үлкен спортқа қайта оралу туралы шешімге келген.

"Мен Париж Олимпиадасында татамидің шетінде отырғанымда жүрегімде қайтадан бір жанартаудың атқылағанын сездім. Құрамадағы менен жасы үлкен Хашимото мен Цунода сынды дзюдошылардың өнерін бақылап отырып, мұнымен тоқтай алмайтынымды түсіндім. Қазір 31 жастамын. Дзюдо үшін ардагермін. Алайда Олимпиадаға қатысу үшін бәрін басынан бастап, барымды саламын. Бұл жеңіл жол емес. Бірақ мен татамиге қайта ораламын", - деді Такато.

Наохиса Такато өткен жылдың соңында өткен Токио Гранд Слэмінде өзінің құрамадағы басты қарсыласы Рюджи Нагаямаға есе жіберген соң Париж Олимпиадасынан тыс қалған болатын. Ол 60 келіде Рио Олимпиадасында қола жүлде иеленсе, Токиода чемпион атанды. Сондай-ақ, әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы. Азия біріншілігінде бір рет топ жарған.

Такато Қазақстан дзюдошысы Елдос Сметовпен татамиде көп кездескен спортшы. Алайда Сметов оған бірнеше мәрте есе жіберіп, осыған дейінгі сындарда басымдық таныта алмаған еді.

Париж Олимпиадасында Елдос Сметов өз салмағында чемпион атанған соң Наохиса Такато арнайы құттықтап, шын қуанышты екенін жеткізген еді. Сондай-ақ, ол Сметовке Олимпиадаға киген кимоны бұдан сәл ертеректе сыйға тартқанын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу