Сочиде кездескен Тоқаев пен Путиннің риторикасынан нені аңғаруға болады

3659

Халықаралық сарапшы Риззат Елубаев Ресейдің Сочи қаласындағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуі жайлы ойын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сочиде кездескен Тоқаев пен Путиннің риторикасынан нені аңғаруға болады

Сарапшылардың кейбірі Ресейдің Қазақстанға жан-жақты қысымы күшейіп барады деген сыңайда пікір білдіреді. Тіпті Батыс елдері сарапшыларының "Ресей келесі кезекте Қазақстанға басып кіреді" деген болжамы да Қазақстан қоғамын алаңдататыны рас. Алайда оған балама ойлар да бар.

"Жалпы Ресей тарапы Сочи қаласындағы резиденцияны көбінесе бейресми және жұмыс сапарлары үшін көп қолданады. Бүгінгі таңда да бұл кездесу алдын ала жоспарланған болатын. Санкт-Петербургтегі халықаралық, экономикалық форум аясында екі ел тарапы тағы да кездесуге келіскен. Яғни сол кезде шешілмей қалған мәселелердің болғанын айқындайды. Бүгінгі таңда бұл сұрақтардың біршамасы шешілген секілді. Өйткені екі ел президентінің риторикасынан соны аңғаруға болады", – деді Риззат Елубаев.

Сарапшының айтуына қарағанда, жалпы екі ел президентінің кездесуі екі жарым сағатқа созылған. Екі елдің басшысы жабық есік артында біршама сөйлескен. Риззат Елубаев бұл ретте қазіргі саяси ахуалға және халықаралық саяси ахуалға байланысты көптеген күнделікті сұрақтар туындап жатқанына назар аударады. Сондықтан екі ел тарапы бұл мәселелерде бір-бірінің көзқарасын анықтап, алдағы уақытқа жоспарларды белгілеген деп болжайды сарапшы.

"Күн тәртібіне қойылған келесі мәселенің бірі – ТМД-ның және интеграциялық үрдістердің посткеңестік аумақтағы тағдыры секілді. Өйткені соңғы уақытта Ресей тарапы бұл ұйымдардың жұмысын жандандыруды және бір-екі жаңа ойлар енгізетін секілді. Бұл ойлардың бәрін талдау қажет. Сол себепті алдағы уақытта Қазақстан ТМД төрағалық еткенде бұл жұмыс аясында көп сұраққа екі елдің президенті алдын ала келісіп алған секілді", – деді ол.

Риззат Елубаев бұл кездесу халықаралық ақпараттық кеңістікте көлеңкеде қалғанын айтады. Өйткені дәл осы кездесумен қатар Украина Президенті Зеленскийдің Түркия басшысы Ердоғанмен кездесуі, БҰҰ басшысы Гутериштің де Львов қаласындағы сапары болған. Сол себепті халықаралық БАҚ-тың назары сол кездесулерге ауып, Тоқаев пен Путиннің кездесуіне аса көп назар аударылмаған.

"Бұл жақсы болған секілді. Өйткені соңғы уақытта Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын теріс пиғылда пайдалану немесе ақпараттық шабуылдар көбейген сыңайлы. Мұны Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінен де аңғаруға болады. Яғни екі ел арасындағы қарым-қатынасы туралы фейктердің көбейгені жайлы... Бұл тыныш атмосфередағы екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарды, стратегиялық ынтымақтастықты байыппен талқылауға мүмкіндік берді деп ойлаймын", – деп түйді ойын сарапшы.

Еске сала кетсек, кеше Ресейдің Сочи қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездескен болатын.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың жазуынша, Сочиде ұзаққа созылған жеке кездесудегі келіссөздің қорытындысына Тоқаевтың көңілі толатынын жеткізген. Мемлекет басшысының пікірінше, келіссөз өзара сенім әрі іскерлікпен ерекшеленген айырықша достық атмосферада өткен.

"Президент сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастыққа, екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-әрекетіне қатысты барлық мәселелер жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Мемлекеттер басшылары өздерінің деңгейіндегі уағдаластықтарды екі ел үкіметтерінің тұрақты түрде жүзеге асыруы маңызды деп түсінеді. Президенттер тұрақты жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге құрметі мен қонақжайлығына шынайы ризашылығын білдірді", – деп жазады Руслан Желдібай.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу