Қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша Самоделкина 190,96 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды.
Алтын медальді жапониялық Рион Сумиёси (204,29 ұпай), күмісті оның отандасы Монэ Тиба (203,85 ұпай) иеленді.
Бұл жетістік қыздар арасында мәнерлеп сырғанаудан ел тарихындағы екінші Универсиада медалі. Бұған дейін, 2019 жылы Красноярскіде өткен Универсиадада Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль жеңіп алған еді.
Айта кетейік, 17 жастағы Софья Самоделкина 2023 жылдың жазында Ресейден Қазақстанға спорттық азаматтығын ауыстыру туралы шешім қабылдады. 2024 жылдың мамыр айында оның Қазақстан құрамасы сапына ресми түрде қосылуы мақұлданды. Ал тамыз айында ол ұлттық құраманың мүшесі ретінде тіркелді.
Бүгін 19 қаңтар Универсиада ойындары жалғасын таппақ. Қазақстандық спортшылардан шаңғы жарысынан аралас командалық спринттен Ілияс Исабек, Лаура Кыныбаева, Святослав Матасов, Елизавета Толмачева сынға түседі.
Спорттық бағдарлаудан ерлер арасындағы спринтте Давид Сиволапов, Александр Фирсов, Иван Биткин, Никита Иост, Илья Таганашкин, ал қыздар арасында Анжелика Гарифова, Валерия Чупина, Ангелина Кузьмина, Евгения Завьялова, Карина Боранбаева жарыс жолына шығады.
Сондай-ақ ерлер арасында ширек финалда шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Словакиямен кездеседі. Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы А тобында өнер көрсетіп, Швеция мен Оңтүстік Кореяны жеңіп, Канада мен Чехиядан жеңіліс тапты. Нәтижесінде, біздің құрама топта үшінші орынды иеленіп, Словакияға қарсылас атанды.