"Соғыс балалары" жеңілдікке ие бола ма?

1864

Биліктің аға ұрпақтың ерлікке бара-бар еңбегіне деген бағасы 6,5 мың теңгемен шектелді.

"Соғыс балалары" жеңілдікке ие бола ма?

Қариялар да, Парламент депутаттары біраз жылдан бері елімізде "соғыс балалары" деген мәртебені бекіту мәселесін көтеріп келе жатыр. Бұл санатқа Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін туған балаларды жатқызу ұсынылып жүр. Бұл азаматтардың көзі тірілері тегіс зейнеткерлік жаста болғандықтан, депутаттар олардың зейнетақысына үстемеақы қосуды сұрап, былтырғы мамырда Үкіметке жүгінген болатын. Мамин Үкіметі одан бас тартты, бюджетте оған қаражат жоқтығын меңзеді.

Содан бері ахуал өзгерді, Үкімет жаңарды. Олигархтар елді қанап, бюджеттен талаған жүздеген миллиард қаражатты мемлекетке кері қайтаруға міндеттеліп отыр. "Қазақстан халқына" қоры құрылды. Осыған орай адамзат тарихындағы ең ірі жаһандық соғыс, алапат қан-қасап кезінде өмірге келіп, бөбек кезінен тағдыр теперішін тартқан, балалық шағынан айырылған адамдар Үкіметтен көмек сұрап, аталған мәселені қайта қаузай бастады.

"Неге аққұла біздің Қазақстанда "соғыс балалары" деген мәртебе жоқ, осы жайт қайран қалдырады. Менің анам 1939 жылы дүниеге келген, 1940 жылғы ағасымен бірге бүлдіршін кезінен аштықты, ыстық-суықты, өмірдің небір тауқыметін бастан өткерді. Бірақ ағасы Ресейде тұрады және "соғыс баласы" мәртебесіне ие. Солтүстік көршіде бұл санаттағы азаматтарға зейнетақысына қосымша үстемеақы төленеді. Әртүрлі мерекелерде оларға бір реттік төлемақымен, сыйлықтармен, тіпті орден-медальдармен құрмет-қошемет көрсетіледі. Ал Қазақстанда тұратын анам бұдан қағылған. Меніңше, жаңа Үкімет осы мәселені пысықтағаны жөн", – дейді қоғам белсендісі Светлана Воронцова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Қазақстанда "соғыс балалары" мәртебесі заңда бекітілмегенін, тиісінше, оларға ешқандай әлеуметтік кепілдіктер ұсынылмайтынын айтады.

"Себебі Ұлы Отан соғысы кезеңінде Қазақстан аумағында соғыс қимылдары жүрген жоқ, бұл сонымен байланысты. Біздің министрлік ҰОС жылдарында туған, сондай-ақ ҰОС жылдарында тылда жұмыс істеген азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету саласындағы ТМД елдерінің тәжірибесін зерделеді. Посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында жалғыз Украинада ғана "соғыс балалары" деген статус заң жүзінде белгіленген және оны иеленгендерге жеңілдіктер, зейнетақысына үстемеақылар беріледі. Ресейде федералды заңнама деңгейінде "соғыс балалары" деген мәртебе жоқ. Дегенмен федерацияның жекелеген өңірлерінде, мысалы, Амур, Белгород, Пенза облыстарында соғыс жылдарында туғандарға үстемеақылар мен жеңілдіктер ұсынылады", – дейді министр.

Ол бізде тыл еңбеккерлеріне көмек қарастырылғанына назар аудартты. Ресей мен Беларусьте соғыс жылдарында тылда жұмыс жасағандарға және әскери қызметін тылда өткергендерге заң жүзінде әлеуметтік кепілдіктер бекітілген.

"Ұқсас нормалар біздің елімізде де бекітілген. Қазақстанда екі санат үшін – ҰОС жылдарында тылдағы ерен еңбегі және кіршіксіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес Одағының ордендерімен, медальдарымен марапатталған тұлғаларға, сондай-ақ 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейінгі аралықта кем дегенде 6 ай еңбек еткен, әскери қызметін өткерген, бірақ ешқандай орден-медальмен наградталмаған тұлғаларға әлеуметтік кепілдіктер көзделген. Марапатталғандарға да, марапатталмағандарға да, яғни тыл еңбеккерлерінің қос санатына да арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Оның көлемі 2,13 АЕК-ті құрайды. Бұл 2022 жылы 6 524 теңгеге тең", – деді С. Шәпкенов.

Айта кету керек, бұл санатқа кірудің өзі күрделі. Себебі ол үшін азаматтың соғыс жылдарында ел аумағында өмір сүргені аздық етеді. Ең бастысы, азғантай жәрдемақыны алу үшін соғыс жылдарында жұмыс өтілі болғанын растайтын құжатты тапсыруы шарт. Ал мемлекет пен халық тегіс майдан мүддесіне жұмылған қарбалас, қиын кезеңде бәрін мұқият құжаттап жүруге көпшілік мән бермегені мәлім.

Салдарынан, бұл мәртебеге көптеген Қазақстан тұрғыны қол жеткізе алмады.

Кейін Үкіметтің көңілі сәл "жібіді": 2015 жылғы 3 маусымда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің №445 бұйрығымен тиісті қағидаларға өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, осы арнайы мемлекеттік жәрдемақыны алғысы келетін, бірақ жұмыс өтілін растайтын құжаты жоқ азаматтарға арнайы комиссияның алдынан өтуге, сонда соғыс тұсында өзімен бірге жұмыс істеген және соғыс кезіндегі өзінің жұмыс өтілін дәлелдейтін тиісті құжаты бар 1 әріптесін куәға тартуға рұқсат етілді. Комиссия соның айғақтауы негізінде жәрдемақы тағайындайды не одан бас тартады. Сондай-ақ не құжаттары сақталмаған, не куәгер таба алмаған адамдардың атынан Ардагерлер кеңесіне өтініш беру мүмкіндігі енгізілді: ол адамның 1941-1945 жылдары жұмыс істеген-істемегенін кеңестің өтініші негізінде арнайы комиссия анықтауы керек.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың мәліметінше, "соғыс балалары" ұғымы тек Ұлы Отан соғысы кезінде туғандарды ғана емес, сондай-ақ сұрапыл соғыс аяқталған тұста 18-ге толмаған, яғни 1927 жылы туғандарды да қамтиды.

"Қазақстанда қазіргі кезде бұл азаматтардың жалпы саны шамамен 469 мың адамнан асады. Бұл ретте олардың ең жасы – 76 жаста. Бұл санаттағы азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру аясында жүзеге асырылуда", – деді Е. Тоғжанов.

Демек бұл мәселеде Мемлекет басшысы жеке шешім қабылдамаса, "соғыс балалары" мәртебесін енгізу жаңа Үкіметтің де жоспарында жоқ көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу