Соғыс басталғалы АҚШ және басқасының Украинаға нақты қанша млрд бергені анықталды

8237

Осының алдында Президент Дональд Трамп АҚШ-тың Украинаға жұмсаған шығынын 400-500 млрд долларға бағалаған болатын.

Соғыс басталғалы АҚШ және басқасының Украинаға нақты қанша млрд бергені анықталды Фото: english.almayadeen.net

Ол соның өтемі ретінде Украинадан сирек кездесетін пайдалы қазбаларды беруді талап етті.

Сонымен Германиядағы жетекші Киль (Kiel) экономика институтының мәліметінше, қарулы қақтығыстың 3 жылында Украина 267 миллиард еуро көмек алды. Жылына шамамен 80 млрд еуродан келеді.

Институт сарапшылары бұл соманы болжамды түрде (көмектің бір бөлігі құпияландырылған) келесідей ажыратып отыр:

  • 130 миллиард еуро немесе 49%-ы – әскери көмек;
  • 118 миллиард еуро немесе 44%-ы – қаржылай қолдау;
  • 19 миллиард еуро немесе 7%-ы – бейбіт тұрғындарға арналған гуманитарлық көмек.

АҚШ әлде Еуропа: Қайсысы көбірек көмек көрсетті?

Бастапқыда Еуропа соғысқа дайын болмай шықты. Алғашқы күндері қомақты көмек көрші Түркиядан жеткізілді.

Жаудың беті тойтарылып, орталық облыстар азат етілген соң майдан шебі шекаралас облыстарға ығысты. Осы кезде АҚШ Украинаның негізгі әскери серіктесіне айналды.

"2022 жылдың наурызында АҚШ Президенті Джо Байден Украинаға 13,6 миллиард доллар грант бөлу туралы құжатқа қол қойды. Сәуірде АҚШ тағы 500 млн доллар көлемінде көмек беретінін жариялады. Бұған қоса, біздің мемлекетке әртүрлі типтегі қару ұсыныла бастады, олар да біраз қаржы тұрады. Қолдауы ретінде 2023 жылы Президент Джо Байденнің өзі Киевке сапармен келді. Еуропалық Одақ қаржылай көмек көлемі жөнінен АҚШ-тан кейінгі екінші серіктеске айналды", – деп жазды "Новини.LIVE" редакторы Ольга Антоновская.

Оның мәліметінше, Батыс елдерінің көмегінің бәрі бірдей қорғанысқа бағытталмаған. Мысалы, 2022 жылы, соғыстың басында Еуропа Украинаға "жасыл экономиканы" қолдау, декарбонизация және басқасы үшін 2 миллиард еуро бөлген екен. Осы мақсатта наурыз айында Киев тағы 1,2 миллиард еуро алыпты.

Мысалы, дәл соғыс уақытында, қорғаныс мен қару-жараққа қаржы жетпей жатқанда бұл елдің әр өңірі мен қаласында асфальт жолдарды төсеуге бюджет қаражатының шығындалуы тіпті украиналық сарапшылардың сынын туғызған болатын.  

Сол жылғы күзде Еуроодақ Украинаға макроқаржылық көмек ретінде 9 миллиард еуро ұсынуға шешім қабылдады. Бірақ бұл ақшаның 82%-ы – кредит түрінде берілген, небәрі 8%-ы ғана грант.

Сарапшылар шамамен 2023 жылдың ортасында Украинаны қаржыландыруда АҚШ пен Еуропаның орындары ауысқанын еске салды. Өйткені осы кезеңде АҚШ Конгресі Украинаға 60 миллиард доллар көмек ұсынуды тоқтатып тастады. Салдарынан америкалық қолдау ағыны күрт қысқарды. Ол бірнеше ай өткеннен кейін құпталды.

Соның кесірінен, бүкіл 2023 жыл бойы АҚШ Украинаға 10,95 млрд доллар қаржылай көмек қана көрсете алды.

Дәл осы кезде Киев Еуропалық Одақпен Кредиттік келісімшарт пен Өзара түсіністік туралы меморандум бекітті. Құжаттар 35 миллиард еуро макроқаржылық көмек ұсынуды қарастырды.

Бұдан бөлек, 2023 жылы Еуроодақ Украинаға:

  • Мектептерді қалпына келтіруге – 66 млн еуро;
  • Жау күйреткен энергетикалық жүйені жөндеуге – 50 млн еуро;
  • Украина мен босқындарына гуманитарлық көмекке 110 млн еуро бағыттаған.

АҚШ Президенті Джо Байден өз каденциясы аяқталып қалған тұста Украинаға қолдауды күшейтуге және жағдайды шамалы болса да түзеуге тырысты. Американың көмегінің легі қайтадан артты.

Атап айтқанда, 2024 жылдың соңына қарай Байден бір пакет аясында шамамен 2,5 миллиард долларға көмек берілетінін жариялады.

Шамалы кейін АҚШ тағы 500 миллион доллар көмек пакетін бағыттайтынын мәлімдеді.

Америкалық ақпарат құралдары Байденнің орнын басқан жаңа Президент Дональд Трамп билікке келгелі АҚШ көмегі әрі қарай жалғасқанын жазады. Алайда алда оны түпкілікті тоқтатып тастауы да мүмкін.

Осы орайда Трамп Киевке америкалық көмекті әр жерде әртүрлі бағалап жүр: сомасы 300-ден 500 миллиард долларға дейін құбылады.

Украина Президенті Владимир Зеленский мүлдем басқа сандарды атады. Оның дәйектеуінше, өткен 3 жылда Вашингтоннан Киевтің қолына тигені Трамп айтып жүрген сомадан бірнеше есе аз.

"Президент ретінде айтамын: біз АҚШ-тан көмек ретінде нақты 75 миллиард доллардан астам қаражат алдық. Яғни, кейбіреу айтып жүргендей, тіпті 200 миллиард та, 177 миллиард доллар да алған жоқпыз", – деді Зеленский.

Ол мысалы, қаруға деп бөлінген америкалық қаражаттың 70 пайызға дейінгісі АҚШ-та қалғанын, америкалық қару өндірушілерге аударылғанын алға тартты.

Қалай болғанда, Украина тарапының табандауынша, 2023 және 2024 жылғы іркілістер салдарынан Еуропа елдері көмек жөнінен Американы бәрібір басып озды.

Украинаның дерегінше, еуропалық елдер 3 жыл ішінде 70 миллиард еуро қаржылай және гуманитарлық көмек ұсынған, сондай-ақ шамамен 62 миллиард еуро әскери көмек жіберді.

Ал, АҚШ шамамен 64 миллиард әскери көмек пен 50 миллиард қаржылық және гуманитарлық қолдау көрсеткен екен.

Киль институтының сарапшылары бұл соғыстың Батыс елдеріне тым қымбатқа түсіп жатқанын жоққа шығарды. Экономика көлеміне шақтағанда қолдау көлемі тым мардымсыз болып қалуда.

Мысалы, Германия, Ұлыбритания мен АҚШ Украинаны қолдау үшін төл жылдық ЖІӨ-сінің 0,2%-ынан да аз қаражат бөлген.

Сонымен бірге, Франция, Италия немесе Испанияның көмегі олардың ЖІӨ-сінің 0,1%-ынан көп аспайды.

Сарапшылар бұл елдердің тіпті кез келген ішкі саяси басымдықтарына Украинаға көмектен де көп шығын шығаратынын қаперге салды.

Мысалы, Трамптың мигранттарды жаппай депортациялау бағдарламасы жалпы алғанда 600 млрд доллар шығын шығаруды қарастырады. Соның ішінде 316 миллиарды – заңсыз келімсектердің жаңа ағындарына тосқауыл қою шараларына жұмсалмақ.

Қалай болғанда, АҚШ-тың Украинаға жаңа көмек бөлуі мәселесі дағдарған күйде тұр. Бірақ Украинаға Еуропа ғана емес, Жапония, Корея, Канада, Түркия, Әзербайжан және басқа да елдер, сондай-ақ Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры сияқты қаржылық ұйымдар көмегін жалғастыратын болады.

Мысалы, Жапония 3 миллиард долларға көмек жеткізді. Оның ішінде қару-жарақ, әскери амуниция, дрондар, бронежилеттер және басқасы бар. "Күншығыс елі" Киевке 581 млн доллар қаржылай қолдау көрсетті.

Бір ғана Ұлыбритания 15,1 миллиард доллардай жаңа көмек бөлуді жоспарлап отыр. Бұған дейінгі 3 жылда "Тұманды Альбион" 5 миллиард доллардан аса көмек көрсетіпті. Бұдан бөлек, екі ел 100 жылдық серіктестік туралы келісім бекітті. Оның аясында ағылшындар серіктесінің тәуелсіздігін қорғауға қолдау көрсетуге ниетті.

Германия бір ғана 2024 жылы 8 миллиард еуродан астам көмек жолдады және биыл оны бірнеше есе арттыруы мүмкін. Атақты "Пэтриоттар" да осы елден келгені мәлім.

Украинаға көмегін жалғастырған елдер арасында Канада, Норвегия, Польша, Франция, Эстония, Италия, Финляндия, Латвия, Чехия, Литва, Нидерланд, Словения, Швеция, Дания және басқа да көптеген мемлекет бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу