Соғыс дрондарын қырғидан қағып түсетін жаңа технология сыналды

1729

Америкалық тарихшы ғалым, Йель университетінің профессоры Тимоти Снайдер бұл өнертабысқа қаржы жинады. 

Соғыс дрондарын қырғидан қағып түсетін жаңа технология сыналды

Украинаға Батыстың әуе шабуылына қарсы кешендерді жеткізуі арқасында бұл елдің астанасының аспаны жақсы қорғала бастады. Мысалы, бүгінде ресейлік әскердің Киевке аттандырған дрон-камикадзелерінің жүз пайызға жуығы атып түсіріледі екен. Сондықтан Мәскеу тактикасын күрт өзгертіп, енді дрондармен Украинаның аспаны жете қорғалмаған өңірлерін шабуылдап, қан-қақсатып жатыр.

Салдарынан, өткен сенбіде, 11 ақпанда ресейлік беспилотниктер Украинаның оңтүстік және орталық облыстарын шабуылдады. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, "Шахедтер" Днепропетров және Запорожье облыстарын соққылады. Бұл күні РФ армиясы 3 дрон-камикадзе және бірнеше дрон-шпион жолдағаны мәлім болды. Жергілікті қорғаныс күштері өкілдерінің мәліметінше, дырылдаған дыбысына орай "мопед" аталып кеткен пилотсыз ұшатын аппараттардың бірі – Кривой Рог қаласына, тағы екеуі – Вольнянское қаласына жетіп жарылған.

Жалпы, бұл елге қарсыласының дрондарымен ұзақ күресуге тура келетінге ұқсайды. Оның үстіне мұндай шабуылдар қарқыны алда тек артуы мүмкін. The Guardian хабарлауынша, өз мемлекеттік авиакомпаниялары және Каспийдегі әскери-теңіз флоты арқылы Иран Ресейге қашыққа ұшатын соғыс дрондарының кем дегенде 18 данасын жеткізген. Басылым Mohajer-6 жетілдірілген үлгідегі беспилотниктерінің 6 бірлігі, әуеден де, жерден де соққы бере алатын Shahed 191 және 129 типті 12 пилотсыз ұшатын аппараттары туралы сөз болып отырғанын нақтылады. РФ былтырдан бері белсенді пайдаланып келе жатқан Shahed 131 және 136 беспилотниктерінен айырмашылығы, жаңа дрондар нысаналарын бомбалаған соң базаға кері оралуға қабілетті. Яғни, көп рет қолданылатын техника.

Бұдан бұрын The Wall Street Journal  Ресей мен Иран Тегеранның технологиялары бойынша пилотсыз ұшатын аппараттар өндіретін зауыт салуға келіскендерін хабарлады. Басылым дерегінше, кәсіпорын Татарстанның Елабуга қаласында тұрғызылуы мүмкін. Жаңа зауыт кем дегенде 6 мың дрон шығаруы мүмкін. Бұл ақпаратты ресми Тегеран жоққа шығарып отыр. 

Қалай болғанда, агрессордың шабуылынан бас көтере алмай жатқан Украина үшін әскери дрондардан қорғану күн тәртібіндегі көкейкесті мәселеге айналды. Осы орайда америкалық тарихшы, Йель университетінің профессоры Тимоти Снайдер "Шахидтерді аулаушы" ("Ловец шахидов") деп аталған, дрондармен күресетін кешендерді жасауға 1 268 000 доллар қаражат жинады. Оны ол Украина Қарулы күштеріне табыстауға ниетті. Бұл туралы Украинаның Цифрлық трансформация министрі Михаил Федоров мәлім етті. Олардың алғашқы партиясы жеткізілген.

"Осындай 6 жүйе Украинаның энергетикалық объектілерін ресейлік шабуылдардан қорғауға кірісті. Тимотидің жылу жинауы арқасында бұдан да көп "аулаушыларға" қол жеткіземіз. Дрондармен күреске арналған кешен үшін қаражат жинау UNITED24 платформасында жүргізілді. Адамдар 11 278 рет донат (қайырмалдық) жасады", – деп баяндады министр М.Федоров.

Бұл жерде АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен израильдік белгілі тарихшы Ювал Ной Харари да қолдап, қаржы жиюға өз үлесін қосқан екен.

Жылу жинау 2022 жылғы қарашада басталған болатын. Ал 2023 жылдың қаңтарында Михаил Федоров "Шахид аулаушылар" Украинаға да келіп жеткенін жариялады. Содан соң оларды сынау жұмыстары бастау алды.

"Бұл әлемде бар ең заманауи қорғаныс технологиясы. Ол қазіргі кезде Америка Құрама Штаттарының стратегиялық объектілерінің қорғанында тұр. Радарлар кешені және сигналды өшіру құралдары дұшпанның пилотсыз ұшатын аппараттарын тез тауып, қапысыз танып, бұғаттап тастауға және оған қарсы төл дрондарын аттандыруға мүмкіндік береді. Fortem DroneHunter F700 – жасанды интеллекті бар, радиолокациялық басқаруға құрылған автономды дрон. Сағатына 100 шақырымнан астам жылдамдықпен ұшады. Зымыраған бойы жаудың беспилотнигін тұтып, жарылтқызбай, жерге қондырады", – деп сипаттады Цифрлық трансформация министрлігі.

Әлгінде айтылғандай, әзірге Украинада мұндай 6 жүйе ғана жұмыс істеп тұрған көрінеді. 2022 жылғы жағдай бойынша бұл елде 461 қала бар, оның 18-і оккупацияда. Демек, барлық қалаларды қорғау үшін аталған жүйелердің саны кем дегенде жүздеген болуы қажет.

Defence Express әскери сарапшысы Иван Киричевскийдің түсіндіруінше, "Шахид аулаушылардың" жұмыс қағидаты қарапайым әрі түсінікті.

"Бұл жүйе алдымен радиоэлектронды күрес құралдары көмегімен жау дрондарының сигналын басып тастайды. Содан базасынан да бұйрық ала алмай, нысанасына апаратын маршруттен де жаңылып, ПҰА қаңғып қалады. Осы кезде жүйеден ұшып шыққан бірнеше коптер оны қуып жетіп, үстінен тор-сетка лақтырып, аулайды. Осылайша, жерге қондырады. Бірақ бұл кешендер Украинаның энергетикалық жүйесін толық қорғайды деген сенім жоқ. Өйткені олқы тұстары бар, әрі қарсылас өз дрондарының радиоэлектронды күрес жүйелеріне қарсы тұру мүмкіндіктерін де жетілдіреді. Әйткенмен, әуе қорғанысы аясында осындай технологияларды да дамыту маңызды. Сонда олар қазіргі импровизацияланған үлгіден болашақта қуатты, толыққанды дрон тұтушыларға айналады. Оларды толығымен жасанды зерде басқара алады", – деді сарапшы.

"Шахид аулаушы" коптерлердің бірнешеуі ірі беспилотниктерге жан-жақтан жабылады. Бірақ сынақтар көрсеткендей, олар шағын дрондарды, мысалы, ресейлік 26 келілік, барлаушы беспилотниктер – Ланцеттерді өз бетінше күйретіп тастауға да қауқарлы көрінеді.

Бүгінде осындай жүйелердің түрлі нұсқасын жасаумен әлемде бірнеше инновациялық кәсіпорын, конструкторлық бюролар айналысуда.

Қорыта айтқанда, ірі инфрақұрылымдық нысандарды, жылу электр станциялары мен зауыттарды бомбалауда дрон-камикадзелерді пайдалануды кең жолға қойған Ресей жаңа проблема тудырды. Енді бүкіл жаһандық әскери ғылым соны шешу жолдарын қарастыруға жұмылды. Ақыр соңында оған қарсы қуатты кешендер ойлап табылып, болашақта әскери дрондар өзектілігін жоғалтуы да мүмкін. Әзірге олар қаһарлы қару қатарынан орын алды.

"Бірқатар сарапшылар "Шахидтерді" поршенді қозғалтқышы бар қанатты зымырандар деп атауды ұсына бастады. Себебі, олар нысананы жоюдың аса қуатты құралы болып отыр. Қазіргі уақытта әлемде мұндай дрондарды құрта алатын құралдар көп емес. Мысалы, "ауа-ауа" класындағы зымырандарды "Байрақтарға" орнатып, соның көмегімен жердегі емес, әуедегі нысанға соққы беру жобасы болды. Алайда құрал сол бойы тіпті сынақтарға шыға алмады. Бұдан бөлек, "Шахидтер" шабуылына қарсы барлық жерде, елді мекендерде зениттік артиллериялық қаруды орнату, немесе сондай қару қойылған жеңіл штурмовик көліктер сатып алу туралы ұсыныстар болды. Оңтүстік Корея солай жасайды", – деді Иван Киричевский.

Олар Солтүстік Корея тарапынан дрондардың шабуылын солай тойтаруға тырысады. Бірақ біріншіден, КХДР дрондары соққы беруші емес, барлаушы. Екіншіден, олардың саны "Шахидтер" сияқты тым көп емес, бірнешеуі ғана ұшып өтеді. Үшіншіден, оңтүстіккореялықтар бұл істе ірі жетістікке жете алмады. Мысалы, 2022 жылғы 26 желтоқсанда әуеге оқ жаудырған зениткалармен бірге аспанға көтерілген "Таңғы самал" елінің әскери тікұшақтары коммунист көршілерінің әскери дрондарын 100 снарядпен атқылады, бірақ оларды құлата алмады. Дрондарды жоюға ұшып шыққан оңтүстіккореялық KA-1 әскери ұшағы Сеулден 140 шақырым жерге құлады.

Ендеше атқылап жою қиын ПҰА-ларды бұғаттап аулау құралдарын жетілдірген жөн. Әскери ғылым да дрон аулаушыларды кемеліне келтіру бағытында дамитынға ұқсайды. Бұл қазақстандық әскери өнім өндірушілер мен инноваторлардың "құлағына алтын сырға": қорғаныстың қамын ойлаған қапы қалмайды, қауіпсіздігін нығайтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу