Соғыс салдарынан Израильдің экономикасында дағдарыс басталды

2677

Жұмыс берушілері ондаған мың адамды "ХАЛАТ"-қа, яғни ақысы төленбейтін демалысқа жіберіп жатыр.

Соғыс салдарынан Израильдің экономикасында дағдарыс басталды Фото: nypost.com

S&P халықаралық рейтинг агенттігі Израильдің рейтингін төмендетті. Агенттік ұзаққа созылып бара жатқан соғысқа байланысты бұл елдің болжамды кредиттік рейтингін "А+"-ке дейін кемітетінін мәлімдеді. Бұл ретте S&P сарапшыларының жорамалдауынша, Израильдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2024 жылы небары 0,5% өседі. Ендеше рецессия қаупі де жоқ емес, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қазіргі кезде біздің болжауымызша, Израильдің ЖІӨ-сі 2023 жылдың төртінші тоқсанында (қыркүйек–желтоқсан айларында), үшінші тоқсанға қарағанда 5%-ға құлдырайды. Содан соң 2024 жылы қалпына келе бастауы мүмкін", – деп атап өтті S&P.

Бұл елдің ағымдағы кредиттік рейтингі әзірге бұрынғы "АА-" деңгейінде қалады. Бірақ агенттіктің хабарламасы алдағы уақытта оның да төмендетілуі мүмкін екенін ескертеді.

Агенттіктің байламынша, "егер 7 қазанда ХАМАС шабуылынан соң басталған қақтығыс алдағы бір-екі жыл бойы Израильдің экономикалық өсіміне, оның қаржылық ахуалына, төлем балансына қомақты кері әсер етсе", онда Израиль рейтингі құлдырай беруі ғажап емес.

Әзірше әлемдік рейтинг агенттігі сарапшыларының болжамы Таяу Шығыстағы бұл соғыс 3–6 айдан ұзаққа созылмайды және Газа секторымен шектеліп, көрші араб елдері оған араласпайды деген базалық сценарийге құрылып отыр екен. Дегенмен, агенттіктің мәлімдеуінше, бұл ұрыс қимылдарының басқа өңірлерге таралу және экономикаға бұдан да қуатты теріс ықпал ету қаупі бар.

S&P сарапшылары израилдік экономиканы тығырыққа терей бастаған басты проблемаларды атады. Бұларға:

  • бизнестің іскерлік белсенділігінің күрт құлдырауы,
  • резервистердің, яғни экономикалық белсенді тұрғындардың жаппай әскерге алынуы,
  • Тамар кен орнындағы табиғи газ өндірісінің тоқырауы,
  • Соғыстан қорқып, жергілікті және шетелдік инвесторлардың қашуы немесе инвестиция салуды азайтуы,
  • Туризмнің тоқтауы,
  • Тұтынушылық сенімнің төмендеуі жатқызылды.

Израилдік басылымдар күйзелістің "алғашқы қарлығашы" деп, Fox киімдер дүкендерінің ірі желісін атады. Fox тобы 22 қазанда қызметкерлерінің жартысына дейін ақысы төленбейтін демалысқа жіберетінін жариялады. Сонымен қатар жұмысын жалғастыратын қызметкерлердің жалақысы 80%-ға дейін төмендетілмек.

Компания басшылығы топ-менеджерлерінің табысы 50%-ға азайтылғанын мәлім етті. Себебі Fox тобының қаржылық айналымы 400 миллион шекелден (шамамен 1 млн доллардан) асады, тиісінше, Қаржы министрлігінің өтемақы бағдарламасынан компания тыс қалды.

Осылайша, Fox персоналының үлкен бөлігін белгісіз мерзімге жұмыссыз қалдырған Израильдегі бірінші ірі компанияға айналды.

Израильдің рестораторлар қауымдастығы өзіне мүше мейрамханалар қожайындарына үндеу жолдады: ұйым оларға бизнесін құтқарып қалу үшін жұмысшыларын жұмыстан босатуға немесе ақысы төленбейтін демалысқа жіберуге рекомендация берді. Бұл кеңеске Үкімет әзірлеп жатқан "кәсіпорындарға өтемақы жасау моделі" себеп болды. Онда билік қаржылық айналым бойынша шектеу сыртында, бизнестің жылжымайтын мүлікті жалға алу ақысы және муниципалдық салықтар сияқты тұрақты шығыстарын ғана ішінара өтеуді қарастырған.

Израильдің ресторандық бизнесінде шамамен 200 мың адам жұмыс істейді. Небары 9 миллиондай ғана халқы бар ел үшін бұл – өте салмақты сан. Егер оның бәрі көшеде қалса, елді жаппай жұмыссыздық жайлауы мүмкін.

Бизнес ақпаратқа маманданған жергілікті CofaceBDi компаниясының дерегінше, ХАМАС-пен соғыстың тек алғашқы 10 күнінде (ал бүгін – жиырмасыншы күн) дәмханалар мен мейрамханалар қожайындарының шығындары, жоғалтқан табыстары шамамен 350 миллион шекелді құрады (1 доллар шамамен 4 шекелге тең). Оның сарапшыларының бағалауынша, соғыстың әрбір күні бұл салаға шамамен 35 миллион шекель шығын әкеледі.

Жергілікті ақпарат құралдары Израильде ақысы төленбейтін демалысқа жіберілген жұмысшылардың саны тез өсіп бара жатқанын хабарлауда. Жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың күн сайынғы саны өткен аптадағы 2 мың адамнан осы аптаның сейсенбісінде 3,5 мың адамға дейін күрт өсті.

Толастайтын түрі жоқ: 4 мыңдық межеге жуықтады. Ұлттық сақтандыру қызметінің (Битуах леуми) мәліметінше, осы айда тіркелген жаңа жұмыссыздардың жалпы саны кешегі 21,5 мыңнан бүгінде 25,2 мыңға дейін артты. Бұл ретте ақпараттық жүйеге жаңа жұмыссыздардың мағлұматтарын енгізу іркіліспен жүргізілуде.

Бұған ақысы төленбейтін демалысқа жіберілгендердің проблемасы қосылған. Олардың саны да тез қарқынмен өсіп барады. Өткен аптада күніне шамамен 1 мың израилдік жұмысынан уақытша айрылып отырса, осы аптаның дүйсенбісінде бұл көрсеткіш күніне 2,7 мың адамға жетті.

Еврей сарапшылары аталған көрсеткіштің алдағы күндері одан әрі артатынына еш күмәнданбайды. Өйткені түсімнің құлдырауы аясында персоналын қысқартуға мәжбүр компаниялар саны тоқтаусыз артуда.   

Апта басында таяу уақытта жұмысынан айрылғандар саны шамамен 100 мыңға жетеді деген болжам жария болды. Бұл сан онсыз да қайғы жұтқан жұртшылықтың көңілін күпті етті.

Осы аптада Израильде ірі бөлшек сауда компаниялары, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары, ойын-сауық саласындағы ұйымдар персоналын қысқартуға кірісті. Себебі, онсыз да әр тиынның қадірі мен есебін білетін үнемшіл израилдіктер соғыс уақытында бірінші кезекте сатып алулар мен көңіл көтерулерден бас тартатыны белгілі болды.

Соғыстың үшінші аптасында Израильде мейрамханалар, дәмханалар, сауда, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар мен театрлар және басқасы қаңырап бос қалды. Осы уақыт бойы клиенттердің жолына күн сала қарап, зарыққан жұмыс берушілер жұмысшыларын шетінен "ХАЛАТ-қа" (хуфша лело ташлум, яғни ақысыз еңбек демалысына) жібере бастады. 

Халық пен бизнесті Үкіметтің, соның ішінде Қаржы министрлігінің әлі күнге дейін экономиканы қолдау бағдарламасын ұсынбай отырғаны кіжінтеді әрі қынжылтады.

Гистадрут (израильдік кәсіподақ) басшысы Арнон Бар-Давид Қаржы министрлігі әзірлеген бағдарламада ақысыз демалысқа аттандырылған жалдамалы  жұмысшыларға ешқандай да қорғау шаралары қарастырылмағанын ескертті. Сондай-ақ көрші елдер аумағындағы радикалдардың тоқтаусыз атқылауы, зымырандық шабуылдары салдарынан немесе оқу-ағарту мекемелерінің жабылуы кесірінен жұмысқа шыға алмай отырғандар да қолдаудан қағылады.

Әлі қабылданбаған Өтемақы бағдарламасы парламенттегі дау-жанжалға да тамыздық болды. Кеше, 25 қазанда Кнессеттің экономикалық комиссиясы Қаржы министрлігімен дүрдеараз Экономика министрлігі әзірлеген баламалы Өтемақы бағдарламасын талқылауға жиналды.

Соғыстың жүріп жатқанына үш аптадай уақыт өтсе де, билік не заң жобасын, не негізгі бағдарламаның өзін жасап шыға алмады. Бұдан бөлек, ол жобалар министрлер кабинетінің әлеуметтік, экономикалық блогының алдын ала қарауына да ұсынылмаған. Депутаттар Үкіметтен тіпті ретке келтірілген, тұжырымдалған ұсыныстарды да ести алмады.

Содан Парламенттегі отырыстың басталғанына 5 минут қана өткенде залдан депутаттар күштеп шығарыла бастады. Қатысып отырғандардың ашудан жүйкелері сыр берген көрінеді. Соның бірі – Кнессет депутаты Гилад Карив отырыстың мақсаты туралы сұрағы үшін залдан қуылды.

"Соғыстың жүріп жатқанына үш аптаға таяды, ал Израильдің Үкіметі бизнеске көмек бағдарламасын сол бойы ұсына алмады. Онда бұл жерде сендер неге шоу ұйымдастырып отырсыңдар?" – деп шүйлікті шенеуніктерге, күйіп-піскен Гилад Карив.

"Біз қалыптасқан проблеманы интеллигентті түрде талқылауға жиналдық. Шынында, Қаржы министрлігіндегі шенділер еліміздің соғыс жағдайында тұрғанын түсінгісі келмейді", – деп қарсы министрліктегі әріптестері үшін ұялды экономики министрі Нир Баркат.

"Өтемақының үкіметтік жобасы қалыптастырылып болған соң оны Кнессет үш оқылымда қарап, қабылдауы керек. Бұл рәсім біраз уақытты алады. Олай болса, бизнесмендердің банк шоттарына өтемақы қаражат түсе бастағанға дейін көп уақыт өтуі мүмкін. Бүкіл Израильде жүздеген мың кәсіпорын экономикалық күйзеліске кірді, олардың өкілдері дабыл қағып, парламенттік комиссияларға жүгінеді, ашынысын, наразылығын білдіреді. Алайда министрлер болса, сабырлы интеллигенттік талқылауды ермек етіп отыр", – деп қапалана жазды израилдік The Marker басылымының сарапшылары.

Израильдің Үкіметі оппозициялық коалициядан құрылған. Салдарынан Экономика министрлігінің қадамдарын Қаржы министрлігіндегілер тұсаулайды. Елдің бас экономисінің бағдарламасы дайын, алайда бас қаржыгердің мақұлдауынсыз ол жай ғана қағаз. Ел болса, дағдарыс құрдымының жиегінде тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу