Соғыс сұмдығы: Украинадан "бала ұрлау" жолға қойылған

3525

Халықаралық сарапшылар Ресейде киднеппинг пен бала саудасы өрістеп бара жатыр деп қауіптенеді.

Соғыс сұмдығы: Украинадан "бала ұрлау" жолға қойылған

Conflict Observatory ұйымы өз есебінде ресейлік билік Украинадан кем дегенде 6 мың баланы күштеп әкетіп, оларды "қайта тәрбиелеумен" айналысып жатыр деген байламға келді. Бірақ шынайы саны бұдан бірнеше есе көп болуы да мүмкін.

Йель қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің Гуманитарлық зерттеулер лабораториясының (Yale HRL) сарапшылары 2022 жылғы 24 ақпанда соғыс басталғалы бері, Украинадан мәжбүрлі түрде әкетіліп жатқан балалар ұсталатын 43 мекемені Ресей аумағынан тапты. Ол лагерлердің картасын, схемаларын да жасап шықты.  

Украиналық балалардың басым көпшілігі сауықтыру лагерлерінде ұсталады. Олар негізінен, Қырымда, Мәскеуде, Қазанда және Екатеринбургта орналасқан. Бұдан бөлек Сібірде және тіпті Қиыр Шығыста орналасқан балалар лагері анықталды. Бұдан бөлек, Yale HRL жетім деп саналып, мәжбүрлі депортацияланған балалардың психиатриялық ауруханаға қамап қойылғанын әшкереледі.  

"Лагерлердің көпшілігі украиналық балаларды ресейлік пропагандаға сай қайта тәрбиелеу қызметімен айналысады. Кейбір лагерлер тіпті он төрт жастан ересектерін соғысуға дайындаған. Дегенмен, ол жасөспірімдердің майдан даласына жіберілген-жіберілмегені белгісіз. Балалардың Украинадағы ата-аналарына, туысқандарына оралуына тосқауыл қойылған", – делінген ұйымның есебінде.

Yale HRL сарапшылары құжат жүзінде 17 жасқа дейінгі кем дегенде алты мың украиналық баланың Ресейде екенін анықтап шықты. Олардың ішіндегі ең жасы – төрт айлық бөбек. Шетелдік эксперттер Ресейдің Украинадан нақты қанша баланы мәжбүрлеп алып кеткенін білмейтініне назар аудартқан. Бір анығы, олардың саны алты мыңнан айтарлықтай көп. Оның үстіне украиналық балалардың бір бөлігін ресейлік отбасылар асырап алып үлгерген. 

Бұған Киев қарсы шығып, БҰҰ-ға, БҰҰ Балалар қорына (UNICEF) шағымданған, нәтиже жоқ. Халықаралық құқық бойынша құжаты жоқ, туысқандарының өлі-тірі екені белгісіз балаларды асырауға тыйым салынған. Сондықтан Украина Ресейдің бұл тірлігін "бала саудасы" деп бағалады.

"Ірі лагерлердің бірі "Медвежонок" деп аталады. Онда бір мезгілде ең кемі 300 украиналық бала ұсталады. Бастапқыда шенеуніктер балаларға және олардың ата-аналарына жасөскіндердің лагерде тек каникул кезеңінде, жаз біткенше ғана болатынын хабарлаған. Алайда артынша уәделерінен тайып, қайтару мерзімін белгілеуден бас тартқан", – деп мәлімдеді сарапшылар.

Олар дәл осындай жағдай өзге лагерлерде де қалыптасқанын нықтады. РФ әскерлері өздері басып алған украиналық облыстардағы адамдарды мәжбүрлі түрде эвакуациялағанда балаларды ата-аналардан ажыратты. Оған олардың келісімін сұрамапты. Тек бұл қауіпсіздік үшін жасалатынын алға тартқан. Бірақ ол балалардың қайда кеткені белгісіз. Көздері мөлдіреп тұрған сүйкімді бүлдіршіндерді, жасөспірімдерді тіпті сатып жіберуі де ықтимал көрінеді. Өз балаларын таба алмай, Украинада аңырап қалған ата-аналар да көп екен.

Yale HRL мәліметінше, балаларға қатысты бағдарламаны РФ федералдық үкіметі орталықтан үйлестіреді. Жобаға Ресейдің көптеген субъектілері: республикалары, облыстары, өлкелері жұмылдырылған. Сарапшылар украиналық жас ұрпаққа қарсы қаскүнем қарекетпен айналысып жүрген, федералдық бағдарламаға жауапты ресейлік ірі шенеуніктердің кем дегенде 12-сі тіпті халықаралық санкциялық тізімде жоқтығын білді. Яғни, бұл тұрғыда Батыс әлемі шабандық танытып, жауыздықты жазалауға бағытталған жауаптарын көп кешіктіріп жүр.

"Біз осы баяндамада бәрін құжаттап қойдық, оның әрбір дерегі 4-ші Женева конвенциясын өрескел бұзу болып табылады", – деді зерттеуші Натаниэл Рэймонд. Оның сөзін Reuters  келтірді.

Биылғы 18 қаңтарда Украина Президентінің балалар құқығы жөніндегі уәкілі, балалар омбудсмені Дарья Герасимчук ресейлік армия ұрлап әкеткен, депортацияған балалардың арасынан кем дегенде 13 899 кәмелетке толмаған баланың тұлғасы анықталып, верификацияланғанын жариялады. Бірақ РФ заңы бойынша асырап алынған баланың аты-жөні толық өзгертіледі. Бұрынғы құжаттары құпияландырылады, ешкімге берілмейді.

Президент В.Зеленский балалар омбудсменіне халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс жасап, ұрланған балаларды Ресейден оралту міндетін қойған. Олар соғыс басталғаннан 2023 жылғы 8 ақпан аралығында 128 баланы ғана Ресейден қайтара алды. Бұл туралы Украинаның бас прокуроры кеңсесінің өкілі Юлия Усенко мәлімдеді. 

Ресейдің АҚШ-тағы елшілігі америкалық журналистердің сауалына жауап бере келе, балалардың Украинадан күштеп әкетілгенін мойындамады. Керісінше, бұл әрекеттерін жетім балаларға қамқорлық ретінде көрсетуге тырысқан.  

"Ресей Украинадан қашуға мәжбүр болған балаларды қабылдап жатыр. Біз жасөспірімдер отбасыда қалуы үшін қолдан келгенді жасаудамыз. Егер өз отбасы болмаса немесе ата-аналары, туысқандары қаза тапса, онда жетім ретінде Ресейдегі қамқоршы отбасыларға табысталады", – делінген РФ елшілігінің хабарламасында. 

Svoboda.org порталы балаларынан тірілей айырылып қала жаздаған, бірақ бір "қулықтың" арқасында кейін оларды таба алған Евгений Межевойдың хикаясын баяндады. РФ әскерлері оккупациялаған аймақтарда ерлерді жеке фильтрациялық лагерге айдағаны туралы көп жазылды. Мариуполь тұрғыны, жалғызбасты әке Евгенийді де ресейлік солдаттар ұстап алғанда, ол телефон салынған сөмкені үлкен ұлының мойнына асып үлгеріпті. Сонда ол гаджеттің арқасында үш баласымен қайта қауышатынын және оларды ресейлік отбасылардың асырауына ажыратылудан құтқарып қалатынын білмеген екен. Евгенийдің өзін ресейліктер атақты "Азовтықтар" отырған, елуден астам украиналық әскери тұтқын қаза тапқан Еленовкадағы колонияға қамады. Бірнеше ай бойы тергеген, азаптаған. Ал кәмелетке толмаған балаларын Ресейге алып кеткен. 

Айтпақшы, сол күні Мариупольден "эвакуацияланған" украиналық балалар арасында Филипп деген ұл да болды: оған Ресейдің балалар омбудсмені Мария Львова-Белованың көзі түседі. Содан РФ балалар құқығы жөніндегі уәкілі халықаралық құқыққа бір түкіріп, Филипті асырап ала қойған. Бұл оқиғаны ресейлік пропаганда жат елдің жетім балаларына қамқорлықтың үлгісі ретінде дәріптеп, телеарналардан көрсетті. Филипке жаңа, ресейлік паспорты салтанатты түрде тапсырылды. 

Кейбір ата-аналар өз балаларының көрші елге "эвакуациялануына" қарсы болмаған. Арасында Ресейдің келуін күткендер де, сондай-ақ балалар күзге дейін сауықтыру лагерлерінде тынығып қайтатынын айтқан ресейлік тараптың өтірігіне сеніп қалғандар да бар. Әйткенмен, порталдың жазуынша, Ресей аумағында балалардың дербес деректері өзгертілген, осы мақсатта Мәскеу Украина балалары үшін РФ азаматтығын алу рәсімін дереу жеңілдетті. Салдарынан, егер баланың өзі іздемесе, оны кейін сәйкестендіріп, үйіне қайтару қиындады. 

Көпбалалы, жалғызілікті әке Евгений Межевой соғысқа дейін жергілікті ет комбинатында қарапайым краншы болып істепті. РФ армиясы басып кіргенде, көлігінің жоқтығы кесірінен Украинаның азат өңірлеріне қаша алмай қалған. Содан алдымен қайын енесінің, соңынан досының үйіне бас сауғалайды. Бірнеше тонналық авиабомбалармен, артиллериямен тоқтаусыз соққылаған дұшпан қаладағы үйлердің көбін тып-типыл еткенде Евгений үлкен ұлы Матвейді, қыздары Святослава мен Александраны ертіп, Мариупольдағы ауруханалардың бірінің бомбапанасын паналайды. Ресейлік әскерилер сонда тығылып жатқан жерінен ұстап алып, тыңшыға санаған. 

Оның үстіне блокбекеттегі тексеру кезінде оның құжаттарының арасынан әскери билетін тауып алады. Ал РФ тарапы ЗСУ қатарында қызмет еткендерге аяушылық танытпайтыны мәлім. Сол кезде Евгений эвакуациялық автобусқа отырғызылып жатқан тұңғышының мойнына смартфоны жасырылған сөмкесін аса салады. Ары қарай Евгенийді түрлі құрылымдар "Азов" батальонының қызметі туралы сұрап, үздіксіз тергеген, соққыға жыққан. Түрмеде ол бір аяқпен тұрып, ұйықтауға үйренгенін айтады. Сесебі, Еленовка колониясында алты адамдық бір камераға 54 адамды тыққан. 

"Фильтрацияда" 45 күнге созылған тозаққа шыдаған, арып, азған Евгений Межевой босап шыға сала, балаларын іздеуге кіріседі. Оның балаларын автобуспен ресейлік Ростов-на-Дону қаласына әкеткен екен. Ол жақтан ұшаққа тиеп, Мәскеуге аттандырған. Мәскеуден "Поляны" балалар санаторийіне жолдапты. Отағасы телефон тауып, ұлына сөмкесіндегі смартфоны арқылы хабарласа алды. Матвей әлеуметтік қызмет органдарының өкілдері келіп, өзін қарындастарымен бірге бес күннен соң асырауға бергелі жатқанын жеткізеді. Евгений жанұшырып, екі күнде жеткен. Ұшаққа билетті украиналықтарға астыртын көмектесетін волонтерлар әперіпті. Оларға зиянын тигізбеу үшін Евгений еріктілердің аттарын атамады. Дәл сол азаматтар РФ президенті әкімшілігіне хат жазып, аттары аталған балаларды әкесіне тапсыруды сұраған екен. Мәскеуде бірнеше күн күтіп, ақыры балаларымен табысқан Межевой басқа волонтерлардың жәрдемдесуімен, Латвия астанасы Ригаға қоныс аудара алды. Бүгінде сонда үй жалдап, тұрып жатыр. Евгений жұмысқа орналасыпты. Үлкен екі баласын мектепке, кенжесін жергілікті балабақшаға берген. 

Ал өзге балалардың тағдыры басқаша: Межевойлармен бірге әкетілген өзге украиналық балалар ресейлік отбасыларға таратылып берілген. 

Украинаның омбудсмен институты кеңсесі "Ресейге көшірілген балалардың жалпы саны жүздеген мың болуы мүмкін" деп болжайды. Ресейлік ақпарат құралдары РФ әскерлері басып алған Украинаның өңірлерінде 4 миллионнан астам тұрғын болғанын хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу