Соғысқа қарамастан брендтердің Ресейде неге қалғаны анықталды

2916

Мәскеудің шапқыншылығы басталғанда, батылдық танытпай, артын баққандар енді бұл "улы нарықтан" сау шыға алмауы мүмкін. 

Соғысқа қарамастан брендтердің Ресейде неге қалғаны анықталды Фото: yandex.kz

Өткен жылы әлемде танымал 400-ден астам бренд РФ нарығын тастап шығатынын немесе бизнесін уақытша доғаратынын мәлімдеді,  деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Осынша компанияның бір мезгілде бір елді тәрк етуі дүниежүзілік тарихта бұрын-соңды болмапты. Содан ақпарат құралдары күн сайын дерлік атағы жаһанға мәшһүр әлдебір компанияның Ресейден теріс айналғаны туралы жарыса жазды.

Рунетте РФ нарығынан кеткен компаниялардың қара тізімін табуға болады және ол тізбе тұрақты түрде жаңарып тұрады. Мысалы, Zara, Bershka, Pull&Bear, Oysho, Stradivarius, Massimo Dutti сияқты брендтерге ие испандық Inditex фирмасы Ресейдегі барлық дүкендерін жапты. Бірақ оның киімдерін көрші Қазақстаннан тасып, басқа дүкендер арқылы сатып жатыр.

Ритейл саласында Ресейден кеткендер арасында Adidas, Arket, Balenciaga, Coperni, Cos, Crocs, Chanel, Decathlon, Ganni, Golden Goose, Gucci, H&M, Hermes, Hugo Boss, IKEA, Karl Lagerfeld, Lego, Levi’s, Louis Vuitton Moët Hennessy, Mango, Marks&Spencer, Matches, Monki, Mothercare, Mytheresa, Nike, Paul Smith, Prada, Puma, Reebok, The Other Stories, Victoria’s Secret Vans, Yves Saint Laurent, Nanushka, Tommy Hilfiger, Helly Hansen, Tendam және басқалары бар.

Танымал автомобиль маркалары да РФ-тағы автосалондарын жапты.

Электроника саласында Acer, AMD, Apple, ASUS, Bosch, Canon, Caterpillar, Dell, Epson, Ericsson, Hitachi, HP, IBM, Intel, Logitech, LG Electronics, Nokia, Panasonic, Ricoh, Siemens, Sony, TSMC және басқасы агрессормен ынтымақтасудан бас тартып, ат құйрығын кесті.

Ұқсас мысалдарды барлық саладан табуға болады.

Дегенмен, сарапшылар соғыс басталғалы Ресеймен "ажырасатынын" мәлімдеген жүздеген компанияның ішінде, шын мәнінде, басым көпшілігі РФ нарығындағы бизнесін сол бойы жаба алмағанына назар аудартады. Бірақ бұл үрдіс аяқталмапты және бірнеше жылға ұзайды. Өйткені шұғыл қимылдамай, қолын мезгілінен кеш сермеген брендтер мен компаниялардың кетуіне Мәскеу қуатты тосқауыл қойып жатыр.

Біріншіден, оларды бизнесін тым арзанға, жарты бағасынан төмен сатуға мәжбүрлейді. Алайда соның өзінде сатып алушы табылмай жатқан көрінеді. Өйткені жергілікті бизнестің өзі дағдарыста, кеңеюді жоспарлап отырған жоқ, өлместің күнін кешіп, жанбағыстың жағдайын қарастырады.

Екіншіден, Путиннің өкіміне сәйкес, кететін шетелдік компаниялар онсыз да жоғары барлық салықтар сыртында 10 пайыз қосымша алым төлеуге тиісті. 

"Дер кезінде қоныс аударып үлгермеген батыс компаниялары енді ресейлік бизнеске тәуелді болып қалды. Нарықты тастап шығу шығынының тым үлкендігі брендтерді Украинада қан төгіп жатқан агрессор мемлекетте қалуға итермелейді. Олар бұрын кетіп қалған шетелдік компаниялардың орны мен нарықтағы үлесін ресейлік және қытайлық бизнес алып қойғанын байқап, үлесінен айрылғысы келмейді. Бірқатары саудасын біраз қысқартқанымен, кету ниетінен қайтып, жұмысын жалғастыруда. Енді біразы ресейлік активтерін сатуға бекінген, бірақ сатып алушы тапқанша ұзақ уақыт күтуіне тура келеді", – деп жазады Washington Post.

Америкалық басылымның сарапшылары Ресейде шетелдік компаниялардың көбісінің сол бойы қалып қоюының бірнеше кесірі барын ескертеді. Бір жағынан бұл РФ экономикасын тездетіп күйретуге бағытталған Вашингтонның күш-жігеріне соққы болды. Шетелдік компаниялар РФ қазынасын толтырып, оған қанқұйлы соғысын жалғастыруына дем береді.

Екінші жағынан, нарықта батыстық брендтердің ары қарай еркін айналымда болуы ресейліктердің рухын көтереді, соғысқа дейінгі жайлы өмірінің жалғасуына жәрдемдеседі, РФ қоғамының бейғамдығына, көрші елдегі қантөгіске бей-жай қарауына септеседі.

В.Путин бұрынғы сайлауалды уәделерінде елді 90-шы жылдардағы және жаңа ғасыр басындағы тоқыраудан алып шыққанын, сол кездегідей дүкендер бос тұрмағанын, қалаған шетелдік тауар сөрелерде самсап тұрғанын мақтан етті. 

"Бұл біздің азаматтар үшін маңызды. Ресейлік тұтынушылар тіпті алмағанның өзінде, әлемдік танымал брендттерді сатып алу мүмкіндігінің болғанын қалайды. "Дефицит" деген сөздің өзінен үркеді. Ресейліктердің көбіне тұтынушылық патриотизм тән емес. Олар қайта батыстық брендтерді қолдана жүріп, өзін сол Батыстан биік тұрғандай, Батыс өзіне жұмыс істейтіндей сезінеді. Батыстық брендтер оларға сондай мүмкіндік ұсынып отыр. Ауқатты адамдар BMW, Mercedes немесе Apple-ді ештеңе ауыстыра алмайтынын біледі", – деді INFOLine консалтинг компаниясының сарапшысы Иван Федяков.

Осы үш бренд те РФ нарығындағы саудасын доғаратындарын жариялады. Әйтсе де, олардың люкс өнімдері сол бұрынғыдай қолжетімді. Бұған Қазақстан, Грузия, Армения, Түркия, БАӘ сияқты елдер арқылы жүзеге асырылып жатқан "сұр импорт" пен контрабанда жол ашып отыр деген болжам бар.

Украинаның Коррупцияның алдын алу жөніндегі ұлттық агенттігі РФ нарығына жабысып, бизнесін бұрынғыдай дүрілдетіп жатқан 19 шетелдік фирманың "қара тізімін" жариялады және оларды "соғыстың демеушісі" деп атады. Ол тізімде француздық супермаркеттердің Auchan (Ашан) желісі, америкалық трансұлттық Procter&Gamble компаниясы, германиялық Metro көтерме сауда компаниясы, француздық Yves Rocher косметикалық алпауыты бар. Олар тіпті өзгелерден босаған орындарды басуға тырысып жатқан көрінеді.

Кейбір брендтер ашықтан-ашық көзбояушылыққа барған. Мысалы, Coca-Cola Ресейдегі қызметін тоқтатқанын жария етті. Соған қарамастан, оған ішінара қарайтын Coca-Cola HBC швейцариялық боттлері коланы және басқа сусындарды Ресейдің өзінде бөтелкелерге құйып, сөрелерге жолдауын жалғастырды. Тек Coca-Cola атауын "Добрый Кола" деп өзгерте салған.

Оның бәсекелесі PepsiCo Ресейде тек бірінші қажеттілік тауарларын ғана өндіретінін хабарлады, Lays чипстерін, ХрусTeam қытырлақтарын және басқасын сатып жатыр. Екі зауыты да жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Unilever де азық-түлік және гигиена заттары өндірісінен бас тартпауды сылтау етіп, Magnum балмұздағын және басқасын шығара берді.

Шведтік жиһаз алпауыты IKEA соғысты айыптап, Ресейден кетіп бара жатқанын былтыр үлкен шоуға айналдырды. Оның сауда залдарын шабуылдаған ресейліктер тауарын түк қалдырмай, талап әкетті. Соңынан сатушылар командасымен қоштасу рәсімдері де рунетті кезіп кетті. Таяуда ғана оның орнына беларустік Swed House ашылды. Оған барған ресейліктер әлеуметтік желіде онда IKEA заттаңбалары қойылған өнімдер де ашық саудаланып жатқанын паш етуде. Оның үстіне Икеаға тиесілі 14 өңірдегі Mega сауда орталықтары да жабылмай, жұмыс істеуін жалғастырды.

"Владимир Путин шетелдік бизнестің қашуына тосқауыл қою үшін бәрін жасады. Бүгінде бұл елден кеткісі келетін шетелдік компаниялар активтерін саудаға шығару үшін мемлекеттен рұқсат алуға міндетті. Ондай рұқсатты алу өте күрделі. Бұған қоса, шетелдіктердің активтері бұғатталып, тәркіленуде. Шетелдік банктерге, энергетикалық компанияларға өз үлесін Президенттің тікелей келісімінсіз сатуға тыйым салынған. РФ Қаржы министрлігі былтырғы желтоқсанда "қастық пейілдегі елдердің" инвесторларына қарсы шаралар қабылдады. Оған сәйкес, бұлар сатуға рұқсат алғанның өзінде активін, бизнесін 50 пайыздық жеңілдікпен өткізе алады. Сонымен бірге сатылымнан алған  табысының 10 пайызын қосымша салық түрінде бюджетке аударуы шарт", – деді экономикалық шолушы Робин Диксон.

Мәселен, соғыс басталған соң 4 күн өткенде Ресейде одан әрі жұмыс істей алмайтынын жариялаған Shell Қиыр Шығыстағы "Сахалин-2" кен орны жобасындағы, зауыттағы 27,5 пайыздық үлесін таяуда ғана 1,6 миллиард долларға сата алды. Осынша қаражаттың шетелге кетуі тіпті РФ рублінің құнсыздануына да түрткі болған. Бірақ Путиннің осылай келісімін ала алғандар сирек.

"Ресейден шығу" атты жобасы аясында РФ нарығындағы 3 141 шетелдік компанияның қызметін қадағалап отырған Киев экономика мектебінің мәліметінше, соғыс басталғалы 211 компания ғана шынымен толық кетіп қалған. Бұл ретте 468 компания Ресейдегі қызметін доғаратынын жариялаған еді. 1200 компания бизнесін біршама қысқартқан, бірақ түбегейлі кетуге батылы жетпеді.

Жоба директоры Андрей Оноприенконың айтуынша, шетелдік компаниялар мен брендтер бір жылда ғана РФ қазынасын 24 миллиард долларға толтырды. "Орыстың соғыс машинасына" не қуат беріп отырғанын осыдан да ұғынуға болады.

Бизнес бірінші орынға шыққан жерге ар, ұят сығалай алмаса керек. Шетелдік брнедтер соғысқа дейінгі жылда РФ нарығынан шамамен 300 миллиард доллардай табыс тауыпты. Олардың көпшілігі соны көзі қиып кете алмай отырса керек. 

Йель менеджмент мектебінің талдауына жүгінсек, Ресейде жұмыс істейтін, барлық танымал брендке ие 1 600 шетелдік компания мен ұйымдардың 1 022-сі өз қызметін шектеді немесе уақытша доғарды. 234 компания кетіп қалған. Қалғаны уақыт созып, артын бағуда. Бірақ "соғыстың спонсоры" деген жаман атақ олардың беделіне өшпес дақ салуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу