Соғыссыз қаза болған азаматтар саны өте көп - Қайрат Жаңабеков

2387

Өндірістік кеңестер әр кәсіпорында міндетті түрде болуы керек. 

Соғыссыз қаза болған азаматтар саны өте көп - Қайрат Жаңабеков

Дені сау, аман-есен жүрген азамат отбасын асырау үшін таңертең жұмысқа кетіп, өндірістегі жазатайым оқиға кесірінен жанұясына мәңгілікке қайтып оралмауы көптеп кездесуде. Өндіріс орындары, құрылыс алаңдары, шахталар мен кеніштерде өмірге қауіп-қатер төндірер оқиғалар ара-тұра орын алуда. Көбінесе биіктен құлау, көлік апаты, газдан улану, электр тоғының соғуы немесе құрал-жабдықтардың ақаулығынан болатын қайғылы жағдайлар толастар емес. Кәсіподақтар федерациясы адам өліміне әкелген қайғылы жағдайларға талдау жасап, өткен жылы 191 кәсіпорында 221 адам қаза тапқанын анықтаған. Қазір 1,6 млн жұмысшының 373 мыңы (22,3%), немесе әр төртінші жұмысшы өмірге қауіпті,  денсаулыққа зиян жағдайда жұмыс істеуде. Бүгінгі күні әр екінші адам (45,4%) өте шулы және вибрацияның жоғары деңгейінде, ал әр үшінші жұмыскер (34,4%) газбен және шаң-тозаңмен ластанған ортада жұмыс істеуіне тура келуде.

Ел азаматтарының нан тауып тауып жүрген кәсібінің денсаулыққа зияны салдарынан ауруларға ұшырауы және жазатайым оқиғаларға тап болуын азайту мақсатында бүгін елорданың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының "Қауіпсіз кәсіпорын – сау жұмысшы" атты форумы өтті.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Халықаралық еңбек ұйымы, мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар, бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызметкерлері және еңбек қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын басқа да тұлғалар бас қосып, осы салада қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Басқосу барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, жұмыс берушілерге және салалық кәсіподақтар мен аумақтық кәсіподақ бірлестіктеріне нақты ұсыныстар әзірленді.

"Ынтымақ" салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрат Жаңабеков мемлекет пен жұмысшылар тарапынан жауапкершілікті арттырар болсақ, халықаралық "нөлдік жарақаттану" бағдарламасына жетуге болатындығын тілге тиек етті.

"Біріншіден статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, өткен жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда биыл жұмыс орнында жарақат алушылардың саны 8,3%-ға азайып, қаза болу 23,5%-ға кеміген. Себебі былтыр еңбек кодексінде өндірістік кеңестер пайда болды. Осыған байланысты кәсіподақ федерациясының техникалық инспекторлары жұмысы істей бастады. Өңірлер бойынша Қарағанды, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс орнында қаза болғандар саны өте көп. Олардың салалық жағы да белгілі болып жатыр – тау-кен өнеркәсібі, жол көліктері апаттары, құрылыстағы қазалар. Салалық кәсіподақтың мақсаты – осы өндірістік кеңестердің санын арттыру. Талдауымыз бойынша кәсіподақ бар жерде өндірістік қазалар азырақ. Ондай кәсіпорындарда жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында екі жақтан да жауапкершілік бар. Өйткені техникалық инспектор қос тараптан да сайланады. Қазіргі кезде техникалық инспекторларды оқыту қолға алынуда. Былтыр 191 кәсіпорында 221 адам қаза тапты. Майдансыз қаза болған азаматтар саны өте көп. Олар отбасына қайтып оралмайды. Бұндай жағдайлардың алдын алу үшін еңбек қауіпсіздігін жіті бақылауда ұстауымыз керек. Біріншіден инспекторлар санын арттырып, еңбек қауіпсіздігін тексеруді көбейтуіміз керек. Қазір олар өте аз. Екіншіден, өндірістік кеңестер әр кәсіпорында міндетті түрде болуы керек. Сондай-ақ кәсіподақтар құрылуы керек. Қазір әлемде "нөлдік жарақаттану" бағдарламасы жүріп жатыр. "Нөлдік жарақаттану" ешқандай қауіп жоқ дегенді білдіреді. Осыған сай болу үшін инспекторлардың құқықтарын көтеруіміз керек",  – деді Қайрат Жаңабеков.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу