"Соғыстың үшінші кезеңі": Трамп Иранға қысымды күшейтіп жатыр

Бұл туралы BILD-тің сараптамасында толығырақ жазылған.   

"Соғыстың үшінші кезеңі": Трамп Иранға қысымды күшейтіп жатыр Фото: www.mk.ru

Осылайша, Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы әскери жетістіктері көңіл көншітпей отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Иранның әлемдегі ең маңызды мұнай жолдарының бірін жауып, бензин бағасының өсуіне себеп болғаны рас. Қос ел арасындағы келіссөздер сәтсіз аяқталды, ал зымыран қорының азаюы АҚШ-тың әскери қимылдарға дайындығын әлсіретті. Трамптың қоқан-лоққылары да бұрынғыдай әсер етпей, Иран өзін тіпті сенімді ұстай бастаған еді.

АҚШ қарулы күштері Иранның қысым көрсетуге мүмкіндік беретін басты құралдарының бірі – Ормуз бұғазын қоршауды ішінара залалсыздандырды. Америкалықтар әр түн сайын 20-ға дейін мұнай танкерін құпия оңтүстік бағыт арқылы бұғаздан өткізіп жатыр. 

– Тасымал көлемі соғысқа дейінгі деңгейден әлі де айтарлықтай төмен. Дегенімен, бұл соғыстың әлемдік экономикаға тигізетін салдарын, мысалы, жанармай мен азық-түлік бағасының өсуін біршама жұмсартуы мүмкін, – дейді АҚШ қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Джонатан Шроден BILD басылымына.

Сонымен қатар, АҚШ Иран порттарын, әсіресе Тегеран үшін валюталық түсімнің негізгі көзі саналатын мұнай экспортын бұғаттап жатыр. Америкалық әскери кемелер Иран жағалауына бағыт алған жүк кемелері мен танкерлерді тоқтатуда. 

– Вашингтон осылайша Иран басшылығына өз халқы тарапынан түсетін қысым да күшейеді деп үміттеніп отырғаны анық, – дейді Шроден.

Халықаралық валюта қорының мәліметінше, азық-түлік бағасы былтырғымен салыстырғанда 100 пайыздан астам қымбаттаған. Ал 2026 жылы Иран экономикасы 6,1 пайызға қысқаруы мүмкін.

Трамп Иранның қаржылық тынысын одан әрі тарылтып жатыр. АҚШ-тың экономикалық шектеулері Тегеранға санкцияларды айналып өтуге көмектесетін мемлекеттерге, компанияларға, банктер мен ұйымдарға да бағытталмақ.

Шроден мұны "Иранға қарсы соғыстың үшінші кезеңі" деп бағалайды. 

– Экономикалық және қаржылық соғыста әлдеқайда қуатты АҚШ-тың төзімділігі де жоғары болуы керек, – дейді сарапшы.

Бұл стратегияның қаншалықты нәтиже беретіні әзірге белгісіз. Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігінде жұмыс істеген санкциялар жөніндегі сарапшы Керри Битсофф те шектен тыс үміт күтпеуге шақырды. 

– Санкциялар өздігінен режимді құлата алмайды, – деді ол Iran International телеарнасына.

Соған қарамастан, ақпараттарға қарағанда, Тегеранда жаңа жаппай наразылықтардың басталуынан қорқыныш күшейіп келеді. Егер халық қайтадан көшеге шықса, бұл Трамптың жаңа стратегиясы нәтиже бере бастағанының айқын белгісі болуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу