Солтүстік Қазақстан облысында халықаралық агроөнеркәсіптік холдинг Tiryaki Agro компаниясының қатысуымен ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған компания Qyzyljar арнайы экономикалық аймағы аумағында өсімдік майларын өндіру өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.
Онда жылына 450 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаратын заманауи май экстракциялау зауытын салу көзделген. Кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың бірі ретінде саналып, өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласының дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.
Жобаны осы өңірде жүзеге асыруға шикізат қорының молдығы (күнбағыс, рапс және зығыр өндірісі бар), сондай-ақ өңірдің географиялық тұрғыдан қолайлылығы ықпал етті.
Бұл логистикалық мәселелерді жеңілдетіп, негізгі өткізуші нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.