Солтүстік Корея Токио Олимпиадасына қатысудан бас тартты

1465

Олимпиада ойындары 23-шілде мен 8-тамыз аралығында өтеді.

Солтүстік Корея Токио Олимпиадасына қатысудан бас тартты

КХДР биыл жазда Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатыспайды. Бұл туралы Солтүстік Кореяның дене шынықтыру және спорт министрлігінің жетекшісі жариялады, - деп хабарлады Sports in DRP Korea порталы.

25-наурызда Пхеньянда бейнеконференция форматында КХДР Олимпиада комитетінің жалпы жиналысы өткізілді. Онда басқа да мәселелермен қатар 2021 жылға арналған спорттық іс-шаралардың жоспарлары талқыланды. Дереккөздің хабарлауынша, Олимпиада комитетінің отырысында коронавирус пандемиясына байланысты Токио Олимпиадасына қатыспау туралы шешім қабылданған.

"КХДР Олимпиада комитеті жалпы жиналыста комитет мүшелерінің ұсынысы бойынша және талқылаудан кейін спортшыларды қауіпті вирустық инфекциядан (коронавирус) қорғау үшін XXXII-Олимпиада ойындарына қатыспау туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады Sports in DRP Korea порталы.

2018-жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бахтың Пхеньянға сапары барысында КХДР Токио Олимпиадасы мен 2022-жылы өтетін Бейжің қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін мәлімдеген болатын.  

Дегенмен, Токио Олимпиадасы коронавируc пандемиясына байланысты 2020-жылдан 2021-жылға ауыстырылды. Ойындар 23-шілде мен 8-тамыз аралығында өтеді. Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті Жапония астанасында COVID-19 таралуына байланысты ойындарды шетелдік көрерменсіз өткізу туралы шешімін де ресми түрде жариялады. Соған қарамастан ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы Олимпиада бұрын-соңды болмаған ең инновациалық Олимпиада болады және 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Олимпиада алауының эстафетасы Жапонияның солтүстік-шығысындағы Фукусима префектурасында 25-наурыз күні басталған болатын. Бірінші алау ұстаушылар 2011-жылы Германияда өткен Әлем чемпионатында жеңіске жеткен Жапонияның әйелдер футбол командасы болды. Жапондықтар үшін олардың эстафетаға қатысуы, сондай-ақ оның Фукусима префектурасынан бастау алуы 2011-жылғы жойқын цунами мен "Фукусима-1" атом электр станциясындағы апаттан кейінгі елді қайта құру символы ретінде терең мағынаға ие.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу