Солтүстік Кореяның Украинаға әскер жіберіп жатқаны рас па?

1121

Украина мен Оңтүстік Корея шенеуніктері Солтүстік Кореяны Ресейге көмектесу үшін соғысқа мыңдаған жауынгер жіберді деп айыптады.

Солтүстік Кореяның Украинаға әскер жіберіп жатқаны рас па? Фото: AP

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Ким Чен Ын Украинаға офицерлерін жөнелтіп, мыңдаған сарбаз жіберуге дайындалып жатыр.

Мәскеу де, Пхеньян да тағылған кінәні жоққа шығарып отыр. Ал АҚШ өкілдері бұл туралы хабарларды әлі де зерттеп жатқандарын мәлімдеді.

ҚАНДАЙ ХАБАР ТАРАДЫ?

Президент Владимир Зеленский бейсенбі күні Солтүстік Кореяны Ресеймен бірігіп, Украинаға офицерлер жіберіп, Мәскеудің соғыс әрекеттеріне көмектесу үшін 10 000 сарбазын дайындап жатқанын хабарлады.

Жұма күні Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі (NIS) Солтүстіктің Ресейдің Қиыр Шығысындағы әскери базаларға жаттығуға және климатқа бейімделуге арнайы күштердің 1500 жауынгерін жөнелтілгенін айтты. Бұл сарбаздар кейіннен соғысқа аттануы мүмкін.

Сонымен қатар, Оңтүстік Корея Украинадағы майдан шебіне жақын аудандарға  барған солтүстіккореялық ондаған офицерден тұратын делегацияны анықтау үшін AI бет-әлпетті тану технологиясын қолданғанын айтты. Ресми Сеулдің мәлімдеуінше, Ресей бұл адамдарды Солтүстік Кореяда жасалған KN-23 баллистикалық зымырандары туралы нұсқаулар беру үшін пайдаланып отыр.

Ресейдің Тынық мұхит флотының кемелері Солтүстік Кореяның арнайы күштерінің жауынгерлерін қазанның 8-і мен 13-і аралығында Владивостокқа апарғаны анықталған. NIS болжамынша, жақын арада бұл әрекет қайталануы мүмкін.

NIS таратқан өзге бір мәліметке қарағанда, солтүстіккореялық әскерилер ұрысқа шығар алдында ресейлік әскери киімдерді киіп, қару-жарақпен және жалған жеке куәліктермен қамтамасыз етілген.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯ РЕСЕЙГЕ НЕГЕ КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР?

Ресей Президенті Владимир Путин маусым айында Пхеньянға сапары кезінде Ким Чен Ынмен қол қойған келісімге сәйкес, тараптар сыртқы агрессияға тойтарыс беру үшін бір-біріне көмектесуге тиіс.

Алайда, бұл келісім Корей түбегінде қақтығыс басталса, Ресей Пхеньянды қолдауға килігеді немесе Ресей Батыспен жанжалдасса, Солтүстік Корея Мәскеудің жағына шығады дегенді білдіре ме? Осы сұраққа Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жауап бере отырып, аталған пактіні "барлық салаларда, соның ішінде қауіпсіздік мәселесінде стратегиялық терең ынтымақтастықты білдіретін құжат" деп сипаттады.

Сарапшылардың пікірінше, Солтүстік Корея Ресейге қару мен адам күшін бере отырып, майдан даласында қалай әрекет етудің қыр-сырын түсініп, тәжірибе жинай алады.

Шетелдік барлау агенттіктері мен сарапшылар зерттеген спутниктік суреттерге қарағанда, ядролық қару бағдарламасы үшін үлкен санкция алынған Пхеньян Ресейден мұнай мен басқа да өнімдерді импорттар жатқан сияқты.

Оңтүстік Кореяның NIS ұйымына қарасты сараптама орталығының баяндамасына жүгінсек, қолма-қол ақша тапшылығына ұшыраған Солтүстік Корея өткен жылы Ресейге қару сатудан шамамен 540 миллион доллар табыс тапқан.

РЕАКЦИЯ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?

Дүйсенбіде Оңтүстік Корея Ресей елшісіне осы мәселе бойынша наразылық білдірді. Кремль өкілі Песков болса, Солтүстік Кореяның Украинадағы әскері туралы ақпаратты "жалған жаңалық" деп атады.

Сенбіде АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Солтүстік Кореяның Украинадағы соғыс үшін Ресейге әскер жібергені туралы ақпаратты растай алмайтынын айтты. Бірақ, оның сөзінше, егер рас болса, мұндай қадам алаңдаушылыққа себеп болуы мүмкін.

НАТО басшысы Марк Рютте де өткен аптада Пхеньянның Украинадағы соғысқа араласып жатқанына әзірге ешқандай дәлел жоқ екенін мәлімдеді.

Ұлыбритания Премьер-министрі Кейр Стармердің ойынша, егер бұл хабарлар расталанатын болса, олар Ресейдің "жанталас деңгейін көрсетер" еді.

СОЛТҮСТІК КОРЕЯ ӘСКЕРІНІҢ ЫҚПАЛЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ МҮМКІН?

Оңтүстік Корея, Украина, АҚШ және тәуелсіз зерттеушілер Ресей Солтүстік Кореяда жасалған ондаған баллистикалық зымыранды ұшырып, Пхеньяннан көп мөлшерде артиллериялық снарядтар мен танкке қарсы ракеталар алды деп есептейді.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Ресей Солтүстік Корея әскерін жер-жерде пайдалануы ықтимал. Бірақ сол әскерлер өз елінің қару-жарағы сияқты майдандағы жағдайды өзгерте алмаса да, қақтығыстардың ұзаққа созылуына үлес қосуы әбден мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу