Солтүстік өңірлерімізге бағытталған қазақы көшке жаңа кедергі қойылған ба?

4197

Жұмыс күші шектен тыс көп оңтүстік өңірлерден жұмыс қолы тапшы солтүстік аймақтарға қоныстанушыларға жаңа, қатаңдау талап қойылады екен деген хабар тарады.

Солтүстік өңірлерімізге бағытталған қазақы көшке жаңа кедергі қойылған ба?

Бұл мәселені Маханбет Башаров деген азамат көтеріп, мұның мән-жайын білу үшін Үкімет мүшелеріне жүгінді.

"Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар 2020 жылдың маусым айына дейінгі әлеуметтік келісімшарт бойынша келген өңірінде кем дегенде 1 жыл тұруға тиіс еді. Биыл бұл мерзім 5 жылға дейін ұзартылды деп жатыр. Бұл өзгерістің 2020 жылға дейін қоныс аударғандарға қатысы бар ма?", – деп алаңдайды ол.

Маханбет отбасымен бірге оңтүстіктен солтүстікке бағдарламасы арқылы Шымкент жақтан Павлодар облысындағы Ертіс ауданының Майқоңыр ауылына қоныстанған екен. Оның жұбайы Үміт "Бастау бизнес" бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқып, грант алды. Мемлекеттің қайтарымсыз көмек қаржысына екі сиыр сатып алыпты. Енді кәсіп ашып, қой шаруашылығымен айналысқысы келеді.

"Ауданымыздағы "Атамекен" кәсіпкерлік палатасына хабарласқанбыз, ауылдағы үйіміз гарант болуға аздық етті. "Ертіс" кредиттік серіктестігіне де жүгіндік. Алдымен қомақты көлемде алдын ала төлем жасайсыз, содан кейін алатын кредитіңізге 85% гарант боламыз дейді. Кәсібін жаңа бастайтын көпбалалы жанұяға ол қиындық тудырады", – дейді отағасы.

Бағдарлама қатысушылары оңтүстікте кемінде 5 жыл тұрған адам болуға тиіс деген "жаңа талапқа" қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.

Ведомствоның түсіндіруінше, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 15 қаңтардағы №20 бұйрығымен бекітілген "Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу қағидаларының" 2-тарауының 3-бөліміне сәйкес, "Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына" ену үшін тұрғын өтініш берген күні оңтүстік өңірде кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуде болып, тұрақты тұруға тиіс.

Егер бұл талап қатайтылса, онда оңтүстік өңірлерге көшіп барған, алайда орнын таба алмай, теріскейге көшуді ойлаған адамдар бағдарламаға іліге алмай қалар еді. Оның үстіне еліміздің күнгей жағындағы қала-аудандарда тұрақты тіркеуге тұра алмай, босып жүргендер де жетерлік.

Дегенмен Еңбекминінің түсіндіруінше, 1 жыл туралы бұл талап 5 есе арттырылмаған екен. Мұны талаптарды жаңсақ түсінген әлдебір адам не маман таратып жіберсе керек.

"Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы №515 бұйрығымен бекітілген Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы үшжақты әлеуметтік келісімшартқа сәйкес, бағдарлама қатысушысы қайта қоныстанған жерінде 5 жыл тұруы қажет. Егер 5 жыл ішінде өзі немесе отбасымен бірге кері қайтып кетсе, онда мемлекеттен көшуге алған субсидиялардың, сондай-ақ тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге берілген субсидиялардың сомаларын бюджетке қайтаруға міндетті. Ал қатысушының әу баста тұрған елді мекеніне қатысты 1 жылдық мерзім 5 жылға ұзартылмағанын хабарлаймыз", – деп түсіндірді министрлік.

Ендеше талаптар бұрынғыша сақталған.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне жүгінсек, солтүстік өңірлерімізді қазақыландыруға, жұмыс күшімен молықтыруға үлес қосып жатқан отбасылар мал не өсімдік шаруашылығымен айналысуы үшін жеке бағдарлама қарастырылмапты.

"Министрлік Ауыл шаруашылығына кредит беруді ынталандыру мақсатында операторы "Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ болып табылатын екінші деңгейдегі банктердің кредиттеріне кепілдік беру құралын іске асыруда. Бұл құрал банк кредиттеріне ішінара кепілдік беру арқылы саланы қаржыландырудың тартымдылығын арттыруға бағытталған. Ондай кепілдендіруге инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға берілетін кредиттер жатады. Сыйақының номиналды ставкасы 17%-дан аспауға тиіс. Бір қарыз алушыға кепілдендіруге жататын кредит сомасы 5 млрд теңгеден аспайды, кредит мерзімі – 10 жылға дейін. Кепілдік мөлшері кредит сомасының 50%-ын құрайды", – деп мәлім етті меморган.

Бірақ кәсіпкерлердің айтуынша, өз ісін жаңа бастаушыларға "Даму" қорынан несие алу күрделі. АШМ ұсынып отырған кепілдік беру құралы "басымдықты инвестициялық жобаларға, сондай-ақ Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру мен сақтандыру шеңберінде субсидиялау қағидаларында нақты көрсетілген қызмет түрлеріне" беріледі екен.

Бос тұрған баспаналар бар

Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар аудандық мәслихатының хатшысы, депутаты Айбек Хоршат тағы бір маңызды мәселені – баспанасыздық проблемасын көтеріп, бір шешімін ұсынды.  

"Мысалы, 2012 жылы "Жұмыспен қамту жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақжар ауданының Ленинград ауылында 2 қабатты тұрғын үй салынып, қолданысқа берілді. Алайда қазіргі кезде ол үйдегі 14 пәтердің тек біреуінде ғана бағдарлама қатысушысы тұрып жатыр. Ол отбасы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар санатына жатады. Жұмыспен қамту жол картасы ауылда сұранысқа ие болмады. Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін контингент жоққа тән болғандықтан, аталған жаңа үй қаңырап бос тұр деуге болады. Аудандық мәслихатта мемлекеттік бағдарламаның нысаналы топтарын өзгерту құзыры жоқ. Салдарынан, біз ол үйге баспанаға мұқтаж өзге отбасыларды қоныстандыра алмаймыз", – дейді депутат.

Ол Үкіметке тиісті ұсыныстармен шықты. Мысалы, әлгі пәтерлерді оңтүстіктен көшіп келгендерге берсе, ол үй ел игілігіне айналар еді.

Ұқсас мәселе өзге өңірлерде де кездеседі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші жетіспейтін облыстарға қоныс аудару ісіне қарқын беру үшін тиісті қағидаларға өзгерістер дайындалуда. Бұл – Қ.Тоқаевтың тапсырмасы екен.

"Бүгінде Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы №515 бұйрығымен бекітілген "Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына" өзгерістер мен толықтырулардың екінші пакеті әзірленіп жатыр. Мәслихат депутатының қатысушылардың нысаналы топтарын өзгертуге қатысты ұсынысы да соның аясында қарастырылады", – деді Т.Дүйсенова.

Сонымен бірге елімізде жаңа 3 облыс пайда болғаны, олардағы біраз аудан ауысқаны мәлім. Бұл жайт та құжатта көрініс табуы қажет.

Әзірге, сарапшылар Үкіметтің бұл бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады деген байламға келді. Шамамен 600 қайта қоныстанушылар СҚО-дан оңтүстікке кері оралған. 2017 жылдан 2021 жыл аралығында бағдарлама аясында оңтүстіктен солтүстік және шығысқа жалпы саны 32 мың адам көшіп барған екен. Осы мақсатқа түрлі ресми деректер бойынша 20 миллиардтан 40 миллиард теңгеге дейін бюджет қаражаты шығындалыпты. Енді 2022-2026 жылдарды қамтитын жаңарған бағдарлама әзірленіп жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу