Солтүстікке жол ашық

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1773

Енді тең-тең жүк артқан қазақстандық алып жүк көліктеріне – фураларымызға әлемдегі 41 елге сапарлауға жол ашылып отыр.

Солтүстікке жол ашық

Бұл туралы бүгін сенаттың жалпы отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жария етті.

Осы күні ел парламенті "Қазақстан мен Норвегия үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалы жөніндегі келісімді" ратификациялап, елбасының қол қоюына жіберді. Бұл шарт қазақстандық автотасымалдаушыларға қосымша жұмыс көлеміне қол жеткізуге, жаңа клиенттер табуға және бұл ретте атауы көнескандинав тілінен "солтүстікке сапар" (Norðrvegr) деп аударылатын алыстағы норвегтер еліне дейін жол шегуге мүмкіндік береді.

"Қазақстанның тиімді географиялық орналасуын ескере отырып, Орталық Азияда ірі логистикалық хаб құру мақсатында еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға және жүк ағынын тартуға бағытталған белсенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, қазіргі кезде, 41 шет елдермен автомобиль келісімі жасалған. Бұл жұмыс ары қарай жалғасуда. Ал мына келісім екіжақты транзиттік тасымалдарды, соған қоса, үшінші елдермен немесе үшінші елдерге тасымалдарды рұқсат беру негізінде жүзеге асыруды қарастырады. Аталған шарт отандық тасымалдаушылар үшін тиімді. Өйткені қазіргі уақытта екі ел арасындағы жүк тасымалдарын үшінші елдердің өкілдері, яғни Беларусь және Ресей көлік компаниялары іске асыруда", – деді министр Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, 2016 жылы Қазақстан мен Норвегия арасында автомобильмен жүк тасымалының көлемі 53 пайызға ұлғайған және 1,5 мың тоннаны құрады. Нәтижесінде, фуралармен жүзден астам рейс жасалған. Бірақ бұларды ресейлік және беларустік жүк тасу компаниялары мен көліктері жеткізіпті. Ал Қазақстанның тиісті құқықтық базасы болмаған. Мына шарт сол олқылықты жояды.

"Сонымен қоса, осы келісімді жүзеге асыру Қазақстан мен Норвегия тасымалдаушыларына Норвегиядан Азия елдеріне жүк тасымалдауға мүмкіндік бере отырып, мемлекет басшысының транзиттік тасымалдан түсетін кірісті ұлғайтуға қатысты тапсырмасын орындауға ықпал етеді", – деді инвестициялар және даму министрі.

Сенатор Бірғаным Әйтімова бес жыл бұрын қол қойылған бұл келісімнің не себепті тым кешіктіріп, тек қазір ғана парламенттің ратификациялауына ұсынылып отырғанын сұрады. "Бәлкім, осы құжатқа қатысты келіспеушіліктер болған шығар? Егер болса, қандай мәселеге байланысты туындады?"

Сөйтсе, құжат мәтіні әу баста норвег және орыс тілінен қазақ тіліне қате аударылыпты. Кейін нота жіберіп, қазақша мәтінді түзетуді келісуге осынша уақыт шығын болған көрінеді.

"Құжаттың келісілмеген тұстары болған жоқ. Бес жыл ішіндегі проблема қазақ тіліндегі мәтіннің орысша және норвегше мәтініне сәйкес келмеуіне байланысты туындады", – деді министр.

Ол осы келісімге сәйкес, арнайы жүктер бойынша құзырлы органдардан қалай келісім алынатынын да түсіндіре кетті. "Келісім бойынша егер тасымалдаушыларға жүкке арнайы рұқсат керек болса, олар Қазақстан заңнамасына сәйкес, рұқсат қағаздарын ала алады. бүгінде ол рұқсаттар 1 күн ішінде беріледі. Аса ірі көлемді немесе қауіпті жүктерге рұқсат беру 5 күнге созылады. Өйткені басқа да органдармен келісілуі керек", – деді Жеңіс Қасымбек.  

Айтқандай, бұл министрлік автокөлікпен жүк тасымалдаушы отандық компаниялар мен жеке тұлғаларды қорғауға бағытталған жаңа науқанға кірісіп отыр. Кеше министрліктің көлік комитеті 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін "Көліктік бақылау – отандық тасымалдаушылар мүддесін қорғауда" атты акцияның басталғанын жариялады.

Мұндағы негізгі мақсат – шетел автокөлік құралдарының осындай үкіметаралық келісім мен еліміздің көлік заңнамасы талаптарын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады екен. Әйтпесе, әсіресе, ресейлік тасымалдаушылар қазақстандық әріптестерін Қазақстан нарығында "нанынан" айыруда.

Көлік комитетінің түсіндіруінше, жолаушылар мен жүктердi автомобильмен тасымалдау туралы үкіметаралық келісімдер шеңберінде жыл сайын Қазақстан шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен "халықаралық жүк тасымалдауды жүзеге асыруға ұлықсат беретін рұқсат қағаздарын, яғни бланктерді тепе-тең көлемде алмасады. Рұқсат қағаздары шетелдік тасымалдаушыларға осындай халықаралық келісімдерге сәйкес беріледі. Әр мемлекет серіктес мемлекетке өз аумағында жүк тасымалдауға белгіленген мөлшерде квота береді. Ал жүк тасымалдайтын компания мұндай квота алмаса немесе түгесіп алса, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдай алмайды.

Бірақ көптеген жатжұрттық тасымалдаушылар мұны сақтай бермейді. Басқаша айтқанда, бекітілген квота көлемінен тыс жүк тасымалдайтын шетелдік компаниялар отандық тасымалдаушылардың тапсырыстарын заңсыз алып қояды. Сондықтан құзырлы орган заңсыз тасымалдаушылардың жолын кеспек.

Бұл ретте бүгінгі жиынында сенаторлар қабылдаған тағы бір ұқсас заң өзбекстандық автотасымалдаушыларға Қазақстанда жолаушылар тасуға тыйым салатын көрінеді.

Ел парламенті осы күні Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы "2006 жылғы 20 наурыздағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы" ратификациялады. Оған сәйкес, мысалы, Шымкент пен Ташкент арасында тікелей автобус қатынасы ашылатын болады.

"Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан арасында жолаушылар тасымалы бойынша тұрақты автобус маршруттары жоқ. Бұл өз кезегінде шекараны өту кезінде қолайсыз жағдайға алып келеді. Сол себепті хаттама күшіне енгеннен кейін осы жылы Шымкент пен Ташкент қалалары арасында, ал келесі жылы елдердің басқа да ірі қалаларымен арада қатынайтын тұрақты автобус бағдарларын ашу жоспарлануда. Екі елдің арасында автобус бағдарларын ашу сауда-экономикалық байланысты одан әрі дамытуға оң серпін береді, сондай-ақ халықтың мобильділігін арттыруға және екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді", – деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Екі ел қалалары арасындағы әрбір бағыт бойынша екі ел тарапынан теңбе-тең көлемде (мысалы бес-бестен, не он-оннан) тасымалдаушылар анықталады. Оларға сол бағытта жұмыс жасауға бірден 5 жылға рұқсат-лицензия беріледі. Осынша ұзақ мерзімді рұқсат олардың бес жыл бойы тұрақты табыс тауып, автобус парктерін лайықты техникалық деңгейде ұстап тұруы үшін керек екен. Оның үстіне бұл банктерден несие алулары кезінде де маңызды көрінеді.

Жалпы, қазақстандық заңнамаға сәйкес, шетелдік автокөлік құралдарына Қазақстанның өз елді мекендері арасында жолаушыларды және жүктерді тасуына жол берілмейді. Бірақ енді елімізге өзбек автобустары кіргелі отыр. Олар қалай болмақ? Министр бұған да түсініктеме бере кетті.

"Осы келісімге сәйкес, өзбек тасымалдаушылары Қазақстан аумағында біздің заңнамамыз бойынша жұмыс істеуге міндеттеледі. Ал біздің көлік заңы бойынша шетелдік тасымалдаушылар ел аумағындағы екі елді мекеннің арасында, мысалы, Шымкент пен Тараз арасында жолаушылар тасымалдауға рұқсат ала алмайды. Сондықтан өзбек автобустарына біздің ішкі жолаушыларды тасымалдауына тыйым салынады", – деп шарт түйді министр Жеңіс Махмұдұлы.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмірин өзбек тасымалдаушыларын бақылауға дайын екендерін мәлімдеді:

"Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы біздің кедендік бекеттер толығымен тиісті дәрежеде жарақталған. Рас, кедендік бақылау құрылғылары 2004-2006 жылы шығарылған. Бұған қоса, ел үкіметі өткізу бекетін ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Оны не мемлекеттік бюджет есебінен, немесе бизнесмендермен бірге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында құрамыз. Бұл бағдарлама келесі жылы қолға алынады", – деді ол.

Бір айта кетерлігі сол, жоғарғы палатаның осы жалпы отырысында дамыған елдердің Қазақстанға қатысты бір санкция енгізгені мәлім болды.

Осыған байланысты сенаторлар Серік Жақсыбеков пен Дариға Назарбаева үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады.

"Бізге өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мәселемен шығып отыр. Өз өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жұмыс жасап жатқан отандық компаниялар тұрақты түрде шетелдегі беделді тұқым жасаушы шаруашылықтарға, ғылыми-зерттеу институттарына жүгінеді. Алайда қазіргі кезде шетелдік осы институттар біздің өнім өндірушілермен ары қарай ынтымақтасудан бас тартуда. Олар мұны Қазақстанның өсімдіктердің жаңа сұрыптарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылмағандығымен және өсімдіктердің жаңа түрлерін қорғау бойынша халықаралық одағына мүше болып табылмайтынымен негіздейді. Қалыптасқан жағдай Қазақстанға әлемдік селекциялық жетістіктер мен технологиялардың келуіне тосқауыл болуда. Және бұл еліміздің аграрлық секторының дамуына теріс ықпал етуде", – деген сенатор премьерден аталған одаққа кіру мәселесін қарастыруды және жазбаша жауап беруді сұрады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу