25 тамызда Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Samsung Solve For Tomorrow 2026 жыл сайынғы республикалық стартаптар байқауының финалы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл финалға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген дарынды оқушылардан құралған 11 команда қатысып, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық жобаларын таныстырды. Байқаудың серіктесі – AYALA жеке қайырымдылық қоры.
Solve For Tomorrow байқауы Қазақстанда алтыншы рет өткізіліп отыр. Биыл оған 2 800-ден астам оқушы қатысып, заманауи сын-қатерлерді шешуге бағытталған 858 бірегей идея ұсынды. Қатысушыларға тиімді шешімдер әзірлеу үшін ғылым, технология, инженерия және математика (STEM) салаларындағы білімдерін қолданатын жобалар дайындау ұсынылды.

Мұқият іріктеу нәтижесінде 38 команда жартылай финалға өтті. 10 маусымда олар "Дизайн-ойлау" тақырыбындағы менторлық сессияға қатысу үшін Алматыға келді. Алған білімдері мен тәжірибесінің арқасында финалистер өз жобаларын айтарлықтай жетілдіріп, толықтыра алды.
Үш айға созылған белсенді жұмыстан кейін финалға өткен 11 жоба Астанаға жол тартты. Әр команда өз идеясын қазылар алқасының алдында таныстырып, таныстырылымнан кейін пайдалы кеңестер мен ұсынымдар алды. Оқушылардың жұмысын QazInnovations, MedHub HAQ, QAIRU, Astana Hub, Samsung Electronics және басқа да ұйымдардың сарапшыларынан құралған тәжірибелі қазылар алқасы бағалады.

Финалдық жобалар мен қатысушылардың таныстырылымдарын жан-жақты талқылағаннан кейін қазылар алқасы жүлделі орындарға ие болған үш үздік команданы анықтады:
1. Бірінші орын және 4 миллион теңге көлеміндегі жүлде Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің MKGA командасына бұйырды. Жас инноваторлар балалар үшін практикалық IT-білімнің қолжетімді болмауы мәселесін шешуді көздеп, күрделі немесе бағасы тым жоғары робототехника жинақтарына арзан әрі түсінікті балама ұсынды. Олардың шешімі – 3D-принтерде басып шығарылған OquBot үстелдік робот-аниматронигі. Ол OquBotIDE интуитивті блоктық бағдарламалау ортасы арқылы басқарылады.
2. Екінші орын және 2,5 миллион теңге көлеміндегі жүлде Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына берілді. Олардың EndoSim жобасы – эндоскопияны үйретуге арналған қолжетімді симулятор. Ол студенттер мен жас дәрігерлерге қымбат жабдықты пайдаланбай-ақ шынайы модельде тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. EndoSim қолданыстағы эндоскопиялық симуляторлардың жоғары құны – 30-дан 54 миллион теңгеге дейін болуы және олардың қолжетімділігінің шектеулілігі мәселесін шешуге бағытталған. Қазіргі уақытта мұндай жабдықтар негізінен Астана мен Алматыда шоғырланған.
3. Үшінші орын және 1 миллион теңге көлеміндегі жүлде Қарағанды қаласындағы "Дарын" мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының Asian Sharks командасына бұйырды. Оқушылар SAMRUQ.AI жобасын – IoT, сымсыз Mesh-желілер және жасанды интеллект негізінде әзірленген жерасты шахталарына арналған қауіп-қатерді алдын ала болжау аппараттық-бағдарламалық кешенін таныстырды. Жоба жерасты апаттарының алдын алуға және кеншілердің өмірін сақтауға бағытталған.

Сонымен қатар жүлдегерлерден бөлек, финалға шыққан сегіз команда өз жобаларын одан әрі дамытуға жұмсай алатын 300 000 теңге көлеміндегі сертификаттарға ие болды. Өткен жылдардағы көптеген финалистер осындай сертификаттарды өз идеяларын өндірістік деңгейге шығаруға сәтті пайдаланған.
"Алты жылдан бері Solve For Tomorrow жобасы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жас инноваторларға әлемді жақсы жаққа өзгертуге үлес қосатын бірегей мүмкіндік беріп келеді. Жыл сайын бізге көптеген өтінім келіп түседі, соның арқасында еліміздің барлық өңіріндегі оқушылар STEM-білім беру және стартаптар индустриясы саласында құнды білім мен тәжірибе жинақтай алады. Биыл ұсынылған жобалар қоғамымыздың дамуына үлес қосып қана қоймай, әлемді жақсартуға бағытталған идеяларды қалай жүзеге асыруға болатынын көрсетіп, қазақстандық жасөспірімдер үшін шабыттандыратын үлгі болады деп сенеміз", – деп атап өтті Samsung Electronics Central Eurasia корпоративтік маркетинг тобының директоры Берік Умаров.
Алдағы уақытта жеңімпаздар мен финалистер өз жобаларын дамыту үшін Samsung Electronics пен серіктес ұйымдардың жан-жақты қолдауына ие болады. Бұл олардың жобаларын дамудың келесі кезеңіне шығаруға мүмкіндік береді.
Жоба туралы толығырақ ақпаратты solvefortomorrow.kz ресми сайтынан алуға болады.

