Соңғы 10 жылда елімізде бизнес-ахуал қалай өзгерді?

Бұл туралы Алматы қаласы бойынша "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев айтып берді. 

Соңғы 10 жылда елімізде бизнес-ахуал қалай өзгерді? Фото: Максим Барышевтің жеке мұрағатынан

2013 жылы 9 қыркүйек күні ҚР Үкіметі және "Атамекен одағы" қазақстандық үкіметтік емес ұйымның бірлескен шешімімен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды.

Биыл жас кәсіпкерлерге қолдау, шаруаларға демеу болып, еліміздегі іскерлік ортаны бір арнаға тоғыстырған Палатаға 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде әлемдік және Қазақстан экономикасында көптеген өзгерістер болды. Мұның бәрі елдегі іскерлік белсенділік пен бизнестің жұмысына айтарлықтай ықпал еткені сөзсіз. Осы тақырып аясында inbusiness.kz тілшісі Алматы қаласы бойынша "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, Uchet.kz компаниялар тобының басшысы Максим Барышевпен сұхбаттасты.

– Максим Анатольевич, өткен 10 жылға көз жүгіртейікші. Қазақстандағы бизнес-климат қалай өзгерді?

– Әрине, 10 жыл қас қағым сәттей өте шықты. Бірақ, бұл аралықта көптеген өзгерістер болды. Атап айтқанда салықтық әкімшілендіру күшейді. Енді Мемлекеттік кірістер комитеті өзінің онлайн жүйелері арқылы бизнеске қатысты барлық мәліметті толық көре алады. Тәуекел деңгейлері де тағайындалады. Егер олар кәсіпкердің тәуекелі жоғары деп есептесе, кәсіпкерлік қызметін тоқтата алады. Жалақы мен дивидендтерге салық ауыртпалығының артуына байланысты бизнесті жүргізу де қазір оңай емес.

Әйтсе де, Президенттің тапсырмасымен шағын бизнеске айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылды. Мемлекет басшысы бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады: микро және шағын бизнесті үш жылға салықтан босатылып, 2023 жылдың соңына дейін оларды тексеруге мораторий енгізілді. Мұның бәрі бизнесті қолдау шаралары. 

– Заңдар мен бизнес ортадағы елеулі өзгерістерге кеңірек тоқталсаңыз.

– Бұл тұста салық заңнамасындағы соңғы елеулі өзгерістердің бірқатар оң жақтарын атап өткім келеді: шағын және орта бизнесті де қамтитын жеңілдетілген шарттармен бөлшек саудада салық салу режимін енгізу; шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн жалақыдан алынатын салықтарды 20% мөлшерлеме бойынша бiрыңғай төлемге шоғырландыру.

Ал қиындықтар туралы айтатын болсам, бірнеше өзгерісті атап өткім келеді: қосылған құн салығы шегін АЕК 30 мың еседен 20 мың еселенген АЕК-ке дейін төмендету. Сондай-ақ, дивидендтерге жоғарыда айтылғандай, 30 мың АЕК-тен асқан жағдайда 10 пайыздық мөлшерлемемен салық салына бастады. Бұрын дивидендтерге алғашқы үш жылда ғана 5 пайыздық мөлшерлемемен салық салынатын.

Салық кодексінің 2018 жылғы редакциясына 50-ден астам түзетулер енгізілді. Жаңартылған 2025 жылғы Салық кодексі түсінікті әрі бизнеске қолайлы құжат болады деп сенейік.

– Қазақстандағы бизнестің ерекшеліктерін атап өте аласыз ба? Біздің кәсіпкерлерге тән қандай өзгешеліктер бар?

– Қазақстандағы бизнестің ерекшеліктеріне келетін болсақ, біздің бизнесмендер өзін-өзі қысқа мерзімде ақтайтын кәсіп түрлеріне басымдық береді. Өтеу мерзімі үш жылдан асатын өндіріс орындарын ашатындар аз. Бұның бірнеше себебі бар. Елімізде шағын кәсіпкерлік субъектісінің көлемі өсе баса оған салықтық жүктеме де артады. Мәселен, компанияның бір жылдағы айналымы 69 млн теңгеден асса, онда кәсіпорын қосылған құн салығы төлейді.

Кәсіпорын одан әрі өсіп, меншік иесінің алатын таза пайдасы жылына 103,5 млн теңгеден асатын болса, дивидендтер бойынша бюджетке қосымша 10% жеке табыс салығын төленуі тиіс. Кәсіпорын одан әрі өскен жағдайда, жылдық айналым 1,121 млрд теңгеден асатын болса, корпоративтік табыс салығын алдын ала төлеуі керек.

Кәсіпкерлікте тәуекелдер жоғары. Мысалы, заңсыз тексеру. Алаяқтық. Соңғы уақытта бұл бағытта өзгерістер бар ма?

– Тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін енгізу, сондай-ақ жартыжылдық тексерулер кестелерін жасау кезінде кәсіпкерлік қызметті жоспардан тыс тексеру айтарлықтай қысқарды. Тексерулер кестелерін Бас прокуратура жарты жылда бір рет (25 желтоқсанға дейін және 25 мамырға дейін) жариялайды және кәсіпкерлік субъектілері тексерудің басталғаны туралы хабарлама алғанға дейін тексеруге алдын ала дайындала алады.

Сондай-ақ, Алматы қалалық прокуратурасы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік органдардың заңсыз тексерулеріне шағымдануға болатын signal24.kz сайтын әзірледі. Келісім-шарт жасамас бұрын контрагенттерді тексеруге болады. Цифрлық даму министрлігі мен Қаржы министрлігінің көмегімен компанияның нақты тіркеу мекенжайы, төленген салықтар және маңызды тәуекел критерийлері – салық қарыздары туралы деректер қолжетімді болды. Әрине, бұл цифрлық жетістіктердің барлығы алаяқтық қаупін азайтты.

– Сіз де кәсіпкерсіз. Ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп келесіз. Жеке бизнесіңізге тоқталсаңыз. Соңғы 10 жылда қандай да бір күрделі қиындықтармен бетпе-бет келген кездер болды ма? Мәселен, пандемия кезеңі сынды...

– Әлбетте "Учет" компаниялар тобында ең сәтті еңсерген қиындықтар, әрине, пандемия кезеңінде болды. Біз компаниямызды барлық қызметкерлер қашықтан жұмыс істей алатындай етіп қайта құрылымдадық. Қызметкерлер үйден жұмыс істей бастады. Біз телефония мен CRM жүйесінде автоматтандыруды орнатқаннан кейін, кейбір қызметкерлер бізде жұмыс істей жүріп, басқа елдерге де көшті. Қазір қызметкерлеріміздің арасында Өзбекстанда, Түркияда, Египетте, тіпті Балиде тұратындар да бар.

Сұхбатыңызға рақмет! Қызметіңіз бен бизнесіңізде табыс тілеймін!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу