Соңғы 30 жылда алғаш рет трамвайдың жаңа жолы салынды

3417

Енді Павлодарда екі шағын ауданға трамвай жүреді.

Соңғы 30 жылда алғаш рет трамвайдың жаңа жолы салынды Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар облысының орталығында Дачный және Усолка шағын аудандарына апаратын қоғамдық көліктің екі жаңа бағыты пайда болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін Мәжһүр Жүсіп және Ломов көшелеріндегі аялдамадан отырған жолаушылар жоғарыда аталған екі ауданға жету үшін бір трамвайдан екіншісіне ауысуға мәжбүр болатын. Әсіресе, бұл жоғары оқу орындары студенттеріне қолайсыздық тудыратын еді. Ал енді діттеген жерге жетуде қиындық болмайды.

"Павлодар қаласында 1990-ыншы жылдардан бері алғаш рет трамвайдың жаңа жолы салынып отыр. Оған қоса, бұл жол бұрылыстың болуымен ерекшеленеді. Бұдан былай Ломов көшесінің бойымен жүретін қоғамдық көлік оңға бұрылып, екі ауданға қатынай алады. Құрылыс барысында заманауи технологиялар қолданылды. Соның бірі – автоматты бағыттамалардың салынуы. Енді жүргізушілерге вагоннан түсіп, бағытты қолмен реттеудің қажеті болмайды", - дейді "Трамвай басқармасы" АҚ төрағасы Мүслім Махмұдов.

Жобаның жүзеге асуына 63 млн теңге жұмсалды. Трамвай басқармасының жұмысшылары жаңа жолды үш апта аралығында салды. Сөйтіп, бүгіннен бастап №12 және 14 трамвайлар жолға шықты.

Алдағы уақытта жаңадан салынып жатқан Достық шағын ауданына да қоғамдық көлік жолын тарту жоспарда бар. Биыл жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтсе, келер жылы құрылысты бастауға болады. Тек ол үшін мемлекеттік қазынадан 2 млрд 700 млн теңге көлемінде қаржы бөлінуге тиіс.

Сонымен қатар, көлік паркін жаңарту қажет. Трамвай басқармасы автономды режимде жұмыс істейтін 10 вагон сатып алуға ниетті. Соның есебінен қосымша станциялар, тірек бағаналар салуға жұмсалатын қаражат үнемделеді. Бірақ жаңа трамвайларды қолданысқа тапсыру үшін алдымен сол жолдардың өзін жаңарту керек. Павлодар қаласында қоғамдық көліктің бұл түрі жүретін жолдар соңғы рет осыдан 40-50 жыл бұрын жөнделген көрінеді.

Еске сала кетейік, елімізде тек үш қалада трамвай жүреді. Солардың ең ірісі – Павлодар. Мұнда күн сайын 68 трамвай жолға шығып, олардың әрқайсысы күніне 1 мыңнан астам жолаушыны тасымалдайды. Барлығы 115 вагон бар. Олардың барлығы электронды билет жүйесінің құрал-жабдықтарымен қамтылған.

Ажар Дәулетова

Фото: Константин Шелков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу