Американың boxing247.com сайтының журналисі, бокс шолушысы Джеймс Слэйтер 2020 жылы өтуі тиіс кездесулерге тоқталып өтіпті. Ол өз мақаласында Сауль Алварес пен Геннадий Головкиннің арасында соңғы кездесу өтуі тиіс деп айтыпты. "Алғашқы екі кездесу нақты жауап бере алмады. Алғашқысы тең аяқталды, екіншісінде Альварес жеңіске жетті. Алайда, екі кездесудің де нәтижесі дау тудырды. Бұл екі алыптың арасында кім мықты? Сауль ме, жоқ әлде Геннадий ме? Оған ешкім де нақты жауап бере алмады. Сондықтан да бұл екі боксшы тағы бір үшінші кездесу өткізуі тиіс" деп өз ойын білдіріпті шолушы.
Боксшылардың қазіргі салмағы әртүрлі. Дегенімен 160 фунт салмағына Сауль Алварес түсуі мүмкін. Мексикалық былғары қолғап шебері осы бір даулы кездесулердің соңына нүкте қойғысы келеді. Ал Геннадий Головкин үшін бұл спорттық ғұмырындағы соңғы бокс кеші болуы ықтимал. Егер осы кездесу өтіп, ол жерде Геннадий Головкин жеңіске жетсе онда қазақстандық кәсіпқой боксшы тағы бір атышулы кездесу өткізіп қалуы да ғажап емес. Алайда, екі боксшы кездескен күннің өзінде басты фаворит мексикалық Альварес болары анық.
Ермұхамед Мәулен