Соңғы сыннан сүрінбейміз

4337

Футзалдан Қазақстан құрама командасы Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу үшін соңғы сынға қатысады.

Соңғы сыннан сүрінбейміз

2020 жылы өтетін Әлем біріншілігінің алғашқы іріктеу сынынан Қазақстан құрамасы мүдірмей өтті. Қарсыластарының барлығынан басым түсіп, өз тобында бірінші орын иеленді. Енді електік кезеңнің екіншісі күтіп тұр. Егер бұл сыннан да сүрінбесек, финалдық кезеңге жолдама аламыз.

Жеребе тарту рәсімі бойынша Қазақстан құрамасына қарсылас болып Чехия, Румыния және Словения құрамалары түсті. Элиталық айналымның ойындары Чехияның Брно қаласында өтетін болды. Матчтар "Водова" спорт кешенінде ойналады. Бұл кешеннің сыйымдылығы небәрі 2900 жанкүйерлік екен. Жарыс 2020 жылдың 2-5 ақпан күндеріне жоспарланып отыр.

Сонымен 2 ақпан күні Қазақстан Румыния командасымен кездеседі. Сол күні Чехия мен Словения өзара кім мықты екенін анықтайды. Ал ертесіне, яғни 3 ақпан күні отандастарымыз Словения ұжымымен бақ сынасады. Бір күн демалыстан соң, 5 ақпан күні соңғы турда футзалшыларымыз Чехиямен кездеседі. Құрама команданың басты мақсаты – өз тобында бірінші орын алып Әлем чемпионатына жолдама алу. Екінші орын алып қалған жағдайда тағы бір өтпелі матч өткізуге тура келеді.

Футзал Әлем чемпионаты 2020 жылы 12 қыркүйек – 4 қазан аралығында Литвада өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу