Сорғы станциясы салынбаған магистральдан не пайда?

2092

Павлодарлықтар игіліктің қызығын көре алмай отыр. 

Сорғы станциясы салынбаған магистральдан не пайда?

Өткен жылы Павлодар қаласында 300-ден астам көпқабатты үйде жылу параметрлері төмен болып, тұрғындар қыс бойы бүрсең қағып шыққан еді. Сондықтан биыл облыс басшылығы ТМ-42 жылу магистралінің құрылысын бастап, оны небәрі 8 айдың ішінде аяқтады. Алайда жаңа желіні толығымен іске қосу үшін қажет сорғы станциясы әлі пайдалануға берілген жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Усолка мен Дачный шағын аудандарын жылытуға тиіс №42 жылу магистралінің құрылысына қазынадан 3 млрд теңге қарастырылды. Мердігер компания – "Ай-Су Мелиорация" ЖШС төрт шақырымдық құбырларды 8 ай аралығында салды. Бірақ жұрт әлі оның пайдасын көре алмай отыр. Мәселе мынада: жаңа жылу құбырлары №1 жылу-электр орталығынан 30 метр төмен орналасқан. Сол себепті орталықтан шыққан жылу нысандарға толық көлемде жетпейді. Бұл мәселені шешу үшін №6 сорғы станциясын орнату ұйғарылған еді. Бастапқыда жергілікті билік оны 15 қазанға дейін іске қосуды жоспарлаған болатын. Арада екі айға жуық уақыт өтсе де тиісті жұмыстар атқарылмай келеді.  

"Жұмыстың кешігуінің басты себебі – құралдардың тек 6 қарашада жеткізілуі. Сорғы станциясы технологиялық тұрғыдан қиын нысан болғандықтан, мамандарды қыспаққа алып, жұмысты тез арада аяқтауын талап ете алмаймыз. Десе де, қараша айының соңына дейін оны пайдалануға береміз", – деп өткен айда уәде еткен еді Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.

Қараша түгілі желтоқсанның бел ортасына жетсек те бұл уәде орындалған жоқ. Соның салдарынан екі бірдей шағын аудан тұрғындары тоңып отыр.

"Жалпы жыл басынан бері жылу параметрлеріне қатысты 300-ге жуық шағым түсті. Көп жағдайда Усолка мен Дачный шағын аудандарының тұрғындары пәтерлердің іші суық екенін айтады", – дейді "Павлодар жылу желілері" ЖШС өкілдері.

Жылумен қамтушы компания сорғы станциясы іске қосылмағандықтан, қолдан келер қайран жоқ екенін алға тартады. Ал бұл ретте жергілікті билік әлеуметтік әрі коммуналдық маңызы жоғары болып тұрған бұл нысанның нақты қашан қолданысқа тапсырылатынын дөп басып айта алмай отыр.

"Тұрғындар төлейтін салық есебінен жиналған бюджеттен 3 млрд теңге бөліп, жаңа магистраль салды. Әкімдіктегілер "Жаңа желілер жүргізілген соң тоңбайсыздар" деп уәдені үйіп-төкті. Алайда сөзінде тұрған жоқ. -30 градустық аязда үйде жаурап отырмыз. Сорғы станциясы жоқ магистраль жылуды тарата алмаса, миллиардтаған қаражатты неге жұмсады? Осы жұмыстың барлығын ертерек жоспарлап, жылу маусымы басталғанға дейін қосуға болмас па еді?", – деп ашынады Қайрат Әлханов есімді тұрғын.

Жергілікті биліктен мардымды жауап пен нақты іс болмағандықтан, қалалықтардың биыл да қыс бойы аңыраған пәтерде тұрамыз дегені күдігі басым болып тұр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу