Сот "Астана LRT" ісі бойынша шығарылған үкімнің күшін жойды

Іс прокуратураға қайтарылды.  

Сот "Астана LRT" ісі бойынша шығарылған үкімнің күшін жойды

Нұр-Сұлтан сотының сот алқасы елордада LRT салу кезінде ақша жымқыру фактісі бойынша шығарылған үкімнің күшін жойды және істі прокуратураға қайтарды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Сот алқасы 2021 жылғы 28 мамырдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың Рашид Аманжолов, Жанат Нұрпейісов, Талғат Әшім, Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мүсенов, Дәурен Әбдіхамитовке қатысты сот үкімінің күшін жою туралы шешім шығарды.
Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін елеулі бұзушылықтар мен қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын жою үшін қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласының прокурорына қайтарылады", – деді Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Абай Көкжалов.

Сотталушылардың "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды, оның мерзімі прокуратураға келіп түскен күннен бастап бір айға ұзартылады.

Шешім 18 қазанда күшіне енеді және кассациялық тәртіпте шағымдануға жатпайды.

Естеріңізге сала кетсек, 28 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Астана LRT" ісі бойынша үкім шығарды. Айыпталушыларға 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Кейін сотталушылардың адвокаттары сот үкімімен келіспейтінін, ұрлық фактісі дәлелденбегенін мәлімдеді.

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу