Сот шешімі: Samsung Apple’ге $539 млн төлеуге тиіс

3925

Патенттік дауда Американың технологиялық алыбы жеңіске жетті.

Сот шешімі: Samsung Apple’ге  $539 млн төлеуге тиіс

Смартфон технологиясында бұл ғаламдық патент шайқасы 2011 жылы басталды. Оның нәтижесі сол – өткен аптада АҚШ соты Кореяның Samsung Electronics Co. компаниясын Американың Apple Inc. фирмасына 539 миллион доллар төлеуге міндеттеді. Әу-баста Apple 1 миллиардқа жуық доллар сұрады. Бірақ, Samsung 28 миллионнан артық төлеуге келіспеді.

Калифорния штатындағы Сан-Хосе федералдық сотының судьялары бұл іске қатысты соңғы шешімді бейсенбі күні қабылдады. Сол үкімнің себебіне жүгінсек, оңтүстіккорялық компания Apple’дің үш дизайндық патентін бұзған. Атап айтқанда, Samsung өз смартфондарының бұрыштарын тура "айфонға" ұқсатып  доғал қылған, дисплейін жиектеген және иконкаларын тор тәрізді көрінетіндей етіп жасаған.

Samsung сот шешімімен келіспеді
"Бүгінгі шешім – дизайндық патенттің бұзылуына байланысты. Жоғарғы сот "Самсунгтің" мүддесіне лайық ортақ үкім шығара алмады. Біз әділ бәсеке мен тұтынушыларға және тапқырлыққа кедергі жасамайтын тәсілдердің барлығын қарастырамыз", – деп жазылған Samsung таратқан мәлімдемеді. Және де осы компанияның адвокаты Джон Кюйнн сот алдында айтқандай, Apple’дің мүддесіне қабылданған вердиктте ешқандай дәлел жоқ. Сондықтан, кореялық компания сотта өз наразылығын білдіріп, тағы да қарсы шағым түсіруге әзір.

Алайда, Apple жария еткен ақпаратқа жүгінсек, "айфон" шығарушы компания бұл дауды ақша үшін көтерген жоқ. Сонымен қатар, ол дизайн құндылықтарын және тұтынушыларды сүйсіндірген инновациялық өнім шығару жолында қажымай еңбек еткен командасын бағалағандықтан, сотқа жүгінгенін айтып отыр.

Жеті жылға созылған патенттік дау
Сотта басты сұрақ мынау болды: Samsung өз смартфондарын сата отырып, зиян келтіргені үшін пұл төлеуге тиіс пе, әлде  iPhone жасаушылардың патентін бұзғаны үшін ғана ақы өтеуге міндетті ме?

Samsung 2012 жылы америкалық қарсыласына 1 миллиардтан астам доллар төлеуге міндеттелгенді. Бірақ, арада бір жыл өткенде, кореялық компания қайта сот өткізуді талап етіп, кейбір зияндар үшін айыппұл төлеуге келісті. Ал, 2016 жылы іс АҚШ-тың Жоғарғы сотына жіберілді. Оның жаңа үкімі бойынша, Samsung енді Apple’ге 399 миллион доллар төлеуге тиіс болды. Тергеу мұнымен тоқтап қалмай,  Кореяның технологиялық гиганты қосымша 140 миллион төлеуге міндеттелді. Ал,  биыл мамырдың 25-де жарияланған үкімге байланысты, Samsung осы екеуінің қосындысынан пайда болған 539 миллион доллардың 533,3 миллионын дизайн патентін, 5,3 миллионын өнертапқыштық патентті бұзғаны үшін Apple’ге беруі керек.

Apple’дің жеңісі
АҚШ-тың Пенсильвания штатының Вилланова университеті Заң мектебінің профессоры Майкл Риштің сөзінше, Apple осы жолы үлкен жеңіске жетті. Ал, Samsung күресті әрі қарай жалғастырамын деп, орасан шығынға батты.

Apple’дің мүддесіне шешілген үкім – 2018 жылдың үшінші үлкен заңдық олжасы. "Блумберг" агенттігінің хабарлауынша, Apple биыл сәуір айында Техаста VirnetX компаниясымен патент үшін дауласып, ұтылып қалып, 502,6 миллион доллар төлеуге мәжбүр болған.

$539 млн – Samsung’тің екі апталық табысы
Samsung мобильдік құрылғыларды сатудан күніне 38,9 миллион, сағатына 1,6 миллион доллар табады. Сол пайданың көбі смартфон саудасынан түсіп отыр. Демек, оның бір бөлімшесінің өзі Apple’ге төлеуге міндеттелген соманы екі аптаның шамасында жинап бере алады.

Бірқатар сарапшылардың болжамынша, екі компания ғаламдық деңгейде алдағы уақытта да бәсекелесе бермек. Бірақ, соңғы кездері Қытайдың Huawei және Oppo компаниялары Samsung’тің нарықтағы үлесін азайта бастады. Apple болса аяғында нық тұр. Дегенмен, оның әлем смартфондар нарығындағы үлесі 16 пайыз болса, Samsung’тің үлесі 23 пайызға жетіп отыр.

Қазір смартфондар нарығы өсуін тоқтатты деген пікір жиі айтылады. Бірақ, Apple мен Samsung өз бетімен жүретін көліктерді, смарт-динамиктерді, шынайы көрсететін көзілдіріктерді, жасанды интеллект бағдарламаларын шығарудан дүниежүзінде әлі ондаған жылдар бойы бәсекелес болып қалуы мүмкін. 

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу