Сотқа жүгінушілердің қатары артып келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
1670

360 мың халқы бар Сарыарқа ауданында жыл сайын әр жетінші отбасы ажырасуға арыз жазады.

Сотқа жүгінушілердің қатары артып келеді

Астанада қаласы Сарыарқа аудандық соты бүгін өткен жылғы жұмысының қорытындысын жасады.

Жыл сайын сотқа жүгінушілердің саны артып келе жатқаны туралы дерек бар. Мәселен, 2015 жылғымен салыстырғанда 2016 жылы сотқа әртүрлі себеппен жазылған арыздар саны 2 780-ге көбейген екен. Бір жағынан бұл елдегі заңсыздықтардың көбейгенін көрсетсе, сала мамандары мұны азаматтардың сотқа деген сенімінің артқанының айғағы ретінде алға тартады.

2016 жылы Сарыарқа аудандық соты 15 433 азаматтық іске төрелік етіпті. Соның ішінде 5 мыңнан астамы шарттық-міндеттеме ісі. Яғни белгілі бір мәселеде келісімге келген азаматтар мен заңды тұлғалар кейін келісілген іс бойынша дауласып, сотқа жүгінген. Одан кейін ең көп қаралатын іс – банктік міндеттемелер. Олардың саны 2,5 мың айналасында. Соның ішінде жеке тұлғалардың банк қызметіне көңілі толмай немесе банктермен арада құрылған келісімшарттағы заңсыздыққа қатысты төрелік айтуға арыз жазылған. Одан кейінгі қазылар көп қарайтын азаматтық істердің қатарында неке-отбасылық қатынастар тұр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылы Астананың үштен бірі тұратын бұл ауданда ажырасуға қатысты 1400 іс қозғалған. Ал 2016 жылы ажырасуға арыз берушілер саны 100-ге азайған.

Небәрі 360 мың халқы бар аудандағы отбасы саны әрі кетсе, шамамен 100 мыңның айналасында десек, жыл сайын әр жетінші отбасы ажырасуға арыз жазады екен. Әрине, арыз жазғанның бәрі ажырасып кете бермейді. Қазының қатысуымен, одан қалды медиаторлардың араласуымен кей жұптар қайта татуласатын көрінеді. Дегенмен басым бөлігі бәрібір ажырасып тынады екен. Мәселен өткен жылы ажырасу жөніндегі 1300 өтініштің тек 118-ін ғана қайта татуластыру мүмкін болған.

Ажырасудың басты себебі ретінде сот қызметкерлері тұрмыс тапшылығы мен ішімдікті айтады.

Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ләйла Мұздыбаеваның айтуынша, ажырасқан жұптың 80 пайызы мұндай қадамға жоқшылық пен ішімдікке салыну кесірінен барған.

Сонымен бірге қазы қызметі коммуналды қызмет көрсетушілер мен оны тұтынушылар арасында дау-дамай туындағанда көптеп қажет етіледі. Өткен жылы сот шешімімен қала тұрғындарынан тұрғын үйге және коммуналды қызмет көрсету бойынша жалпы құны 115 990 462 теңгенің қызметіне шағым түсіп, оны өндіріп алуға арыз түскен.

Жыл сайын сот қызметіне деген қажеттіліктің артуына және оны тұтынудың күрделілігі бірер жыл бұрын Қазақстанда сот медиациясын құруға алып келгені белгілі. Осы орайда Сарыарқа аудандық сотының қызметкерлері де жыл сайын жазылатын арыздың ұлғайғанына қарамастан, медиациялық әдіспен ымыраға келушілердің де қатары көбейіп келе жатқанын айтады.

Сонымен қатар сот мекемелеріндегі "Сот кабинеті" электронды қызметі арқылы шағым жасаушылардың да қарасы көбейген. Мәселен осы қызмет енгізілгелі Астана қаласының бір ғана Сарыарқа ауданының сотына 16 609 талап-арыз түскен.

Жалпы елбасының бес ірі институционалды реформа негізінде қолға алынған шаралар аясында сот қызметін оңтайландыру мен халықтың үшінші билік өкілдеріне деген сенімін арттыру көзделген. Бұл тұрғыда жоғарғы сот қызметкерлері қазының жұмысын барынша ашық және әділ өткізу мақсатында жүйе жұмысын электронды түрге алмастырып, бейнежазба технологиясын қолдануға кірісіп кетті. Сонымен қатар таяуда негізі қаланған Қазақстанның медиаторлар ұйымы да алдағы уақытта қазы қызметін оңтайландыра түседі деген үміт бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу