Сотталған судья-полицейлерді жеке ұстайтын түрмелерден бас тартпақ

7777

Қазақстанда құқық қорғау органдарының және соттың сотталған қызметкерлеріне арналған екі түрме бар, екеуі де Шығыс Қазақстан жақта орналасқан. Жасыратыны жоқ, полицейлер және судьялар көп соттала бермейді. Мысалы, бір жылда 7, соңғы 5 жылда – 17 Фемида өкілі жемқорлығы үшін жазаланған.

Сотталған судья-полицейлерді жеке ұстайтын түрмелерден бас тартпақ

Батыс елдерінде, өзге мемлекеттерде қылмыс жасап, жауапкершілікке тартылған құқық қорғау және сот қызметкерлеріне мемлекет "қылмыскер" деп, өзгелермен бірдей қарайды, тиісінше, өзге қылмыскерлермен бірге отырғызады. Тек қылмысының ауырлығына қарай әртүрлі деңгейдегі түзеу мекемелеріне бөледі.

Ал кеңес өкіметі басқа жолмен кетті. Себебі, байларды кәмпескелеу, азаматтық соғыс, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кезінде "қызыл жағалылардың" халыққа тізесі қатты батты, қаншама адамның түбіне жетті. Оларға ел өшікті. Содан кеңестік пропаганда милиционерлерді қанша дәріптегенімен, қоғам оларды "қоқысқа" теңейтін.

Нәтижесінде, азат Қазақстан КСРО-ның кесірлі құбылыстары тәуелсіз еліміздің төл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтірмеуі үшін милиция атауына бірден бас тартып, дамыған елдер қабылдаған "полиция" терминіне көшті.

Алайда қылмысқа қолы мен арын былғаған тәртіп сақшыларын жеке қамау тәжірибесінен бас тартпады. Бас прокуратура Жаңа Қазақстанда одан да арылуды ұсынып отыр.

Бұл бастама ведомство әзірлеп жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін бір мезгілде түзете отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қарастырылған.

Бас прокуратура ескі тәжірибе салдарынан Қазақстанның "қылмыстық-атқару жүйесінің қолда бар ресурстары оңтайлы пайдаланылмайды" деген қорытындыға келіпті.

"Бүгінгі күні республиканың пенитенциарлық жүйесінде соттарда, құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарда (ҰҚК) бұрын жұмыс істеген сотталғандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің екі мекемесі бар. Бұлар – Семей қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары ОВ-156/14 мекемесі және Шығыс Қазақстан облысының Шуақ кентінде орналасқан ОВ-156/18 орташа қауіпсіздік мекемесі. Семейдегі мекеме 730 адамға арналған, онда 330 сотталған отыр. Шуақтағы мекемеге 510 адам сияды, онда тек 228 сотталған ұсталады. Мұндай сотталғандардың аздығына байланысты олар үшін ҚАЖ-дың жеке мекемесін ұстау орынсыз", – деп түсіндірді аталған жобадағы ұсынысын Бас прокуратура.

Ведомствоның хабарлауынша, ұсынылған заңнамалық түзетулер қабылданған жағдайда бұл сотталғандар жеке қанатта, оқшауландырылған, локальды учаскеде ұсталатын болады. Ал олардан босаған "қалған камералар сотталғандардың басқа санаттарын ұстау үшін пайдаланылады".

Сондықтан қылмыстық-атқару жүйесін оңтайландыру және бас бостандығынан айырылғандарды ұстау шарттарын жақсарту мақсатында тұтас мекемені әлгі санатқа арнау тәжірибесі жойылуы ықтимал.

Бұл ұсынысты қоғам құптайды. Құқықтанушы Валерий Филиппов ондай бастаманың бұрын жүзеге асырылмағанына, ондаған жылдар бойы ел қаржысын босқа шашып келгеніне қайран қалады.

"Өзге колонияларда сотталғандар ұжымдық түрде, ұйлығып тұруға мәжбүр. Қазақстан еркіндігінен айырылғандарды камераларда жеке-жеке ұстауға міндеттеме қабылдады, мекеме жетіспегендіктен оны қамтамасыз ете алмады. Егер экс-полицейді немесе экс-судьяны өзге сотталғандар жазым етеді, залал келтіреді десе, оларды өзге контингенттен оқшау блокта ұстауға болатын еді. Өйткені сотталғандар арасында бейкүнә, жала жабылып кеткен азаматтар болуы мүмкін, олар кәнігі қылмыскерлермен бірге отыруға мәжбүр. Ал соған жол берген, нағыз қылмыскер болып табылатын, ниеті арам адамдарға айрықша жағдай жасап қойған", – дейді заң маманы.

Жалпы, түрмелерді ұстап тұру мемлекетке қиынға түсуде екен. Сол себепті, егер Парламент құптаса, тағы бір жаңашылдық өмірге жолдама алуы мүмкін: түзеу мекемелерін әкімдіктерге де қоса қаржыландыруға тура келмек.

Бас прокуратура қазір жергілікті биліктің қоса қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылмағанын жеткізді.

"Сонымен бірге "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңның 27-бабының 1-тармағына сәйкес, облыс әкімдіктеріне өңірлердегі қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті және құқық бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз етуді ұйымдастыру жүктелген. Бұған бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан адамдар үшін алдын алу жұмыстарын жүргізу, оларды босатуға және қоғамға біріктіруге дайындау айтарлықтай әсер етеді. Бірақ жергілікті органдар осы жұмыстың жай-күйіне ықпал ете алмайды, ҚАЖ жүйесінің мұқтаждықтарын қаржыландырмайды", – деп түсіндірді меморган.

Ведомствоның дерегінше, бүгінде "пенитенциарлық жүйеде қаптаған проблема қордаланып жатыр, олар жеке камерада ұстауға көшуге, күзет құралдарын жаңғыртуға, пробация қызметінің проблемаларына және басқасына қатысты".

Сарапшылар қазіргі дағдарысты уақытта республикалық бюджет мұның бәрін жалғыз өзі көтере алмайды деген тоқтамға келіпті.

Осыған байланысты жаңа заң жобасында ҚАЖ жүйесін қос тараптан, яғни республикалық және жергілікті бюджеттерден тең қаржыландыру ұсынылмақ. Ұқсас үлгі қоғамдық тәртіп саласында бар: мысалы, Полиция департаменттері республикалық бюджеттен де, жергілікті әкімдіктен де қаржы алатын көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу