Soyle.kz латын графикасын меңгертеді

10166

Қазақ тілін Youtube платформасынан үйренуге болады.

Soyle.kz латын графикасын меңгертеді

Астанада Soyle.kz онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы, Android, iOs платформаларындағы Balasoyle мобильді қосымшасы, "Ұлы дала аңыздары" веб-графикалық романдар сериясы сондай-ақ қазақ тілін үйренуге арналған Soyletube видеожобасы таныстырылды.

Soyle.kz онлайн-курсы күні бүгінге дейін қазақ тілін меңгергісі келетін орыс тілді қолданушылар үшін ғана қолжетімді еді. Бұдан былай жетілдірілген онлайн-курсты шет елде тұратын қазақтар мен ағылшын тілінде сөйлейтін адамдар да оқи алады. Айта кетейік, Soyle.kz арқылы латын графикасын меңгеруге болады.

"Soyle.kz порталында 115 мыңнан астам адам тіл үйреніп жатыр. Бүгінге дейін оны 5 миллионнан астам ел және шетел азаматтары қолданды. Әлеуметтік желі арқылы күн сайын 30 мың адам қазақ тілін оқиды. 2016 жылдан бері Soyle.kz әдістемесі бойынша Skype арқылы қазақ тілін оқыту сабақтары тегін жүргізіліп жатыр", – деді жиында ҚР тұңғыш президенті - елбасы қорының баспасөз-хатшысы Оксана Лоскутова.

Оның сөзінше, Balasoyle мобильді қосымшасы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қазақ тілін ойын арқылы үйретеді. Жоба балалардың дұрыс сөйлеуіне, грамматика ережелерін меңгеруіне, сөздік қорын қалыптастыруға ықпал етеді.

"Ұлы дала аңыздары" жобасы "Ұлы махаббат туралы жеті хикая" және "Қазақ жерінің ұлы батырлары" атты бөлімдерден, сонымен қатар қазақ халқының ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен тарихы мен аңыздарынан тұрады. Барлық аңыздар көпшілікке Қазақстанның киелі жерлері туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді", – деді Оксана Лоскутова.

Басқосу барысында мемлекеттік тілді дамыту қоры танымал Youtube бейне-платформасында тілді меңгеруге арналған пайдалы бейнесабақтар топтамасын әзірлегені жарияланды. Бұл туралы қор директоры Азат Шәуеев: "Бейнесабақтар қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді жетілдіруге бағытталған және күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын мысалдардан тұратын диалог түрінде түсірілген. Бейнесабақтарды тілді жаңадан үйрене бастаған және оны меңгеріп алғандарға көмектесетін ресурс деп қабылдау керек. Бүгінге дейін Youtube бейнеплатформасына 8 бейнеролик жүктелді", – деді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу