Спорт пен мәдениет қатар жүреді

Светлана Умыргалеева Светлана Умыргалеева
17492

Қысқы универсиада – 2017 қонақтарды тек спорт жетістіктерімен ғана емес, сондай-ақ мәдени іс-шаралармен де қуантпақ. 29 қаңтардан 3 ақпанға дейін Алматыда өтетін универсиада күндерінде тағы бір маңызды оқиға – әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен Ballet Globe халықаралық балет фестивалі өткізіледі. 

Спорт пен мәдениет қатар жүреді

Бір қарағанда, үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын спорттық және музыкалық оқиғалар бір-бірімен қалай байланыспақ? Мәселе мынада, дәстүрлі түрде спорттық универсиада кезінде бүкіл әлемде "Мәдени универсиада" деген атпен сан түрлі мәдени іс-шара өткізіледі. ArtClassic компаниясының арқасында Алматы да бұл игі істен қалыс қалмай, өз қонақтарын жан-жақты бағдарламамен қуантпақ.

Айтты – орындалды!

Компанияның бас директоры Ерлан Андағұлов пен атқарушы директоры Данияр Шманов өз бастамаларымен Ресей, Франция және Швейцарияға бірқатар іскерлік сапармен барып, Сан-Петербордағы Context фестивалінде болған, оның басшысы прима-балерина Диана Вишнева және балет әлемінің негізгі жұлдыздарымен келіссөз жүргізіп, әр орындаушының репертуарын жан-жақты талқылаған.

"Нәтижесінде біз жұлдыздардың жұмыс кестесін ескеріп, мінсіз бағдарлама жасай алдық. Шетелдік жұлдыздармен жұмыс тәжірибеміздің болуы Германия, Ұлыбритания, Испания және Франциядағы жалпы хореографиялық өнерді жете түсінуімізге септігін тигізді. Ал кәсіби байланысымыздың болуы біздің алдымыздағы көптеген есікті айқара ашты", – дейді Ерлан Андағұлов

"Мінсіз" бағдарлама әлемнің классикалық мұрасының жауһарларын қамтыды – Париж операсының әртісі Жозуа Хоффальт пен Ресей Үлкен театрының прима-балеринасы Евгения Образцованың қатысуымен Адольф Аданның музыкасына жазылған "Жизель" спектаклі; Петр Чайковскийдің "Аққу көлі", мұнда басты партияларды Америка балет театрының жарқын жұлдыздары – прима-балерина Джиллиан Мёрфии, премьер Кори Стернз сомдамақ; Ресей Үлкен театрының прима-балеринасы Нина Капцова және премьерлері Михаил Лобухин мен Артем Овчаренконың қатысуымен Сергей Прокофьевтің "Ромео мен Джульетта" спектаклі.

"Фестивальдің бірегейлігі сол, біз балет жолына енді қадам басқан жас орындаушыларды емес, әлемді мойындатқан өз партиясының үздіктерін шақырып отырмыз. Олардың барлығы  Гранд Опера, Ковент Гарден, Үлкен театр секілді әлемнің үздік театрларының жетекші әртістері және оларды фестивалімізге қатысуға шақыру оңай шаруа болған жоқ. Осы мақсатта біз үнемі балет өнерінің жаңалықтарынан қалыс қалмай, әртістердің қайсысы мықты екенін бағамдап отырамыз. Бұл жолы біз әлемнің көрнекті балет державалары – Ресей, Франция, АҚШ-тың классикалық репертуар орындаушыларын тарттық. Келесі фестивальге жанр шекарасын кеңейтіп, заманауи хореографиялық қойылымдарды енгізгіміз келеді", – деп баса айтты Ерлан Андағұлов.

"Бұл – бизнес емес, хобби"

Ballet Globe – Қазақстан балет өнері саласындағы көпшілік жоба секілді коммерциялық жоба емес екенін айтады ұйымдастырушылар.

"Біз үшін бұл – бизнестен бұрын, хобби. Себебі әлемнің жетекші орындаушыларының өнер көрсетуі дегеніміз – нағыз мереке ғой, ол тек қана Қазақстан көрермендеріне ғана емес сонымен бірге біздің әртістерімізге, өскелең ұрпаққа жақсы көңіл-күй, толғаныс, терең ой мен қуаныш сыйлайды. Мұндай сапалы орындау деңгейі біздің әртістеріміздің бойында өз кәсіби шеберлігін шыңдауға деген талпынысын оятады", – деген ойымен бөлісті Ерлан Андағұлов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің енді бір мақсаты – Абай атындағы ГАТОБ балет труппасының шақырылған жұлдыздармен өткізетін дайындық жұмыстары арқасында еліміздің әртістерінің шеберлігін шыңдау. Осы мақсатта фестиваль аясында Александр Селезнев атындағы Алматы хореография мектебінің оқушыларына арнап фестиваль қонақтарымен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылмақ. Данияр Шмановтың айтуынша, мұндай кездесулер өте маңызды, себебі бұл – оқушылардың үлгі алатын тұлғалармен тірі қарым-қатынас жасау мүмкіндігі. Бұл, әрине, жастарға өз күшіне сеніп, әлемнің үздік сахналарын бағындыруға түрткі болары анық.

Одан бөлек фестивальді ұйымдастырушылар отандық бизнес-құрылымдарға мәдениет пен өнердің мүмкіндігін көрсетпек.

"Бүгінгі күні батыста өнер бизнес үшін тартымды әрі сәнді салаға айналып жатса, бізде бұл мүмкіндік толық деңгейде қолданылмай отыр. Әр жаңа жобамен мүмкіндік кеңейіп келеді. Қазір біз серіктес болуға мүдделі жаңа брендтер мен компанияларды тартып отырмыз, ал олардың қолдауы, өз кезегінде, біздің жобаларды естен кетпестей жарқын етуге көмектеседі", – дейді Art Classic компаниясының продюсері Мансұр Ысмағанбетов.

ArtClassic компаниясы белсенділерінің болашаққа деген жоспарлары көп және Қазақстан көрермендерін әлем деңгейіндегі әртістердің шығармашылығымен таныстыруды мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, фестиваль 3,4,5 ақпанда Абай атындағы  қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында өтпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу