Срджан Благоевич: "Техникалық жеңіліске қатысты бар кінәні өз мойныма аламын"

1780

Елордалық клуб матч регламентін бұзып, "Шахтерға" үш ұпай сыйлады.

Срджан Благоевич: "Техникалық жеңіліске қатысты бар кінәні өз мойныма аламын"

"Астананың" бас бапкері Срджан Благоевич "Шахтермен" өткен ойынның нәтижесін (0:0) қорытындылады.

- Срджан, қалайша алаңда бірден 7 легионер болды?

- Иә, біз не болғанын білеміз. Бұл сәтте негізінен, Педроның орнына Камара шығу қажет болған. Бірақ Денис Поляков жарақат алып қалды. Мұның бәрі мұқият болмағанымыздың кесірінен болды деп айта аламын және барлық кінәні өз мойныма аламын. Барлығынан кешірім сұраймын. Бірінші кезекте алаңға шығып, соңына дейін күрескен футболшылардан кешірім сұрағым келеді. Бұл қателік. Басқа ештеңе айта алмаймын. Кешірім өтінемін. Егер бұл менің кінәмді жеңілдете алса, әрине.

- "Астана" қорғаныста белсендірек, ал шабуылда нашар ойнады. Ол неге байланысты?

- Бұл чемпионаттың бірінші ойыны. Ол әрқашан қиын болады және барлығы қысымды сезінеді. Бізге батылдық, күш пен агрессия жетіспеді және допты оңай жоғалтып алдық. Жаттығуда жасап көрген әдістерімізді пайдалана алмадық. Біз орын алған жағдайға қарамастан матчты талдаймыз және жұмысты жалғастырамыз.

- Ойын барысында Брайанның жиі алаңның ортасына ойысып, "Шахтер" ойыншылары үшін өз қапталын босатқаны байқалды. Неліктен?

- Брайанға келетін болсақ, бізде нақты ойын жоспары бар. Қауіпті шабуылдарды алаң ортасы арқылы жасап, "Шахтердың" ойынында көрген кейбір қателіктерді пайдаланғымыз келді. Бұл тактикалық идея болды. Кейде нәтиже берді, кейде болмай жатты.

- Допқа иелік етуде басымдық беретін комбинациялық футболды жақсы көретініңізді білеміз. Айтыңызшы, сіздің бұл ойыныңызды қашан көре аламыз?

- Бұл ауқымды процесс және уақыт пен көп жұмысты қажет етеді. Әрине, біз күн сайын алға жылжудамыз. Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында қиындыққа тап болдық. Кейбір ойыншылар командаға кеш қосылды. Сонымен қатар біз әлі трансферді аяқтаған жоқпыз. Мысалы, Камара кеше ғана келді. Біз шыдамдылық танытуымыз керек. Сонда ғана нәтижеге жетеміз деп ойлаймын. Әсіресе жанкүйерлер сабыр сақтауы қажет. Олардың қолдауы біз үшін маңызды.

- Мохаммед Камара клубқа енді ғана қосылды. Матч алдында оның бүгін дебют жасайтынын жоспарлап па едіңіз?

- Мұны жоспарлаған жоқпыз. Шынымды айтсам, мен оның команда ішіндегі, стадион мен киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфераны сезінгенін қаладым. Бірақ матчтың соңғы 10-15 минутында гол соғу үшін не істей аламыз деп ойладық. Сондықтан ол алаңға шықты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу