Стадионға жарымаған "Оқжетпес"

2305

Өткен жылы "Оқжетпес" мықтыларға азу көрсетіп, ел есінде қалды. Көкшетау командасы жаңа маусымда да өз биігінен түспеуді көздейді. 

Стадионға жарымаған "Оқжетпес"

Қазір ойыншылар мен жаттықтырушылар штабы Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр.  "Оқжетпес" үшін өткен маусым табысты болды. Көкшетаулықтар премьер-лигаға оралып, бірден жетінші орыннан көрінді. "Оқжетпес" премьер-лигада тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Алайда команданың инфрақұрылымы мәз емес. Көкшетаулықтар көктемде стадион алаңы дайын болмағандықтан өз ойындарын "Астана-аренада" өткізіп келді. Қазір "Оқжетпестің" әйелдер және футзал командасы бар. Соған қарамастан Көкшетауда дені дұрыс стадион әлі жоқ. 
"Осы жылы Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы бізге тапсырма берді. Команда жоғарғы нәтижелер көрсетуіге тырысуы тиіс. Сонымен қатар, бір-екі жылда стадион салып береміз деп отыр", дейді "Оқжетпес" ФК директоры Ерлан Бөтембаев.       
Қазақстанның танымал футболшысы Андрей Карпович жаттықтырушы қызметін де жақсы бастады. Өткен маусым басында "Оқжетпес" командасының тізгінін ұстаған ол өз біліктілігін көрсетті. Карпович Көкшетауға келмей тұрып, "Қайратта" бас бапкердің міндетін атқарушы болып еңбек етті. Жас маманның жұмысына сыни көзбен қарағандар көп болды. Тіпті көпшілік "Оқжетпес" бірінші лигаға қайта оралады деп тон пішкен еді. Алайда Карпович бастаған команда турнир кестесінің бел ортасынан орын алды. Клуб басшылары Андреймен келісім-шартты тағы бір жылға созды. Қазір "Оқжетпес" маусымға жаңа команда жасақтап жатыр. "Оқжетпес" премьер-лиганың мықтыларына қарсы жақсы ойын көрсетіп жүр. Көкшетау футболшылары өткен маусымда бас жүлдеден дәмелі "Қайратты" қапы қалдырып, ел чемпионы "Астанамен" ұпай бөлісті. "Оқжетпес" биыл да сол биіктен төмен түспеуді көздейді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу