Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев жаңа заң жобасы аясында сталкинг үшін нақты қандай жауапкершілік көзделгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қаралып отырған заң жобасының аясында Қылмыстық Кодекске 115-1 бапты енгізу ұсынылған. Ол сталкинг – қудалау үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді. Басқа да адамдарға қатысты жүйелі түрде қорқыныш, мазасыздық тудыратын немесе қолайсыздық келтіретін жағымсыз қудалау деген мағынада. Осы қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттер үшін жеке қарастырылғанымен, сталкингтің жекелеген элементтері Қылмыстық кодекстің кейбір баптарымен ішінара қамтылуы мүмкін. Қолданыстағы нормалар болған жағдайда сталкингті жеке бөліп көрсету қаншалықты орынды?" – деп сұрады сенатор Сәкен Арубаев.
Бұл сауалға Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев жауап берді.
"Расында да, сталкингті енгізіп отырмыз. Сталкинг – адамның мазасын алып, әлеуметтік желілерде, көшелерде оның ізінен түсіп, қоңырау шалу. Біз сол үшін жауапкершілікті енгізіп жатырмыз. Себебі бұл сталкингтен кейін одан әрі қарай ауыр қылмыс жасалынбас үшін соның алдын алып отырмыз. Мысалы, сталкинг кезінде жәбірленушіне қасақана аса ауыр жарақат келтірсе, ол кезде адамның іс-әрекеттері Қылмыстық Кодекстің баптарымен сараланады. Мәселен, сталкинг жасап, аса ауыр дене жарақатын келтірсе, сталкинг және 106-бап (ред. – Қылмыстық Кодекс, "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") бойынша сараланып, екі бап бойынша жауапкершілікке тартылады", – деді Әсет Шыңдалиев.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев сталкинг үшін нақты қандай жауапкершілік көзделгенін нақтылады.
"Айыппұл және 50 күнге дейін қамауға алу", – деді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кету керек, бұған дейін адам аңдығандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жазғанбыз.