Станимир Стойлов Швейцарияға 24 футболшыны алып кетті

1933

Соңғы ойын еш нәрсені шешпесе де, Астана футбол клубы Еуропа лигасының соңғы ойынын жеңіспен аяқтамақшы.

Станимир Стойлов Швейцарияға 24 футболшыны алып кетті

Олар қазіргі таңда Швейцарияда жүр. Цюрихке жақын жердегі Регенсдорф қаласында орналасып, оқу-жаттығуларын бастап та кетті. Осы жерде біздің чемпионаттың 3 дүркін жеңімпазы Астана 6 желтоқсанға дейін жаттығып, арасында жергілікті Баден командасымен 4 желтоқсанда жолдастық кездесу өткізеді.

Бұдан кейін Еуропа лигасындағы соңғы топтық матчта 8 желтоқсанда Янг Бойз клубына қарсы ойнайды. Жалпы, Станимир Стойлов Швейцарияға 24 футболшымен кетті.

Олар:

Қақпашылар – Ненад Эрич, Александр Мокин, Абылайхан Дүйсенов.

Қорғаушылар – Дмитрий Шомко, Юрий Логвиненко, Марин Аничич, Евгений Постников, Абзал Бейсебеков, Сергей Малый, Біржан Күлбеков, Игорь Шитов, Аманбол Әлиев.

Жартылай қорғаушылар – Азат Нұрғалиев, Геворг Наджарян, Асхат Тағыберген, Серікжан Мұжықов, Агим Ибраими, Абай Жүнісов, Неманья Максимович, Рохер Каньяс.

Шабуылшылар – Патрик Твумаси, Джуниор Кабананга, Роман Мұртазаев, Джордже Деспотович.

Швейцариялық клубтың ресми сайтына жүгінсек, Янг Бойз – Астана матчына билеттер сатылып жатыр. Ең арзан билеттің құны – 25 швейцар франкі, яғни, теңгеге шаққанда 8280 тенге. Стадиондағы орындар – 11600 тг, 14900 тг, 19880 тг, 23200 теңгеден сатылып жатыр. Ал ең қымбаты 90 франк,шамамен, 30 мың теңгедей болады.

Билеттерді интернет арқылы және ел астанасы Берндегі Стад де Сюисс стадионынан табуға болады. Естеріңізге сала кетейік, бұл матч шамамен Астана уақытымен желтоқсанның 8-нен 9-на қараған түні, 12-лерде басталады.

Тағы бір еске саларлық жағдай, бұл екі команда да алғашқы топтық раундтан әрі аса алмады. Келесі раундқа бұл топтан тек Олимпиакос пен АПОЭЛ жолдама алып қойған. Олар сол түні 1-орын үшін ойнаса, Астана мен Янг Бойз жарыстан шығып қалғандарына қарамастан, осы топтағы рейтингтік 3-орын үшін бәсекеге түседі.

Осы матчқа қатысатын біздің жас легионер ойыншы Неманья Максимовичке шетелдік клубтар құда түсіп жүр. 21 жасар сербиялық жігіт өзінің әдемі ойын өрнегімен көзге түсіп жүргені жасырын емес.

2017 жылдың маусым айында Максимовичтің Астанамен келісім-шарты аяқталады. Сол себепті, ол бірінші болып көз тіккен Лиссабонның Спортинг клубына кетуі әбден мүмкін. Алайда, соңғы сәтте бәрі өзгеріп жатады. Сондықтан, қорытынды жасау әлі ерте, оның үстіне, кезінде Црвена Звездадан шыққан бұл жартылай қорғаушыға испанияның Севильясы мен Франция чемпионатының азулы командаларының бірі – Монако клубы да көз тігіп жүр деген ақпарат бар.

Астана футбол клубының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сенсек, команда Астана футбол клубының бойтұмарын ойлап таппақшы. Және сол үшін арнайы байқау жариялап қойыпты. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар бар көрінеді. Бұл байқау екі кезеңнен тұрады делінген. Алғашқысы желтоқсанның 2-сі мен 22-сі аралығында өтеді.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу