Станислав Черчесов: "Тобылдың" жайдан-жай чемпион болмағаны анық

2228

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде "Тобыл" мен "Ференцварош" командалары кездеседі. Матч бүгін, 6 шілде күні Қостанайдағы орталық стадионда елорда уақытымен 20:00-де басталады.

Станислав Черчесов: "Тобылдың" жайдан-жай чемпион болмағаны анық

"Ференцвароштың" бас бапкері Станислав Черчесов УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында "Тобылмен" болатын ойынға қатысты пікір білдірді. Ресейлік маман бүгінгі ойында жеңіске жететініне сенімді болып отыр.

– Ұзақ жол мен уақыт айырмашылығы команда үшін мәселе болуы мүмкін бе?

– "Мәселе" дегеннің біздің сөздік қорымызда жоқ екенін бәрі біледі. Қалай ұшу керектігін дұрыс есептедік. Жақсы ұшақпен келдік, жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Уақыт айырмашылығы бар. Бірақ біз қалай дайындалу керектігін білеміз, тәжірибеміз жеткілікті. Қайталап айтамын, алда ойын күтіп тұр. Біз оған ештеңеге қарамастан дайын болуымыз керек.

– Маусым алдындағы дайындық туралы не айтасыз? Команданың жағдайы қалай? "Тобылмен" болатын кездесу жайлы не ойлайсыз?

– Ойынның қалай болатынын айта алмаймын. Өйткені болашаққа көз жүгірту қиын. Әрине, біз дайынбыз. Не істеу керектігін білеміз. Бірақ өз мақсатына жету үшін ойнайтын қарсыласты да ұмытпауымыз керек. Дайындық пен оқу-жаттығу жиындарына келер болсақ, 10 ойыншымыз ұлттық құрама сапында болып, екінші оқу-жаттығу жиынына ғана қосылды. Біз 5 жолдастық матч өткіздік. Аталған ойыншылар үш кездесуге толық қатысты. Өз мүмкіндігімізді барынша пайдаландық. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

– Осы жазда командаңызға төрт жаңа футболшы қосылды. Олар қостанайлық командаға қарсы матчта алаңға шыға ма?

– Олар бізбен бірге осында келді. Бізде ертеңгі ойынға арнап жоспар құруға 24 сағат бар. Әрине, олардың біреуі алаңға шығуы әбден мүмкін. Жағдайға байланысты шешім қабылдаймыз.

– "Тобылдың" күшті жақтарын байқадыңыз ба?

– Байқағанымды, көргенімді айтпай-ақ қояйын. Команданың жай ғана чемпион болмайтыны анық. Биылғы маусым ойдағыдай басталмаса керек. Сондықтан бапкері ауысты. Қайталап айтамын, біз ертең чемпионмен ойнаймыз. Команда жақсы ойыншылардан жасақталған.Сондықтан қиын кездесуге дайындалып жатырмыз.

– Стадион қалай екен?

– Алаңға әлі шықпадым. Сыртынан қарағанда жақсы көрінеді. Менің түсінуімше, "Тобыл" бұл жерде алты ай бойы ойнамаған. Тек бір ғана матч өткізіпті.

– Қостанайдағы климаттық жағдайлар матчқа қалай әсер етуі мүмкін?

– Будапештте қазір 35 градус ыстық. Ол жақпен салыстырғанда мұнда қыс болып тұр.

– Қазір Қазақстан чемпионаты нағыз қызған шағында тұр. Ал Венгрияда маусым әлі басталмады. "Ференцварош" Аустрияда оқу-жаттығу жиынын өткізді. Командаңыздың осы матчқа дайындық деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Чемпионат ойындары болып жатқанда команданы реттеу оңайырақ болады. Венгрияды футбол маусымы әлі басталмады, бірақ бұл ештеңені білдірмейді. Алда іріктеу матчы келе жатыр. Дайындық жағынан жоспарлағанымызды орындадық.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу